«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тіл білгеннің тірлігі тік, ісі ілгері

Тіл білгеннің тірлігі тік, ісі ілгері
Автор
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дейді халық нақылында. Тіл білгеннің тірлігі тіктеліп, ісі ілгерілейтінін күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Қазіргі білім беру жүйесінде шет тілдерін оқыту – оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған күрделі және шығармашылық үдеріс саналады.

Мемлекеттік тілмен қатар ағылшын және орыс тілін білу жарқын болашақ үшін маңызды. Осы екі шет тілді үйретудің тиімді әдістерін көрсеткен семинар Шу ауданының Көктөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектебінде өткізілді. Ағылшын және орыс тілдерін үйретуде тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану – білім сапасын арттырудың негізгі жолдарының бірі.

Тиімді әдіс-тәсілдердің мәніне тоқталсақ, тіл үйрену тек грамматикалық құрылымдарды меңгерумен шектелмейді, ол тілдік қарым-қатынасқа түсе білуге, пікір алмасуға, өз ойын еркін жеткізу қабілеттерін дамытуға бастайды. Сондықтан мұғалімдердің басты міндеті – оқушылардың сөйлеу, тыңдау, оқу және жазу дағдыларын жан-жақты дамытатын әдістерді дұрыс таңдау.

Семинарда коммуникативтік, CLIL, жобалық оқыту әдісі қолданылды. Коммуникативтік әдіс тіл үйренушінің сөйлеу дағдысын қалыптастыруға бағытталған, бұл тәсіл екі тілді де үйренуде тиімді екені дәлелденді. Ал, CLIL әдісі пән мен тілді қатар оқытуды көздейді, яғни тілдік дағдыны нақты мазмұн арқылы дамытуға негізделген.

Жобалық оқыту әдісі оқушылардың зерттеу және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді, бұл тәсілдің шет тілінде еркін сөйлеуге әсері зор. Тағы бір пайдаланылған әдіс – интерактивті ойындар мен цифрлық платформаларды қолдану. Бұл білім алушылардың қызығушылығын арттырып, мотивацияны көтеруге көмектеседі. Семинарға келген ұстаздар сабақ барысына жоғары баға берді.

 

Айгүл ҚАРАШЕВА

Жамбыл атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі.

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар