
Бірлік ауылында өткен концертке тұрғындар тегіс жиналды. Іс-шараға ауылдың өнерлі түлектері, Мәдениет саласының үздігі, Қырғыз елінің «Ұраным Манас» медалінің иегері, Түркия елінің «Alash Star» жарысына жеңімпаз шәкірттерді дайындаған ұстаз Бақытжамал Қосыбаева мен Темірбек Жүргенов Өнер академиясының түлегі, актер, вокалист және Асқар Тоқпанов театрының үздік актері Әнуар Уалиханұлы, облыстық филармония әншісі Дамира Мұзатовалар атсалысып, тұрғындар мен қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады. Шараның басты мақсаты – ауыл тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Бұл күні ауыл халқы ұлттық ойындар, өнер кештері, қолөнер көрмелері мен түрлі спорттық жарыстарға қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Мәдени шаралардың ішінде халық әндері мен би кештері ерекше қызығушылық тудырды. Мұндағы ерекше атап өтетін жайт, қолөнер шеберлері іс-шара барысында жиналғандар алдында еңбек етіп, ши тоқып, саздан түрлі құмыра, ыдыстар жасап, ат әбзелдерін дайындады. Іс-шара соңында сол мезетте орындалған туындылардың көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Биназар ауылынан түлеп ұшқан Бақытжан Қияш пен Расул Сейткенов сынды әншілер мерекелік шараға атсалысып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ауылдың түлектерінен Ержан Ыдырысов, Жәмилә Қасымханқызы, Сымбат Нұрманова сынды өнерпаздар мерекелік шараның көркін қыздыра түсті. Айдарлылықтар қойған Жамбыл ата мен Биназар батыр туралы қойылымдар көрерменнің жүрегіне жол тауып, ерекше әсер сыйлады. Айтулы шара ауыл тұрғындары үшін үлкен мәнге ие болып, олар бір-біріне деген құрмет пен сыйластықты нығайта түсті.
Ауыл күндері бір ғана мереке емес, ауыл тұрғындарының тарихы мен мәдениетіне деген қамқорлықтың, сондай-ақ елді мекендердің бірлігін арттырудың бірден-бір тәсілі. Барлық ауылдарда киіз үйлер тігіліп, қазақ халқының салт-дәстүрлері насихатталды. Осындай шаралар тек ауыл тұрғындарының көңілін көтеріп қана қоймай, еліміздің мәдени өміріне жаңа леп әкеледі. Әр ауыл өз ерекшеліктерімен айшықталады, бірақ олардың барлығын біріктіретін – ортақ мақсат бар. Ол – туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,
журналист.
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді