«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ырыстың жауы ысырап

Ырыстың жауы ысырап
Ашық дереккөз
Ысырапшылдық дегеніміз – бұл адамның табиғи қажеттіліктері мен міндеттерінен тыс болған кез келген артық шығын немесе әрекет. Ислам діні ысырапшылдыққа қатаң түрде тыйым салған, бірақ қоғамда әртүрлі түсінбеушіліктер мен теріс түсініктердің болуы – осы құбылыстың қалыптасуына себеп болып отыр.

Ысырапшылдықтың Исламдағы анықтамасы негізінен артық шығындар, дәстүрлер мен рәсімдердің орынсыз орындалуы, сондай-ақ қаржылық, материалдық һәм рухани ресурстарды қолданудағы шектен шығу. Қасиетті Құранда ысырапшылдыққа қатысты бірнеше аят бар. Солардың кейбірін келтіре кетсек: «Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр, ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!», (Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды».

Аталмыш аяттардан түсінетініміз тіпті діни рәсімдердің өзінде ысырапшылдыққа бой алдырып, Құдайға ұнамайтын амалдарды жасауымыз әбден мүмкін. Кейде адамдар Исламның негіздерінен тыс, дәстүрлі немесе мәдени нормаларға бейімделген ысырапшылдықты байқайды. Мысалы, адам баласы дүниеден өткен соң жетісі, қырқы, жүздігі, жылы сияқты амалдарды жасап әрі сол амалдарда атақ абыройын арттыру үшін дастарқанды тойдың дастарқанындай етіп жасауы – үлкен ысырап. Құдайға құлшылық ету кезінде кейбір адамдардың ысырапшылдыққа ұрынуы – ең басты мәселе.

Айталық, Құрбан айт кезінде кейбіреулер көп мөлшерде мал сойып, оның кейбір желінуі керек болған (бас, сирақ) ағзаларын еш пайдасыз тастауы өнегелі іс емес. Қазақстанда діни білім беру жүйесі кең көлемде дамымағандықтан, көп адамдар діни рәсімдер мен амалдардың мағынасын терең түсінбейді.

Бұл – әсіресе, жастар арасында діни ысырапшылдықтың көбеюіне әкеледі. Олар Исламдағы дұға, садақа беру мен құрбандық шалу сияқты амалдардың мәні мен мақсаттарын толық түсінбей, оларды тек сыртқы тұрғыдан орындап қана қойып, рухани жағынан мән мағынадан айырылады. Қорыта айтқанда, еліміздегі діни ысырапшылдықтың алдын алу үшін жан-жақты жұмыс жүргізу қажет. Әсіресе, діни білімді арттыру, Исламның негізгі қағидаттарын түсіндіру және қоғамдық жауапкершілікті сезіндіру – өте маңызды.

Ысырапшылдықтың алдын алу арқылы қоғамның рухани жағдайын жақсартуға және адамдарды материалдық емес, рухани құндылықтарға бағыттауға болады. Амалдың сыртқы формасына емес, арғы жағындағы меңзелген рухани амалға мән беру ысыраптың алдын-алудың негізгі амалы болмақ.

 

Саян ҚЫРЫҚБАЙ,

дінтанушы

Ұқсас жаңалықтар