
Өткен жылы еліміз Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Цифрлық трансформацияның нормативтік және әдіснамалық негіздері әзірленді. Сондай-ақ, сараптамалық база қалыптастырылып, түрлі салаларда ауқымды реформалар іске қосылды. Цифрлық трансформацияның негізгі құралдарының бірі бизнес-процестерді қайта құру болды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, 1200-ден астам мемлекеттік үдерістерді қайта қарау нәтижесінде 23 мемлекеттік органда 468 бизнес-үдеріс оңтайландырылды, бұл олардың орындалу мерзімін орта есеппен 45 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы министрлігінде 98 процестің реинжинирингі қызмет көрсету мерзімінің 55 пайызға қысқаруына әкелді. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінде бұл көрсеткіш сәйкесінше 55 және 85 пайызды құрады. Сонымен бірге «Astana Hub» халықаралық технология паркі еліміздегі IT-стартаптарды дамыту орталығы ретіндегі рөлін айқындады.
Технопарк 1,5 мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Олардың ішінде 1102 қазақстандық және 437 шетелдік компания бар. Олардың өткен жылғы экспорттық түсімі 140 миллиард теңгеден асты. Осылайша саладағы өсім соңғы бес жылда 31 есе артты. Жылдың басты жетістігі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін арттыру болды. БҰҰ деректері бойынша Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша топ-10 елдің қатарына кіріп, цифрландыру деңгейі бойынша 193 елдің ішінде 24-ші орынды иеленді. Осыған сәйкес бүгінгі таңда халықтың 93 пайыздан астамы eGov порталы арқылы электрондық қызметтерге қол жеткізе алады. Оның ішінде мемлекеттік қызметтердің 90,8 пайызы смартфондар арқылы қол жетімді болды. Биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңбаларды енгізу электрондық қызметтерді алу процесін жеңілдетті – бір жыл ішінде қазақстандықтар QR-кодтар арқылы 23 миллионнан астам құжатқа қол қойған. Қазақстандықтарға айтарлықтай пайда әкелген цифрлық шешімдердің бірі ретінде сандық әскери билеттің қағаз құжаттарын толығымен ауыстыруды атап өтуге болады.
Бұдан бөлек, балабақшаларға онлайн тіркелу ваучерлік қаржыландыру жүйесінің арқасында процесті ашық етті. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы цифрландыру үрдісі мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда ел аумағында мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата аналары үшін 4,2 мыңнан астам консультациялық пункт жұмыс істейді. Бұл балаларды тәрбиелеу мен дамытуға маңызды көмек көрсетеді, оларды оқыту мен мектепке дайындаудың тең бастапқы жағдайларын қамтамасыз етеді. Өткен жылы бұл бойынша 328 мыңнан астам ата-ана мен бала әдістемелік және педагогикалық қолдау алған.
Ал, «Еуропалық хаттаманы» енгізу сақтандыру төлемдерін алу мерзімін 40 күннен 5 күнге дейін қысқартып, полицияның қатысуынсыз ЖКО ресімдеуге мүмкіндік берді. Атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру азаматтарға қаржылық жүктемені азайта отырып, жеке сот орындаушыларының қатысуынсыз процестердің жүзеге асуына мүмкіндік берді. 2025 жылы 44 Мемлекеттік қызметтің мерзімін қысқарту, 20 мемлекеттік қызметті проактивті форматқа ауыстыру, сондай-ақ 35 мемлекеттік қызметті трансформациялау жоспарланған.
Мұндағы әрбір жоба мемлекеттік қызметтердің ыңғайлылығын, ашықтығын және қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының дерегінше 2024 жылы өңірдің архив саласының өзінде 22 889 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 14576 қызмет электронды түрде болса, мемлекеттік корпорациялармен – 471 қызмет, қағаз түрінде – 7842 қызмет ұсынылған.
Цифрландыру жоғары оқу орындары мен жатақханаларға түсуді жеңілдетіп, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тіркеу қызметтеріндегі процестерді оңтайландыра түсті. Мәселен, өткен жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің базасында «Huawei Technologies Kazakhstan» ЖШС компаниясымен бірге Huawei ICT академиясы ашылды. Сол арқылы университет студенттері мен оқытушылары Huawei өнімдеріне тегін қолжетімділік алды.
– Университеттің басым мақсаттарының бірі инновациялық инфрақұрылымды дамыту болып саналады. Өткен жылы Дулати университетінің студенттері мен жас ғалымдары 48 стартап жобасын ұсынып, олардың 17-сі 2,9 миллион теңге қаржыландырумен жеңімпаз атанды. Жастарға стартап жобаларын даярлауда қолдау көрсету мақсатында инновациялар орталығы ашылды. Орталықта 100 студент пен жас ғалымдар Astana Hub білім беру платформасында стартаптарды даярлау бойынша 3 айлық курстан өтті. Сондай-ақ, Жамбыл Нub-пен бірлесіп бірнеше хакатондар мен ғылыми жобалар конкурстары ұйымдастырылды. Ақпан айында университетте деректерді өңдеу орталығы ашылды. Ол үлкен деректер жиынтығын сақтау және өңдеу, жұмыс тиімділігін арттыру, ресурстардың жоғары деңгейде икемділік, қауіпсіздік және қолжетімділігін қамтамасыз ету, бұл қазіргі заманғы білім беру процесі мен зерттеулер үшін маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ студенттер, магистранттар мен докторанттардың ІТ саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, 2024 жылы Дулати университетінің ғылыми зерттеу қызметі ғылым мен инновация саласында айтарлықтай өсу мен дамуды көрсетті, бұл университеттің аймақтағы және Қазақстанның ғылыми-техникалық прогресіндегі рөлін нығайтуды жалғастыратынын білдіреді, – дейді аталған оқу орнының ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев.
Сейтжан Әуесжанұлының айтуынша, наурыз айында университетте мультимедиялық интерактивті бейнегер студиясы ашылған. Мультимедиялық студияны құру университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың жаңа кезеңі десек те болады. Ол құрылыс және дизайн саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ықпал етіп, студенттердің оқу процесіне тартылуын арттыруға және университеттің ғылыми-практикалық қызметінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Жазушы Кемел Тоқаев өмірінің ащы шындығы
- 19 сәуір, 2025
Ерлік пен еңбекқорлықтың үлгісі болған
- 19 сәуір, 2025
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді