
Есесіне Финляндияға кеңестік Карелия территориясынан екі есе көп жер беру қарастырылды. Әрине, мұндай біржақты тиімді (КСРО үшін) келіссөз өз нәтижесін бермейтіндігі әуел бастан ақ белгілі болатын. Бұл арада КСРО-ның 1920 жылғы кеңес-фин бейбіт келісімшарты мен 1932 жылғы шабуыл жасамау туралы келісімшартты бұза отырып, тәуелсіз мемлекеттің территориясына, халықаралық құқық нормаларын сақтамай, баса көктеп кіргенін айта аламыз. Екінші жағынан, соғыс өртінің тұтануына батыс державалары айтақтаған Финляндияның басшы топтары да жауапты деп ойлаймыз. Нәтижесінде 1939 жылдың 30 қарашасында кеңес-фин соғысы басталып та кетті.
Соғыстың алғашқы күндері-ақ, Қызыл армияның орманды-батпақты жерлердегі 40-50 градустық аязда, финдердің темірбетоннан салынған қоршауларын бұзып өтуге шамасы келмейтіндігін көрсетті. Себебі, әскери билікке жаңадан араласқан жас офицерлер мұндай қиын-қыстау жағдайда жол табуға машықтанбаған еді.
Тиісінше, 1937-38 жылдардағы репрессия кезінде 25 мың кадрлік офицерлерді қуғын-сүргінге ұшыратып, қырып салған кеңестік биліктің өз қарулы күштеріндегі жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмауы әскерлердің баудай түсуіне әкеліп соқты. Сонымен қатар, жаңа әскери техника мен қару-жарақтың болмауы, жауынгерлерді материалдық жағынан әлсіз қамтамасыз ету де соғыс барысына өз әсерін тигізбей қалған жоқ.
Осындай қиыншылықтарға қарамай, майданға тартылған қазақстандықтар, барлық басқа да одақтас республикалардан жасақталған кеңестік әскерлер қатарында жан аямай соғысып, табандылықтың, ерліктің үлгісін көрсете алды. Жалпы, кеңес-фин соғысы басталар тұста Қызыл армия қатарында 178 мың қазақстандық жауынгер (олардың 40600 і қазақ) қызмет атқарып жүрген болатын. Ал екінші дүниежүзілік соғыс оты өршіген жағдайда кеңес өкіметінің өз қорғаныс қабілетін арттыруға барынша мән беруі түсінікті де еді. Осылай, 1939 жылы Қазақстанда әскери комиссариаттар мен Осоавиахим (союз обществ содействия обороне и авиационно-химическому строительству) тарапынан қорғаныс мамандықтары бойынша тағы да 165 мың адам дайындалды.
Қазақ республикасында ГТО бойынша (готов к труду и обороне СССР) 20 мың, «Ворошиловский стрелок» – 26700, «ПВХО» (готов к противовоздушной и противохимической обороне) бойынша 46700 значок иелері дайындалды. Мәселен, осы значоктарды толығымен кеудесіне таққан Меркі ауданының жас жұмысшылары мен колхозшылары М.Бүркітбаев, Қ.Қожабаев, Е.Есімбеков, Ж.Орымбетов, А.Зетқұлов, Д.Сембиев аталған жылдары өз Отанына әскери қызмет етуге аттанған еді. Кеңес-фин соғысы жүріп жатқан 1940 жылы әскери комиссариаттар жанынан 79 әскери оқу пункті ашылып, онда 2951 командир мен 2395 запастағы қызыл әскер жұмыс істеді. Ал, Алматы аэроклубындағы 30 курсант өз өнерлерін Бұрындай аэродромында шыңдады.
Айта кетерлік жайт, оларға батасын кемеңгер қарт ақынымыз Жамбыл бабамыздың өзі берген болатын. Олардың ішінде кейіннен Оренбург ұшқыштар училищесін бітіріп, кеңес-фин соғысында ерлікпен көзге түсіп, 1940 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған жерлесіміз Сергей Луганскийдің де болғанын айта кетуге болады. Атақты әскери ұшқыштың Ұлы Отан соғысы кезінде екі рет Кеңестер Одағының Батыры атағын алғаны баршамызға белгілі. Осындай ерен ерлігімен көзге түскен тағы бір қазақстандық әскери ұшқыш Ермұқан Ыдырысов та Финляндияға қарсы соғыстағы үздік әскери іс-қимылдары үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды.
Жалпы, аталған соғыста орден және медальдармен марапатталған қазақстандықтар аз болған жоқ. Мәселен, атқыштар дивизиясының барлаушысы Жеткербай Сәтпаев пен 51-ші атқыштар дивизиясының атқышы Мәлік Өтебаев Ленин орденімен марапатталса, «Қызыл ту» орденімен 19 қазақстандық әскери, соның ішінде 10 қазақ марапатталып, 17 жерлесіміз «Қызыл жұлдыз» орденін төсіне таққан болатын. Олардың 4-еуі қазақ. Қазақстанда құралған 219-шы атқыштар полкінің әскерлері Ладога көлінің солтүстігінде жүргізілген ұрыстарда ерекше көзге түсті. Олардың ішінде кіші лейтенант М.Сақыпов, капитан И.Перекатов және аға лейтенант Яковлев болды. Финляндиямен соғыс 1940 жылдың 13 наурызында бейбіт келісім жасау арқылы тоқтатылды. Аталған келісім бойынша Ленинградтан солтүстікке қарай орналасқан шекара белдеуі Выборг – Сортавала шебіне дейін ұзартылды. Карелия түбегі, Фин бұғазындағы бірнеше аралдар, Куолоярви қаласы айналасындағы территориялармен қоса, Рыбачий және Средний түбектерінің біршама жерлері КСРО ның құрамына өтті. Байқап қарасақ, соғысты сүлесоқ бастап, жауынгерлердің жанкештілігі арқасында жеңіске жеткен КСРО билігі өздерінің әскери-тактикалық жоспарларын жүзеге асыра алған.
Дегенмен, бұл «қызыл» империяның агрессиялық саясатының бір бөлігі ғана еді. Еске алар болсақ, осы оқиғалардан 2-3 ай бұрын «Молотов – Риббентроп» сепараттық келісімшарты бойынша Польша мемлекеті бөлшектеніп, Батыс Украина мен Батыс Белоруссия КСРО-ның құрамына қайтарылған болатын. Сәл кейінірек кеңестік мемлекет Бессарабия мен Балтық жағалауы мемлекеттерін де өз қатарына қосты. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме...
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді