«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үміт артқан жерлесіміз «Үздік сапёр» атанды

Үміт артқан  жерлесіміз  «Үздік сапёр» атанды
Автор
Биыл барша қазақстандықтар Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтетіндігі мәлім. Қуанарлығы, батыр бабаларымыздың ізін жалғаған жүректі жігіттеріміз бұл күнде егемен еліміздің айбынды армиясының әлеуетін арттырып келеді. Олар ел тәуелсіздігін баянды ету мен Қазақстанның аумақтық тұтастығын қорғау жолында аянбай тер төгіп жүр. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 28349 әскери бөлімінің маман-сапёрі кіші сержант Мұхамедияр Бутенбаев.

Кейіпкеріміз өткен жылдың соңында батылдық пен кәсібилік сыналатын «Әскер тарланы» байқауында «Үздік сапёр» атағына қол жеткізіп үлгерді. Әскери қызметшілердің шеберлігін жетілдіруге, олардың жауынгерлік тәжірибесі мен армияның имиджін арттыруға бағытталған жарыстың марапаттау рәсімінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қарулы Күштер үшін өткен жыл көптеген маңызды оқиғалармен ерекшеленгеніне тоқталды. Министр олардың қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын өз бетінше орналастыруға және орындауға мандат алуын, сондай-ақ әскери қызметшілердің көктемгі су тасқынына қарсы күреске қатысуын айрықша атады.

– Біз дәстүрлі «Әскер тарланы» байқауының қорытындысы бойынша үздік мамандарды марапаттап отырмыз. Әскери шеберлік флагмандарын бағалау кезінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша ай сайынғы сабақтардың нәтижелері, бақылау және қорытынды тексерулердің қорытындылары, оқу-жаттығуларға, түрлі конкурстарға қатысу, әскери тәртіп және моральдық іскерлік қасиеттері ескерілді, – деді Қорғаныс министрі.

Жалпы, осынау сайыстың іріктеу кезеңі 24 номинация бойынша өтті. Кәсіби байқау жеңімпаздары дипломдармен, атаулы мүсіншелермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Шын мәнінде, сапёр – жай ғана мамандық емес, бұл күнделікті қауіп-қатермен күресу деген сөз. Демек, Мұхамедияр Бутенбаев үшін осынау жеңіс жай ғана марапат деуге келмейді. Бұл – армиядағы көпжылдық қызметтің нәтижесі. Ол өз сөзінде тәуекелге бас тіге отырып өз жұмысын орындағанын, бұған дейін бірнеше рет жарылғыш құрылғылардың аумақтарын тазартуға қатысқанын айтты.

«Мен үшін бұл марапат үлкен құрмет. Мен өз әріптестеріме, отбасыма және осы жылдар бойы мені қолдағандардың барлығына осылайша алғысымды білдіремін. Бұл – жалғыз менің ғана емес, жанымдағы жолдастарымның да жеңісі. Мен өз кәсібімді мақтан тұтамын және жұмысым өте жоғары бағаланғанына қуаныштымын», – дейді ол.

Әріптесінің үздік атанғанына инженерлік-сапёрлік ротасының әскери қызметшілері де шын жүректен қуанышты. «Біздің арамызда Мұхамедияр Бутенбаев сияқты майталман маман бар екенін мақтан тұтамыз. Оның наградасы біздің бүкіл бөлімшеміз үшін де, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлық әскерлері үшін де үлкен жеңіс», – деп атап өтті 28349 әскери бөлімінің сержант нұсқаушысы, 3-сыныпты сержант Жеңіс Сейсеуов.

Бүгінгі таңда Мұхамедияр мен жұбайы Аида төрт ұл және бір қыз тәрбиелеп отыр. Перзенттерінің үлкені жеті жаста болса, кіші қызы енді ғана үш жасқа қадам басты. Рас, ұл-қызы әзірге әкесінің қызметтік істерін толық түсіне қоймайды. Олар үшін Қазақстан армиясының «Үздік сапёрі» бар болғаны ең жақсы әке ғана. Десе де, Мұхамедияр Бутенбаев кейінгі ұрпақ үшін батылдық пен кәсібиліктің үлгісі болып қалатыны анық. Себебі, ол әрқашан ең жауапты учаскелерде адалдық пен жауапкершіліктің нағыз үлгісін көрсетіп жүр. Ендеше, өз елінің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қорғауға күш салып жүрген жігіттің алар асуы әлі алда екені күмәнсіз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар