
Күнделікті күйбең тіршілікте ақшамыздың қайда кетіп жатқанын білмей қаламыз. Әртүрлі ұсақ-түйек пен жолақысы, азық түлік, балабақша мен коммуналдық төлем, пәтерақы деп жүріп бір айда әзер тапқан еңбекақыңнан бір-ақ күнде айырыласың. Сол үшін қалтадағы қаржыны дұрыс жұмсау кез келген адамның, әсіресе отбасылы жандардың қағидасына айналғаны жөн. Материалдық жағынан бақуатты, бай өмір сүремін десеңіз, алдымен бюджетті дұрыс басқара білу керек.
Халықтың қаржылық сауаты сын тезіне түсіп тұрғанда осындай сауатты арттыратын курстар, тренингтер, түрлі оқулар да көбейді. Артық ақшаңды депозитке сал, «Отбасы банкке» жина дейтін ақыл айтқыштар көп. Жаман нәрсе айтып жатқан жоқ. Алайда кімдікі дұрыс? Кімдікі бұрыс? Анығында қалай өзіміз және бала-шағамыз қаржылық сауатты адам боламыз? Ақшамызды дұрыс басқарып, алданып қалуды қашан қоямыз?
Елімізде қаржы сауаттылығын арттыру және оны дамыту үшін мемлекет тарапынан бірнеше шаралар мен бағдарламалар қарастырылған. Мәселен, 2020 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын қабылдады. Бұл тұжырымдама 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.
2021 жылдан бастап «Атамекен» ұлттық палатасы мектептерде жаппай қаржылық сауаттылық сабағын, кәсіпті мектептен бастап үйрету сынды пәндерді өтсін деп бастама көтерді. Осы пән арқылы оқушыларға тиыннан теңге құрап, табысқа кенелу, депозитте ақша жию, салым салу секілді дағдыларды үйретеміз деп даурықты. Алайда бұл әлі де жүзеге асырылмады. Тараз қалалық білім бөліміне хабарлассақ, мектептерде ондай пән жүрмейтіндігін айтты. Ал №11 орта мектеп директорының орынбасары Сәулеш Советқызынан сұрағанымызда «Патриотизм және жаһандық құзыреттілік» деген факультативтік сабақ өтетіндігін, соның ішіне кірігіп кететінін жеткізді. Арасында ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдері келіп тренинг, арнайы сабақ өткізіп кететіндігін айтып өтті. Ата ана Базарбай Құттыбаевтың айтуынша, ақша – еңбектің өлшемі. Есеп жүрмеген жерде кіріс пен шығыстың арасы білінбейді. Ол ақша жарату жолында жаңылыспау керек. Баланы ерте кезден бизнеске бейімдеу қажет.
Күншығыс еліндегідей немесе дамыған алпауыт мемлекеттердегідей баланы ерте жастан қаржылай сауатты болуға үйретсе жаңылысулар мен алданулар аз болар еді деп үміттенеді. Экономист, блогер, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты атанған Дәулет Төлеутайұлы бұған дейін халықтың қаржы сауатын арттырушы маман ретінде көзге түскен болатын. Ол өзінің «Instagram» парақшасында «Декретке миллионмен», «Бизнеске бағыт» сынды ақылы сабақтар өткен еді.
Қаншама жанға сауабы тиген Дәулет Мұқаев:
Қаржылық сауаттың бастауы өз-өзіне есеп беруден басталады. Адам қарызға батпас үшін барынша үнемдеп, білімін арттыру қажет. Біз өзгенің емес, өз ақшамызды санауымыз қажет. Ұлы Абай атамыз «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте болмаса жұмасына бір, болмағанда айына бір өз-өзіңнен есеп ал» деп он бесінші қара сөзінде айтып еді. Сол секілді шығындарымыз бен кірістерімізді есептеп жүргеніміз жөн, – дейді.
Қалада, жалпы облыста осындай қаржылық сауаттылыққа үйрететін курстар бар ма екен деп қарастырсақ, ондайлар жоқ екен. Тек республика, халықаралық деңгейде ғана сертификатталған мамандардан оқуға болады. Сонымен қатар облыс бойынша сұраныс болса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ересектер мен оқушыларды оқытады. Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Тараз өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Дәурен Төлепбергеновке жолықтық. Бұрыннан оқушыларға да, әртүрлі мекемелерге де барып, қаржы сауатын арттыру, алаяқтарға алданбау, алаяқтыққа тап болған жағдайда өзін қалай қорғау керектігі жайлы сабақтар өтіп жүрміз дейді ол.
– 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қаржы нарығын реттеу, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қаржылық сауаттылықты арттыру жұмыстарының барлығын Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүзеге асырып келген. Президенттің Жарлығына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық банктің қызметінен жаңа мемлекеттік мекеме, яғни Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөлініп шықты. Сол кезден бастап жоғарыда айтқан қаржылық реттеу функцияларын қазіргі таңда жаңа агенттік атқарады. Еліміздің барлық өңірлеріндегідей біздің облыста да агенттіктің өкілдігі жұмыс істейді. Негізгі жұмыстарының бірі – азаматтардың қаржы мәселесіне қатысты өтініштерін, шағымдарын қарау, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар атқарады. Оның ішінде осы қаржы нарығындағы құралдарға, қаржы өнімдеріне, қаржы қызметтеріне сәйкес жаңалықтарды немесе өзгерістерді халыққа ұсынып, жариялап отырады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы билікпен бірлескен меморандумымыз бар. Сол келісімдер негізінде медиа-жоспар бекіткенбіз. Соның аясында біз тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда осы бағыттағы барлық ақпараттарымызды жариялап отырамыз. Атап айтсақ, банктің қызметіне, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарына, қаржылық қызметтердің ерекшеліктері жайлы, сақтандыру, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің қызметтеріне, жалпы осы қаржы нарығындағы барлық қатысушылардың қызметтеріне қатысты түсіндірме-ақпараттық жұмыстарды жүргізіп келеміз, – дейді Д.Төлепбергенов.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Қауызында періштелер түнеген Қаратау жауқазыны
- 3 мамыр, 2025
Тараздық полицей қарт кейуананы өрттен аман алып қалды
- 2 мамыр, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді