«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

100 саулықтан 100 қозы алу мүмкіндігі бар

100 саулықтан 100 қозы алу мүмкіндігі бар
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында ауыл және мал шаруашылығы өнім өндірісін жолға қоюды тапсырған болатын. Бұл талаптан бүгінгі таңда Қордай ауданының шаруалары шығып отыр. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде мал шаруашылығы жылдан-жылға өркендеп келеді. Ауданның табиғаты мен қолайлы климаты, кең жайылымдары бұл салаға ерекше серпін беріп отырғаны анық.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенер болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қордайда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 33,4 миллиард теңгеге жеткен. Оның басым бөлігі мал шаруашылығының үлесінде. Бұл – аудан тұрғындарының тынымсыз еңбегі мен жүйелі қолдаудың нәтижесі.

Ал аудан басшылығы мал шаруашылығын дамыту үшін инвестиция тартуға да айрықша назар аударып отыр. Яғни, өткен жылы салаға 2,5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 8 ірі жоба іске қосылған. Бүгінгі күні мал шаруашылығын табысты жүргізіп отырған іргелі қожалықтың бірі – Ноғайбай ауылындағы «Мұхамбет» шаруа қожалығы. Қазіргі таңда шаруашылық үшін «қой қоздатып, қорада шу болып жатқан» шақ. Мал төлдету науқанын ойдағыдай өткізу үшін шаруалар барын салуда. Қожалықтың іс жүргізушісі Амантай Даниярұлының айтуынша, бүгінгі күні әрбір 100 саулықтан 100 қозы алу мүмкіндігі бар.

– Мал бағу оңай шаруа емес. «Мал – баққанға бітеді» дегендей, оның жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында, айтақырда тұрып мал қоң жинамайды. Малға да бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. Жамбыл Жүнісқұлов басқаратын «Мұхамбет» шаруа қожалығында қазіргі таңда 420 бас саулық қой бар. Бүгінгі күні әрбір 100 саулықтан 100 қозы алуға барлық мүмкіндік жетеді. Бұл бүгінгі таңда шаруаларға үлкен қолдау көрсетіп отырған аудан басшылығы, ауыл шаруашылығы бөлімі мен ветеринария қызметкерлерінің арқасында мүмкін болуда, – дейді Амантай Даниярұлы.

Осы орайда аудан бойынша мәліметтерге тоқтала кетсек, қазіргі таңда 417 479 бас қой тіркелсе, оның ішінде 150 626 бас саулық мал төлдету науқанына қатысуда. Өткен жылы аудан бойынша әр 100 саулықтан орташа есеппен 72 қозы алынған болса, биылғы жылы қыстың қолайлы болуына байланысты бұл көрсеткіштің артуы күтілуде.

 

Жандос ОМАРОВ,

журналист.

Жуалы ауданы Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар