«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әкемнің «Арманым жоқ» деген сөзі құлағымнан кетпейді...

Әкемнің «Арманым жоқ» деген сөзі құлағымнан кетпейді...
Ашық дереккөз
Биылғы жылы адамзат баласының тарихындағы зардабы мен қасіреті өте ауыр, ең қанқұйлы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Біздің кең байтақ елімізде 1418 күнге созылған сол сұрапыл соғыстың от-жалыны мен нәубеті айналып өтпеген отбасы кем де кем шығар?! Сондықтан да, бұл жыл неміс-фашизміне қарсы жан алысып, жан беріскен Ұлы Отан соғысына қатысып опат болғандар мен туған топырағына аман-есен оралған барша соғыс ардагерлері мен олардың отбасы мүшелері үшін де айрықша жыл деп санаймын.

Сондықтан да, барша әлем осы соғысты Ұлы Жеңіспен аяқтауға өлшеусіз үлес қосқан Қызыл Армияның әрбір жауынгерін – «Жеңіс солдаты» деп қадірлеп, қастерлейді, құрметтейді. Бұл тарихи шындық! Ал, сол соғыстан аман есен еліне оралған жауынгердің барлығы күніне «енді соғыс болмасын, ұлтымның тыныштығы бұзылмасын, ұрпағым соғыс көрмесін!» деген ұлық батасымен өмір сүріп, майдан даласында көрген қиын қыстау сәттерін ұрпағына көрсетпеуді тілеп, Жаратушыдан қолдарын жая сұрап өткеніне дау жоқ. Осындай, Жеңіс солдаттарының бірі менің ардақты әкем, соғыс және еңбек ардагері Укаша Әбдірахманов болатын. Ол соғысқа Жамбыл облысы Сарысу аудандық әскери комиссариатынан шақырылыпты. Ел шетіне жау тиіп, жұрт басына қатерлі күн туған сол бір шақта әкеміз небәрі 19 жастан енді асқан бозбала екен. Қан майданның бел ортасында көппен бірге болған әкеміз Укаша Әбдірахманов та туған Отаны үшін қанқұйлы соғыста от кешкені саналы көкірегімізде сайрап тұр. Өйткені, әрбір жеңімпаз-жауынгердің есімі – ел есінде мәңгі сақталары да ақиқат және ел ертеңі жастар үшін Ұлы Жеңістің ұмытылмас құдіреті биік, қасиетінің жоғары болары да сондықтан шығар.

Биылғы Ұлы Жеңістің сексен жылдық дара күніне орай сол сұрапыл соғысты көзімен көріп, өмір мен өлімнің ортасынан аман-есен елге оралған соғыс және еңбек ардагері, жүрек төріндегі мұнарадай асқар тау әкем Укаша Әбдірахманов жайлы жазуға бел байлап, қолыма қалам алдым. Өйткені, соғыс әкелген ауыр зардаптарды әкемнің мұң басқан естеліктерінен бөлек, тарихи деректер мен түрлі кітаптардан, көркем фильмдерден көріп өстік қой. Енді, міне, сол зұлмат соғыстың соңғы зеңбірек үнінің тоқтағанына да 80 жыл толып отыр. Ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен қан кешкен сол Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, барша ержүрек жауынгерлер сияқты қар жамылып, мұз жастанып, бар қиындықты жұртпен бірге көрген әкеміз Укаша Әбдірахманов қатардағы жауынгерден Жеңіс күнін жақындатуға ерекше үлес қосқан даңқты «Катюшаның» бөлім командирі болып, елге аман-есен «ажалсыз» оралған жандардың бірі еді. Ол 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнін өзінің «екінші туған күнім!» деп өмір бойы аузынан тастамай, мерекелік дастарқан жайғызып өтті. Ұрпақтары әке көңілінен мұра болып қалған сол дархан дәстүрді бүгінге дейін жоғалтпай жалғап келеді.

Қолына қару ұстаған әкеміз өзінің соғыс жолында блокададағы Ленинград пен «өлім жолы» атанған атақты Ладога көлін жау шабуылдарынан үздіксіз қорғап, Нева жағалауындағы Ресей патшасы Бірінші Петр қазығын қаққан тарихи қаланы азат ету жолындағы қанды майданның алғы шебінде болған қаһарман жауынгерлердің бірі. Алғашқы жауынгерлік жарақатын да осы Ленинград түбіндегі кескілескен шайқастарда алғанын соғыстан кейінгі бейбіт өмірде күрсіне де құлази отырып еске алып отырушы еді. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың фашизм қоршауында қалған ленинградтық тұрғындар мен солдаттарға арнап жазған тарихи «Ленинградтық өрендерім!» поэмасын да әкеміз алғаш рет осы қиын-қыстау соғыс жылдарында естіген екен. Сонда Ленинград қаласының ішінде қарт Жамбылдың жауынгерлерге рух берген жыр жолдары радио арқылы үздіксіз беріліп тұратын деп айтып отырушы еді.

Азат болған Ленинград қаласынан кейін Қызыл Армия жауынгері Укаша Әбдірахманов Волхов майданы құрамында Мәскеуді азат етуге, сондай-ақ Псков қаласы мен оның айналасындағы деревняларды жау қолынан босатуға бағытталған шешуші шайқастардың бел ортасында болады. Ал, жалынды жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген әкеміз 1944 жылы Украина майданына кіріп, одан әрі неміс фашизмінің езгісін әбден көрген Польшаны азат етуге қатысқан. Әкеміз бес жылға созылған сұрапыл соғысты 1-ші Украина және Белорусия майдандары әскери құрамаларымен бірлесе отырып, Германияда аяқтаған. Төрткүл дүниені зар қақтырып, азап шектірген соғыс «ұясы» Рейхстаг төбесінде желбіреген Қызыл туды көзімен көріп, аса үлкен қиындықпен, оның үстіне 20 миллионнан астам адам шығынымен келген «Жеңіс» деген ұлы сөздің қадірі мен қасиетін таңдайынан тастамай кетті. «Құдай енді маған «соғыс» деген сөзді естіртпесін, ел шетіне жау көзін салмасын» деген арман-тілекпен өмір өткелінен өтті.

Әрбір жауынгер сияқты біздің әкеміздің де ерлік жолы соғыс отын жаһанға таратқан Берлин қаласының әр көшесіне «Катюшамен» бір ай шамасында күндіз-түні оқ жаудырып жүріп аяқталған екен. Міне сондықтан да, барша адамзат баласының тарихындағы ең зұлмат соғыстағы Жеңіс күні біздің әкеміз, сол соғыстан аман қайтқан Укаша Әбдірахмановтың есінде осылайша мәңгі қалған шығар...

Ұлы Отан соғысының отты жылдары көрсеткен ерліктері үшін әкеміз екі мәрте жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», «Ерен ерлігі үшін», «Сталинградты азат еткен үшін», «Москваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» сияқты көптеген жауынгерлік марапаттарға ие болған жауынгер еді. Осындай мәртебелі наградалар арасынан өлім мен өмір таразы басына шыққан шақтағы күндерін күрсіне ойлай келе, «Ленинградты азат еткен үшін» медалін алақанына ала отырып, «бұл марапаттың мен үшін орны бөлек, бағасы тым қымбат» дейтін. Әкемізден кейін артынан бет қайтармай жатқан сұрапыл соғысқа артынан ілескен жалғыз інісі Асқарбек әкеміз де аттанып, елге аман-есен оралған болатын.

Ал, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлеріне арналған құрметті шаралар аясында Тараз қаласының үш аумағында әкеміз Укаша Әбдірахмановтың бейнесі бейнеленген баннерді көріп те қатты қуандық. Қасында тұрып ескерткіш суретке түстік. Әкеміз үшін зіркілдеген зеңбіректің дауысы алыстай түскенімен, сол бір ауыр күндердің елесі ұмыт болмай жатып еңбекке араласады. Анасы мен інісінің жайын және алдағы күндерін ойлап отау құрады. Сонау ашаршылық зобалаңында Арқадан аман-есен алып келген қос ұлының енді өрті лаулаған сұм соғыстан еліне есен жеткендерін көрген аяулы анасы Зүлипаның қуанышын мен әрине, көргенім жоқ, бірақ әжемнің сол кездегі көзінен мөлдіреп тамшылаған қуаныш жастарының салмағын жүрегіммен сеземін...

Соғыстан кейін әкеміз Нәкида анамызбен бірге Алланың берген тоғыз перзентін көріп, олардан немере сүйіп, шөбере қолынан су ішіп, өз әулетінің биік бәйтерегіне айналды. Осылайша, бозторғайдай бозбала кезінде ел басына күн туған шақта өз қатарының алды болып, қолына қару алып майданға аттанған Укаша Әбдірахманов елге адам баласының басына бермейтін соғыстың қатыгез өмір мектебінен өткен, ысылған азамат ретінде оралып, туған өлкесі Сарысу елінде түрлі лауазымды қызметтер атқарып, ел ағасы биігіне көтерілді. Жасаған бар ғұмырында майдандас достарын аса жоғары қадірлеп, барынша сыйлай білу жолынан да жаңылған емес. Дейтұрғанмен соғыс жайлы әңгіме өрбігенде жүрегі сыздап, жаны жүдеп сала беретін... Қазаны оттан, төрі замандастарынан кетпеген әкеміздің арқасында Ұлы Отан соғысына қатысқан, аспан әлеміне маржандай шашылған Жеңіс салютіне қуанған ауданымыздың айтулы ағалары Ұзақбай Сыздықбаев, Нармахан Тоққұлиев, Мәлік Омаров, Елемес Тоқаев, Зикен Бекенов, Аппас Жантөреев, Өтебай Сармолдаев, Әлжаппар Әбдіхалықов, Тоғайбек Сейтжанов, Ошақбай Сатыбалдиев, Тұрсынбек Есенбеков, Қаһарман Бөпежанов, ағайынды Дабыл және Қабыл Ажақаевтар сынды көптеген наркескен майдандас достарының көздерін көріп, балалық сәлемімді беріп, қолдарына су құйып, қызметімізді көрсетіп, кейде ол кісілерге қасиетті қара домбырамен ән айтып, баталарын алғанымды бүгінде үлкен мәртебе көремін.

 Ең өкініштісі, осы күндік жерден көрінетін жағасы жайлаудай асқар тау ардагер әкелеріміздің бүгінде бірде-бірі ортамызда жоқ. Әкемнің тұла бойында биік парасат пен үлкен зиялылық қасиеттер сан қырлы гауһар тастай үнемі жарқырап тұратын еді. Төл басы Рымкүл апайымнан бастап Досымбек, Мәдина, Бектас, Әмина, Балдырған, Нұрболат, Ерболат пен мен – Қуандық болып жалғасқан тоғыз перзентін адалдық пен имандылыққа, тазалық пен мейірімге, ар-намысты жоғары ұстауға, білім мен өнерге тәрбиелеп, жас балапандарының қанаттарын қарт бүркітшідей өзі қомдап, өз қолымен өмірдің көгілдір көгіне ұшырды. Балаларын туған Отаны мен қазақ халқына саналы түрде қызмет етуге үндеп, ұлтына тіл тигізбей өсудің тұңғиығына бойлатты. Өйткені, өзі де ұлтын айрықша жақсы көрді. Ұлтының есті заманнан ескірмей келе жатқан «Арманым жоқ» деген сөзі құлағымнан кетпейді... білді деп ойлаймын.

Асыл әкеміз ақтық демі таусылғанша анасының артынан ерген қарасы, туған бауыры Асқарбек екеуіне жасаған аналық қамқорлығы мен шуақты мейірімін елжірей айтып өтті. Ол осылайша анасының құдіретіне арнап үлкен еңбек жазды. Бұл есіл ердің, парасатты ұлдың, бекзат жанның Ұлы Анасының құрметіне арнаған «мәңгі өлмейтін» рухани жан-дүниесімен беріле қойған өз ескерткіші болар... Ол естелік кітабына өзі «Ана құдіреті» деп ат қойып, айдар тағып еді. Бүгінде ұрпағына мұра болып отырған сол «Ана құдіреті» деген кітабының алғы сөзін қазақтың айтулы ақыны Жарылқасын Аманов ағамыз тебірене жазған еді. тарихын да бір кісідей білуші еді. Он екі мүшесі сау болып соғыстан аман келіп, еліне қызмет еткенін, ортамызда есен-сау отырғанын бақытқа балайтын. Ақиқатшыл әкем сүт кенжесі менің үйлену тойымда жанына жабысқан науқасын жеңе біліп, орнынан тұрып, «Менің арманым жоқ!» деген адал ойын Жаратушы Тәңір алдында дүйім жұртқа ашық айтқан еді. Әкемнің сол сөзі менің құлағымнан кетпейді!

Осылайша, бақыттың кемесіне армансыз мінген шағында әкеміз мәңгілік серігі Нәкида анамыз бен бала-шағасы, немерелері, құда-жекжаттары мен ағайын-туыстары алдында соңғы сағаты соғып, өмір есігін де жапты. Жаһандық соғыстың зарын көрсе де, зардабын тартса да мойымаған, ел-жұртына аман-есен келген әкемізге тоғыз орам топырақ табан ізі қалған өз Сарысуынан бұйырды. Қан майданда белін бүкпей, тізесін ірікпей кешкен отты жолы мен тіршілігіндегі биік қадірін ұғынған ұрпағы мына өмірде де әкесінің кіршіксіз ақ көйлегіне дақ түсірмей, ізетін түсініп, тәрбиесіне жете мән беріп, төрдегі басын төмендетпей келеді деген ақ ниетті ойымды ой тасасынан шығарып, бүгін бүкпесіз айтып отырмын. Оған тәубе, шүкір деймін. Әрине, майдан даласында өткен сол жылдар әкемізге өмір соқпағының сансыз сүрлеуіне түсуіне себепкер болғаны да ақиқат. Ол кісі «менің басыма өмір көптеген сынақтарын берді. Шексіз қуанышты шақтарым да жетерлік. Қиналған кездерім де аз болған жоқ. Бірақ, мен сол Алла Тағала көтереді деп берген сынақтардан абыроймен аман есен өттім» деуші еді өткен күндерінің белді белестерін еске ала отырып. Соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі домбыраның қос шегіндей өрілген өмір жолы, тағдыр жолы әкемізге мәртебелі өмір сыйлағанын оның көзін көрген кісілердің аузынан түскен емес.

 Жалпы ол кісінің аққудың қанатындай ұшталған сұлу қаламынан туындаған өктем өлеңдері мен асқақ әңгімелерінің басым бөлігі осы соғыс пен парасатты тәрбие сынды өзекті тақырыптарға арналуы да тегін емес шығар. Жыл сайын аудандық «Октябрь таңы» (қазіргі «Сарысу») газетіне 9-шы мамыр – Жеңіс күні мерекесіне арналған мерекелік сандарында өлеңдері мен әңгімелері суретімен бірге үзбей жарияланып тұрды. Сонымен қатар, соғыстан кейінгі жылдары жазған естелік дүниелерін Ұлы Отан соғысына қатысушы, әнге айналған атақты «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңінің авторы, ұлық есімі көзінің тірісінде-ақ ұлтымыздың мақтанышына айналған сырлы ақыны Сырбай Мәуленовке тапсырғанын және бірін-бірі терең түсіне білген осы екі соғыс солдатының араларында үлкен сыйластық пен өзара құрметтің болғанын ол тамсана есіне алып отыратын. Алдына қараңғысы мол түн емес, жарқыраған күн салып жүретін әкеміз асыл анасы Зүлипаның жетегінде жүріп көптің басына түскен ашаршылықтың «ащы дәмін татып», оның үстіне жылы орнын тастап арқардай ауып Арқаны артқа тастап үдере көшкен жылдары көрген жан азабы мен жүрегіндегі соғыс жарасын өміріне серік еткен өлеңдері мен әңгімелері арқылы көпке жеткізе

Сонымен қатар, артында қалған перзенттері ардақты әкеміз Укаша Әбдірахмановтың туғанына 100 жыл толуына орай әңгімелері мен повестері, өлеңдері мен толғаулары енген «Ұрпағыма аманат» атты 2 томдық жинағын шығардық. Қалың оқырманға арналған зерделі кітапта асқар таудай әкеміздің артында қалған барлық жазбалары түгелдей енгізілді. Бұл жинақтарды жастарымыздың оқып білуі және тағылым-тәрбие алулары үшін Сарысу аудандық орталық кітапханасына салтанатты жағдайда тапсырылды. Ал, осы соңғы екі томдық жинаққа алғы сөз әкеміздің әңгімелерін тыңдап өскен, қазақ ақындарының арасында шоқтығы биік тұратын Маралтай ақынның еншісіне тиген еді.

Сондай-ақ, майдангер-жазушы әкеміздің туындылары жайлы белгілі журналист Амангелді Әбіл ағамыз да облыстың бас басылымы «Aq jol» газетіне үлкен пікір білдірген мақала жазды. Басқа өңірлерді білмеймін, біздің әкеміз Сарысу ауданында соғыс пен бейбіт өмір жайлы үш томдық кітап жазған жалғыз Жеңіс солдаты екені ақиқат! Осы үш кітап бүгінде біз үшін әкемізден қалған бай мұра, таусылмас қазына, сарқылмас тәрбие мектебі, әулетіміздің бойтұмардай сақталатын қасиетті дүниелері екеніне толықтай көз жеткізіп отырмыз. Өкініштісі, бала мінезді, ақ көңілді, кәусар өмірге құштар, ынтымаққа ынтызар, татулықты туысындай қадірлеген, тұла бойы тұнып тұрған мейіріммен өрнектелген әкеміз өз қолымен ақ қағаз бетіне түсірген жырлы өлеңдері мен сырлы әңгімелерінің жинақ болып шыққанын көре алмай кетті... Көз сусынын қандырып қолына ұстай алмай, сағынған тәтті арманына жете алмай кетті...

Соғыстың қиындығы мен бейбіт өмірдің салмағын сарқа тартқан ол елі мен жерінің, Отаны мен жұртының бірлігі мен тұтастығын терең ойлай білген, ар мен намыстың боз атының аяғын ақсатпай, жақсылық ойын аласартпай, жамандықпен табалатпай, ауыр айтар зілі жоқ, елдің бірлігін тілеп өткен әкеміз саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап өткен екен. Мен мұндай ойлы пікірге асыл әкемнің ғибратты өміріне көз тастап, оның жүрегінен туған өр өлеңдері мен толғанысты әңгімелерін қайта-қайта оқи отырып көз жеткіздім. Тау қозғалса да қозғалмайтын сабырлы болмысы мен салмақты мінезінен әкешімнің жан дүниесін тербей шыққан теңіздің толқынындай өресі биік туындыларын зерделей келе, мен сөз арасынан парасат пен пайымды, оралымды ой арасынан тұнық тәрбиені, қатпар-қатпар сөздерден өсиет пен үлгіні, саналы қадамынан ұлан ұрпағына деген шексіз сезімдерді көре түсем. Осыншама терең философиялық ой, зерек зергерлік, ұста сөз оның жұдырықтай жүрегіне қалай сыйды десеңізші...

Қарапайымдылық пен мейірімділіктің ерекше эталонындай болған әкеміз Укаша Әбдірахмановтың осындай ордалы қасиеттері мен өнегелі өмірі, жазған жыр-өлеңдері мен әсерлі әңгімелері ел ертеңі, мемлекет келешегі, ұлт болашағы болар бүгінгі жастардың тұла бойына ұлтжандылық пен мейірімділікті, отансүйгіштік пен имандылықты сіңіруге барынша ықпал етері сөзсіз деген ойдамын. Енді, міне, бақытты гүл ғұмыр кешкен әке мен шешенің арқасында өткен балалық балдәурен мен жасыл көрпе жастық шағымыз артта қалып, бүгінде ұрпағына сөз арнаған жүрегі нәзік, берен болмысты, көңіл сарайы мен жаны таза, пейілі мөлдір бұлақтың бастауындай, аңғалдығы мен аңқаулығы мол, кісі жолын аттамаған, алтыбақан алауыздықтан бойын аулақ салған, артық бас дүниеге қызықпаған, жүрегі жұмсақ, жаны жайдары, жанары ашық, иманы берік, талғампаз, жабыққан жанға шын пейілді жанашыр болып, қиянатсыз өмір кешкен жомарт жүрек асыл жанды іздеуіме, сағынуыма, аңсауыма, артыма бұрылып оның биік бейнесін еріксіз тебірене ойлауыма қарағанда мен де өз ескегін өзі ұстаған ердей есіліп келіп, есейіп қалғанмын-ау, сірә...

Бірақ, табиғатынан кетпен тұяқ тұлпардай кесек тұлға болып жаратылған ардақты әкеміз өзінің «құс жолындай» өз тағдырындағы ішкі әлемін, жан дүниесін, жүрек түбінде қалған сырын еш баласына да ашпай кетті. Ал, қуанышты шақтарын, көңілді кездерін, сауыққой мінезін ашық көрсете білсе де, қиналған сәттерін сездірмей, мұңлы көздерін көрсетпей өтті. Өйткені, ол өзінің табан ізді тарлан тағдырына өзі иелік етті. Сондықтан да, бүгінде әкеммен бірге өткізген сол шуақты күндердің елесі алыстаған сайын сағымдай болып құнан жүрек, құйын көңіл менің де көз алдымнан кетер емес... Жаратқан ием перзентіне туа бітті талант пен қабілет берсе, пейіл мен дария көңіл берсе қыспай, аямай, молынан бере салады-ау өзі?!

Кейде әкем еске түскенде оның сегіз қырлы, бір сырлы болғаны, оның ішінде әншілігі мен аздап та болса күйшілігі, алғыр ақындығы мен қаламы қарымды жазушылығы, қызметке деген жауапкершілігі, зілсіз де әдемі әзіл-қалжыңдары, ұстамды мінезі, кісі сыртынан ғайбат айтпай, төрде отырып әділ төрелік айтар асыл қасиеттері еріксіз ойға қалдырады. Өйткені, әке балаға – мәңгі таусылмас, тереңі ортаймас, биігі алдырмас, жағасы шалдырмас, қанатсыз ақ қалықтататын, шыңы мұқалмас ұстаз ғой!

Бүгінде бақ қонып, қыдыр дарыған әулетімізден тараған, әрқайсысы бір бір отанға айналған тоғыз перзентінен отбасыларының базары мен ажарына айналған немерелері мен шөберелері көк құрақтай жайқалып өсіп келеді. Өкініштісі, Ауған соғысы ауыртпалығын көрген жауынгер, күні кешеге дейін адал еңбектен қол үзбеген Нұрболат бауырымның өмірден ерте озғандығы жанға батады... Баланың ең кішісі, қара шаңырақтың иесі болып қалғандықтан, мен ғазиз жүректі әке-шешемнің қасында басқа перзенттерінен гөрі көптеу болдым. Еркін өскен еркелік маған сол жайсаң жандармен ағыл-тегіл ақыл-кеңес құруға, мал-жанға қарауды, қол боста олардың көңілдерін көтеріп, өзі шертуін үйреткен қара домбырасын тартып, ән айтып беруге, кейде тіпті әзіл-қалжыңдап отыру да пешенеме бұйырған бақ болар. Әрине, бұл да менің тағдырыма жазылған сол жүректері жылы, жандары сұлу, пейілдері ақ моншақтай таза отбасы алыптарымен бірге өткізген ұмытылмас өркенді күндердің, шежірелі жылдардың қайталанбас белді белесі екен. Кейде жарық өмір сыйлаған олармен ішімнен сөйлесіп «арттарыңда қалған бүгінгі үкінің баласындай ұрпақтарың патша көңілді Сендер салған сүрлеу жолдан шықпай, аманат-тілеулеріңнен ауытқымай, өсиет-өнегелеріңмен өсіп өркендеп келеді» дегім де келеді...

Сағыныштан туындаған көркем құбылыстың мәңгілік сырының да солай болары хақ шығар... Жарасы жазылмас сол Ұлы Отан соғысының бар қиындығын көріп, елі мен жеріне аман оралған сол асылдар бүгінде ауыл іргесіндегі Атақорымды мекен еткен. Мәңгілік ұйқыларың тыныш болсын, ұрпағына өнеге көрсетіп, үлгі тастап кеткен Ұлы Жандар! Алла алдарыңнан жарылқасын! Сендер жасамаған жасты, көрмеген қызықтарды, шықпаған биіктерді, алмаған асуларды ұрпақтарың көріп, бағындырсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, соғыссыз заман болсын!

 

Қуандық ӘБДІРАХМАНОВ,

Ішкі істер органының ардагері.

Тараз қалас

Ұқсас жаңалықтар