
Президент айтқандай, өзінің адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамның бірі – Талғат Бахтияров. Ол Тараз қаласының білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығында электрик болып жұмыс істейді. Талғат Дүйсенбіұлының бұл саладағы еңбек өтілі 43 жылды құрайды.
– Бүгінгі күні электрик сұраныстағы мамандық. Мен осы салада жүріп, өзіме міндеттелген жұмысты атқарамын. Тапсырылған әрбір тапсырмаға жауапкершілікпен қараймын. Өйткені, бұл жұмыс үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Жалпы «сапёр бір-ақ мәрте қателеседі» дейді ғой, сол тәрізді электрик те сапёр сияқты қауіптілігі жоғары мамандық, – дейді ол.
Оның бұл мекемеде жұмыс істеп келе жатқанына жиырма жылға жуықтап қалыпты. Өзінің айтуынша, 1982 жылы «Жамбыл химиялық-механикалық техникумын» электрик монтер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын осы жылы «Завчасть» зауытында электрик-слесарь болып бастаған.
– Техникумды жаңа бітіріп келген біздерге Александр Шматков деген электрик тәлімгер болды. Ол кісінің білімділігі мен іскерлігіне жұмыс барысында талай тәнті болдық. Бір жолы зауытта электр жағынан ақау шығып, ешкім оны орнына қоя алмады. Сол кезде тәлімгеріміздің шеберлігіне тәнті болғаным бар. Сөйтсем шеберлік тәжірибемен келеді екен ғой. Біз де бүгін сол кісі сияқты шебер болып алдық. Енді ойлап отырсам, ол кісі бізге сол кезден бастап өз ісімізге жауапкершілікпен қарауды үйретіпті, – дейді Талғат.
Бұл мамандықта техникалық қауіпсіздікті сақтау маңызды. Ол сақталмаса өмірге қауіп төнуі мүмкін.
«Жұмыс істеп жатқанда кейбіреулер еріксіз назарыңды бұрады. Ондай кезде қолың электр сымына тиіп, тоқ ұратын сәттер де аз болмайды. Мұндай жағдай жоғары вольтта өте қауіпті. Соңы қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін. Жалпы техника қауіпсіздігін сақтамасаң электр тоғы бірінші кезекте жүйке жүйесіне елеулі зақым келтіреді, сол үшін техникалық қауіпсіздікті сақтау маңызды», – деп қосады ол.
Оның айтуынша, электр маманына бүгінде бәрі тәуелді. Тіпті өндіріс ошақтарының қуат көзіне деген тәуелділігі біз ойлағаннан да жоғары. Осыдан-ақ олардың қаншалықты сұраныстағы мамандық екендігін бағамдай беріңіз. Бірақ сұраныстағы мамандықтың бүгінде жалақысы төмендігі қынжылтады. Бұдан кейін бірнеше мекемеде электрик болып жұмыс істеген ол барлық мекемеде сыйлы болыпты. Әріптестері де, ұжым да оның іскерлігін жоғары бағалап келген. Мәселен, аталған техникалық шығармашылық орталықтың директоры Марат Кенжебекұлы да оның мақтауын жеткізді.
– Бұл кісіні сегіз жылдан бері танимын. Менен бұрын осында жұмыс істеп келе жатқан Талғат Бахтияров біздің мекемеге қарасты үш филиал жұмысын да тындырып отыр. Осы кісінің арқасында электр жағынан бізде мәселе болған емес. Өз жұмысын жақсы біледі. Іскер әрі адал азамат. Зейнетке шығуына да бір жыл уақыт қалды. Қазір мұндай өз ісіне жауапты маман табу қиын. Жұмыс іздеп келген жастар болса жалақысы аз деп тұрақтамайды. Бұл кісіні зейнетке шыққаннан кейін де жібермей ұстап қалу ойымызда бар, – дейді орталық директоры.
Ал қарапайым еңбек адамы Талғат Бахтияров әрдайым білгенімен бөлісіп келеді. Оның көптеген адамдарға көмегі де тиіпті.
«Мен қашанда елге, айналама білгеніммен көмектесіп келемін. Мен арқылы электрик туралы білгендер көп, әлі де елден көмегімді аямаймын», – дейді Талғат.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
100 саулықтан 100 қозы алу мүмкіндігі бар
- 15 сәуір, 2025
Тауық өсіріп, табысқа кенелген
- 15 сәуір, 2025
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді