
Өркендеп Адам деген алмас тұлғам,
Сан ғасыр тарих жүгін алмастырған.
Қарт қалам Жібек жолы бойындағы,
Батыс пен Шығыс елін жалғастырған.
Адамдық қасиет пен ары азбаған,
Дана, батыр, жырауға араз ба адам?!
Әлемдік жылнамалар беттерінен,
Тарихи орын алған Тараз қалам.
Сөреде сүрінбесе бай талабым:
Жұмбағын жыр тілімен айта аламын.
Анықтап берер Тараз қазбалары,
Қола мен Сақ дәуірі тайпаларын.
Көңілімді көншітпей жылға маған,
Ой іздесем таулы өлке, қырға барам.
Қасиетті батыр қыз Айша бибі,
Махаббатын кім бүгін жырламаған.
Мысын сөзбен қайтарған кектілердің,
Мекені бұл мызғымас тектілердің,
Шықтай мөлдір мейірім, сұлулықтың,
Хош иісті гүл бағы деп білемін.
Тақпай еш Тараз сынды тұраққа мін,
Кезінде жаққан Қаңлы, Ғұн оттарын.
Шыңғыс пен Шерхан ағам тартқан балдай,
Сарқылмас нәрлі білім бұлақтарың.
Мейірімді бір Аллам жол аша мың,
Сейілді даламдағы тола сағым.
Ғылым, білім, жас өркен жайып қанат,
Айқындалды көреген болашағым.
Кәріпжан НҮСІП.
Ұқсас жаңалықтар
Майдан туралы тың мәліметтер жинағы жарық көрді
- 15 мамыр, 2025
Көпбейінді ауруханада көркем әдебиет көрмесі өтті
- 3 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді