Жаңарту шараларын қолға алмаған базарлар жұмысын тоқтатады
- author «Ақ жол»
- 12 сәуір, 2025
- 177

Ретсіз әрі заңсыз саудамен күрес, базарларды модернизациялау, санитарлық ахуалды жақсарту – бүгінгі күннің талабы. Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі базарларды жаңғырту жөнінде Жол картасын әзірлеген. Облыс, қала әкімдіктерінде де осы мәселе күн тәртібінен түскен емес. Базарларды кәсіпкерлердің жұмысына тосқауыл келтірмей көркейту базар басшыларына да, саудагерлерге де, халыққа да тиімді. Облысымызда сауда базарларын жаңарту жұмыстары жол картасына сәйкес жүргізілуде.
Облыс бойынша сауда базарларында модернизация жұмыстарының аяқталу мерзімі 2026 жылға дейін жоспарланған. Барлық базар қызметі негізінен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылдың 5 ақпанындағы №131 Қаулысымен бекітілген «Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру» қағидалары шеңберінде реттеледі.
Жалпы, сауда орындарында кәсіпкерлікті заң талаптарына сәйкес жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдың 15 ші наурызында облыс әкімінің орынбасарымен «Жамбыл облысындағы базарлар мен өзге де сауда орындарын қолданыстағы заңнама талаптарына сай келтіру бойынша кешенді іс шара жоспары» бекітілген.
2022-2023 жылдары қаладағы 3 сауда базары мен 1 сауда орталығында модернизация жұмыстары жүргізіліп, 2 сауда базары және 1 сауда орталығы толықтай модернизациядан өтіпті. Олар – «Доснар» сауда орталығы, «Нұралы» және «Ақсай» базарлары. Бұл жайында қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бексұлтан Нұрғалиевпен сөйлестік.
– Қалада 15-ке жуық сауда базары бар. Оның 12-сі әмбебап, 3-еуі арнайы мамандандырылған базар. «Жібек жолы» базарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыстың 1 қабаты іске қосылған. «Жібек жолы» және «Арзан» базарларында құрылыс жұмыстары аяқталған. «Нұралы» базарының жаңарту жұмыстарының 2 кезеңі бойынша жұмыстар атқарылуда. Қ.Сәтбаев көшесінің бойындағы қалған сауда дүңгіршектері толықтай алынып, заманауи сауда орындары ашылу жоспарлануда. Жобаның құны 200-250 миллион теңгені құрайды. Қазір «Ауыл Береке» базарының кілем және киім секторларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Береке» базары басшылығының ауысуына байланысты модернизация жұмыстарына қажетті құжаттар рәсімделуде. «Салтанат» сауда базарының екінші блогының эскиздік жобасы бекітілген. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың тамыз айында бастауды жоспарлап отыр. Ал «Якка сарай» базарының басшылығымен модернизация жұмыстарына қажетті құжаттар рәсімделуде. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың тамыз айында бастауды жоспарлап отыр, – дейді қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бексұлтан Сағынбекұлы.
2026 жылға дейін модернизация жұмыстары жүргізілмеген жағдайда бөлім мамандарымен базарлардың қызмет көрсетуі тоқтатылатындығы туралы базар басшыларына ескертілген екен. Сол себепті жаңғыртудан өтуі тиіс базарлар қарап жатпай әрекет етуде. «Әрекетке берекет» демекші, жаңарған базарлар да өз жемісін көруде. Бұрындары балығы мен көкөнісі бір жерде саудаланатын, ретсіз сауда жасалатын «Нұралы» базары бүгінде құлпырып тұр. Адам танымастай өзгерген. Ұсқыны кіріп, реттеліп, төбесі жабылып, сәні кірген. Мұны базар басшылығы да құптап отыр. Себебі, жол картасы аясында көрсетілген нұсқаулық бойынша ең бірінші болып «Нұралы» базары жаңғыртуға көшкен.
– Базарымыз толықтай жаңғыртудан өтті деп айта аламын. Кәдімгідей реттеліп қалды. Көкөніс пен жеміс-жидек бір жерде, әрмен қарай құрғақ жемістер, азық-түліктер, кеңсе тауарлары, аяқ киім, киімдер боп жалғаса береді. Жалпы базардың көп болғаны жақсы. Халық бүгінде үйінің жанындағы базарға не дүкенге барғанды дұрыс көреді. Ешкім арнайы барып алыстағы базарды араламайды. Уақыт тапшы. Әрбір минутымыз есептеулі. Сондықтан халыққа қолайлы болсын деп базарларды өркендетіп, тиімділігін арттырып жатырмыз. Әркімнің өз ризығы мен несібесі бар. Сауда да болып жатыр. Халыққа да жақсы, бізге де, саудагерлерге де пайдалы. Базардың көркейгені, төбесінің жабылып, ішінің жылытылғаны көңіл қуантады. Бұрын қыста саудагерлер жаурап тұратын болса енді олай емес, жылы дүңгіршектердің ішінде сауда жасайды. Жазда ыстықтан қорғанады, желдеткіштері бар. Сауда бір сәт те толастаған емес. Бұрынғы сатып алушылар қайтып келуде, – дейді «Нұралы» базарының меңгерушісі Әділ Жұмагелді.
Шаһарымыздағы барлық базар талапқа сай деп айта алмаймыз. Мәселен «Қаратау» шағынауданындағы базардың сырты да, іші де құжынап тұр. Жабайы сауданың төресі сол жерде. «Ақбұлақ» шағынауданындағы «Тұмар» сауда үйінен басталатын жайма базар «Қаратау» 42-де орналасқан мамандандырылған №2 өрт сөндіру орталығына дейін жалғасады. Төбесі жабық арнайы базардың жан-жағы қаптаған жабайы базар. Көкөніс те, жеміс-жидек те, ұсақ түйек те бәрін табасыз.
Қала басшылығы базарларды модернизациялаудың бірқатар нақты шарттарын да белгілеген. Яғни, кез келген сауда орындарында стационарлық нысан міндетті түрде салынуы шарт. Оған қоса обьктілердің барлығы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келуі тиіс. Базар маңында тұтынушылар үшін барынша қолайлы көлік тұрақтарының болуы да міндеттеледі. Ең бастысы еліміздің салық заңдылығының қатаң сақталуы мен кәсіпкерлердің арнайы тіркеуден өтуі жіті қадағаланады. Сондай-ақ, сауда алаңдары аумағында POS-терминалдар мен кассалық аппараттардың болғаны жөн. Ал жоғарыда айтқан жайма базарлар мұндай талаптарды сақтамайды.
– Негізі базарларды жаңғырту, кейбірін сүру, жаңасын орналастыру ә дегенде 2013 жылдан бастау алған. Естеріңізде болса, астындағы қазба байлықтарына, көне жәдігерлерге байланысты қаламыздағы «Төлебай» базары сүрілді. Нағыз «хан базар» еді. Реттілігі, ұқыптылығы өз алдына бөлек болатын. Қай жерде не тұратынын, не сатылатынын жақсы білетін едік. Іздеп барып сатып алатынбыз. Қазіргі базарлар оның қасында мүлде басқаша. Жан-жақтан ашылып кетті. Халық қайсысына барарын білмейді. Әркім өз базарын мақтайды. Бірақ, бәрібір де үй жанындағы дүкенге жүгіреміз, – дейді 75 жастағы тұрғын Асылзат Арынжан.
Бүгінгі күні базар басшылары мен саудагерлер, кәсіпкерлік басқармасы тарапынан да келіспеушіліктер бар. Базарларды жаңғырту ісі кейде біз ойлағандай қамсыз өтпейді. Бұл ойымызды «Ауыл Береке» базарының басшысы Талғат Дүйсенов қуаттады.
– Модернизация бағалардың өсуіне әсер етпейді. Негізгі мақсат – елге ыңғайлы болу керек. Модернизациялау ең алдымен, тұтынушы мен саудагерлерге тиімді болады. Жағдай жасалады. Кассалық аппараттардың жұмысы, жалға алу келісімінің тұрақтылығы, одан бөлек, көлік тұрағы мәселесі де шешіледі. Халық базарға барғанда батпақты көшеге тап болмауы керек. Бізде жаңғырту жұмыстары басталды. Біздегі сауда жасап тұрған адамдардың көбі – әлеуметтік жағдайы төмен адамдар. Бәрінің басында несиесі бар. Тіпті кейбірінің күн сайын төлейтін микрокредиттері бар. Олар үшін бір күнді саудасыз бос өткізу – бос шығын. Базар арқылы нәпақа тауып, балаларын асырап, үйінің ипотекасын төлеп, саудаға салған дүниесінің қарызын жауып отыр. Сондықтан көп жағдайда келіспеушіліктер орын алады. Мәселен кілем мен киім секторында жаңғыртуды бастап кеттік. Көптеген саудагерлер бір күн болса да жұмыссыз қарап отырғысы келмейді. Түсіндіру жұмыстарына барымызды саламыз. Кәсіпкерлік басқармасы тарапынан жаңғыртуды жеделдетуді талап етіп жатады. Қарапайым саудагерлерге осының барлығын кейде түсіндіріп жеткізу оңай емес, – дейді «Ауыл Береке» базарының басшысы Талғат Дүйсенов.
Базарларды жаңғырту базар басшылығының, яғни кәсіпкердің есебінен жүргізіледі. Жаңарып жасару үшін қомақты инвестиция қажет. Біз жолыққан базар басшылары солай деп отыр. Орасан қаражатты қажет етсе де Тараздың базарлары күн санап ажарланып келеді. Осылайша шаһарымызда сауда орындарын қауіпсіздік пен санитарлық норманың барлық талаптарына сай келетіндей етіп, жаңа форматқа көшіру жұмыстары кең қарқын алуда.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді