«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өміріңді өзгерткің келсе, «Анаға тағзым» орталығына бар

Өміріңді өзгерткің келсе, «Анаға тағзым» орталығына бар
Автор
Елімізде әлеуметтің әлеуетін көтеруге негізделген жұмыстар аз емес. Осы бағытта түрлі қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіп, үйде отырған келіншектерге кәсіп үйретіп, өз ісін ашуға «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы елеулі септігін тигізуде. Онымен қоса мұнда қыз балаларды да өнер мен іскерлікке тәрбиелеп, қосымша оқытады. Орталықта бүгінгі уақытта әйел-аналарға арналған 8 кәсіби курс, балалар үшін 4 үйірме және заңгерлік, психологиялық кеңес беретін 2 кабинет пен 2 арнайы клуб жұмыс істейді. Осындағы курстан кәсіби білім алған бірқатар келіншектер бүгінде жеке ісін бастап, табыс тауып та жүр.

Қоғамның негізгі діңгегі – отбасын қолдау мақсатында жұмыс істейтін орталық өмірдің сан түрлі сынағына тап болғандарға жан жақты көмек көрсетеді. Мұнда келген әрбір жан психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек ала алады. Олар өз жолын тауып, болашағына сеніммен қарауы үшін орталық түрлі мүмкіндіктер ұсынады. Аналарға өз ісін бастап, жаңа кәсіп үйренуіне жол ашса, балалар қосымша білім алып, шығармашылықтарын шыңдайды. Орталық екі негізгі бағытта жұмыс істейді. Консультация беру және кешенді сүйемелдеу бөлімі – кеңес беріп, қолдау көрсетеді.

Мамандар жағдайды бағалап, тиісті көмек көрсетудің барлық шараларын қарастырып, жүзеге асырады. Егер зорлық-зомбылық қаупі болса, зардап шеккендерге уақытша баспана ұйымдастырады. Сондай-ақ, мобильді топтар арқылы жедел көмек береді. Ал, әдіснама және ақпараттық-ағарту бөлімі – отбасыларға қолдау көрсетудің тиімді жолдарын қарастырады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін тренингтер, семинарлар өткізіп, әйел аналарды түрлі оқыту курстарына бағыттап, балаларын үйірмелерге баулиды. Көрсетілген көмектің тиімділігін бағалап, бақылау жүргізеді.

– Өткен жылы орталықта әлеуметтік дағдыларды дамыту, рухани-адамгершілік тәрбие беру және отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу бағытында 660 іс-шара ұйымдастырылып, онда 14 429 адам қамтылды. Мұнда мамандар тұрғын үй, жұмысқа орналасу, зейнетақы мен жәрдемақы алу, жеке кәсіп ашу, электронды қызметтерді пайдалану сияқты маңызды сұрақтарға жауап береді. 2024 жылдың өзінде 3 328 адам кеңес алып, 13 312 түрлі қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын анықтау мақсатында мамандар халық көп шоғырланған жерлерге барып, зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Ал, орталықтағы «Жан дауа» психологиялық көмек кабинеті көптеген адамға жан тыныштығын табуға септесіп келеді. Былтыр 594 адам жеке кеңес алса, олармен 764 психологиялық сеанс өткізілді. Сонымен қатар, топтық тренингтер де ұйымдастырылып, 1 787 адам психологиялық қолдау алды. Өмір болған соң, кейде күрделі жағдайларға кездесіп, сыналатын сәттер болады. Отбасылық жанжалдар, ажырасу, балалармен қарым-қатынастың қиындауы, стресс, күйзеліс – мұның бәрі адамдардың күнделікті өміріне әсер етеді. Бірақ, бұл проблемалармен жалғыз қалудың қажеті жоқ. Орталықтағы «Жан дауа» психологиялық көмек кабинеті дәл осындай жағдайларда адамдарға қолдау көрсетіп, дұрыс жол сілтейді. Мұнда келгендер отбасылық қарым-қатынасты реттеуге, күйзелістен шығуға, өзін қайта табуға мүмкіндік алады. Өткен жылы жанұядағы түрлі келеңсіздіктер бойынша жүзден аса адамның мәселесі оң шешімін тапты. Балаларымен тіл табыса алмаған 50 ата-анаға арнайы көмек көрсетіліп, олардың қарым-қатынасы дұрыс жолға қойылды. Жан дүниесін мазалаған түрлі сұрақтармен жүгінген 196 адамға психологиялық кеңес берілді. Жасөспірімдік кезеңдегі мінез-құлықтың өзгерістеріне байланысты 66 бала ата-анасының рұқсатымен психологиялық сүйемелдеуден өтті. Стресстік жағдайға тап болған 78 адам мамандардың көмегімен бойындағы қорқынышын жеңіп, жан-жақты психологиялық сараптамадан өтті. Сондай-ақ, агрессия деңгейі жоғары 26 адамға түзету жұмыстары жүргізіліп, олар қалыпты жағдайға келді. Бұдан бөлек былтыр 115 адам заңгерлік көмек алды. Әйелдер көбіне неке бұзу, алимент өндіру, мүлікті бөлу, қорғаншылық алу және банкроттық мәселелері бойынша жүгінеді. Мұндай жағдайларға облыстық әділет департаментінің мамандары да көмектеседі. Әріптестер талап-арыз дайындау, сотқа жүгіну процесінде қол ұшын созып отырады. Мәселен, 18 әйелдің неке бұзу жөніндегі талап-арызы дайындалып, сотқа жіберілді. Ал, 32 адам өз сұрақтарына толық заңгерлік жауап алды. Азаматтық алу мәселесі бойынша бір әйелге көші-қон полициясымен кездесу ұйымдастырылып, құжаттарын реттеуге көмек көрсетілді. Телефон арқылы 19 адам заңгерлік көмек алды. Олардың сұрақтары алимент өндіру, тұрғын үй кезегіне тұру, несие төлеу мерзімін ұзарту мәселелеріне қатысты болды, – дейді консультация беру және кешенді сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлнар Нарболдиева.

Өткен жылы зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, 67 отбасы түрлі жағдайына байланысты анықталып, әлеуметтік сүйемелдеуге алынған. Оның ішінде 12 отбасының мәселесі толықтай КЕЙС-тен шығарылыпты. Қалған отбасы мүшелері орталықтың сүйемелдеуінде. Отбасы цифрлық картасының мәліметтеріне сәйкес, 35 отбасының өмірлік қиын жағдайға түскені белгілі болған. Бұл бойынша 10 ана кәсіптік курстарға тіркеліп, бесеуі сертификат алған. Сондай-ақ, 31 әйел ана психологиялық және құқықтық көмекке жүгініп, 15 отбасының балалары орталықтың үйірмелеріне қабылданған. Бұдан бөлек қаланың 30-дан астам мектебінде арнайы жұмыстар жүргізіліп, «Жайсыз отбасы» ретінде 30 отбасы анықталыпты. Оның ішінде 2 отбасы КЕЙС-ке алынса, 10-ына материалдық және психологиялық көмек көрсетілген.

Сонымен қатар, ай сайын ұйымдастырылатын «Шарапат» акциясы аясында 87 отбасы қайырымдылық көмек алып тұрады. Бұл – тек сандар ғана емес, нақты жәрдем алған жандардың тағдыры. «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы – тек көмек беретін мекеме ғана емес, қиындыққа тап болған әр адамға жаңа мүмкіндік сыйлайтын орын. Мұнда келген әрбір жанға кәсіби қолдау көрсетіліп, өмірін жақсы жаққа өзгертуге бағыт-бағдар беріледі. Осы жерден жаңа кәсіп үйреніп, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған аналар да бар.

– Кәсіптік курстар мен үйірмелерде жалпы 1 393 адам тіркеліп, 620 адам сертификаттарын алып, өз ісін бастады. Нәтижесінде, көптеген әйелдер жаңа мамандықтарды меңгеруде. Бет әрлеуші, тырнақ әрлеуші, аспаз және кондитер, киім пішу және тігу, SMM, балалар массажы, логопед сияқты курстарды аяқтаған олар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарға айналуда. Сонымен қатар, логопед және балалар массажы курстары да бар. Онда аналар балаларына сөздік даму, дұрыс сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және денсаулықты нығайту жолдарын үйретеді. Бірақ, ең бастысы – осы курстарды бітірген әйелдер ешқандай қосымша шығынсыз, маман іздеп сабылмай-ақ, өз балаларына өздері көмек көрсете алады, – дейді әдіснама және ақпараттық ағарту бөлімінің басшысы Қымбат Қаржауқызы.

Осы орталықтың тырнақ әрлеу курсынан білім алып, бүгінде соны кәсіп етіп жүргендердің бірі – Гүлнұр Нұрманова.

– Бала күтіміне байланысты демалыста отырған үш баланың анасы әрі жұмыссыз едім. «Анаға тағзым» орталығында түрлі кәсіпке үйрететін тегін курстар барын естіп, барғанмын. Тіпті сонда оқып жүріп-ақ көршілеріме, таныстарыма маникюр жасап, алғашқы табысымды таба бастадым. Ақша тапқан соң, өзіме сенімділік пайда болды. Содан соң сұлулық салонына барып, жұмыс істедім. Салонда жұмыс істей жүріп, «Анаға тағзым» орталығының шаш сәндеу курсына да барып, білім алдым. Жақында ғана осы орталықтағы бет әрлеу курсын да тәмамдап шықтым. Қазіргі уақытта жан-жақты шебер болып жұмыс істеп жүрмін. «Анаға тағзым» орталығындағы курс жетекшіміз Ғазиза Сүгірбаеваға алғысым шексіз, тегін үйренсек те ақылы курстардан артық білім берді. Жұмыс істеп жүріп те білмегендерімді сол кісіге барып сұрасам, уақытын бөліп үйретті. Қазір салонға келген қыз-келіншектер шаш сәндеу ме, бет немесе тырнақ әрлеу ме, қайсысын сұраса да ойындағыдай жасап бере алатын болдым. Ендігі мақсатым – өзімнің жеке сұлулық салонымды ашу, – дейді Гүлнұр Әлмұханқызы.

Көптеген аналарға кездескен кедергіні жеңуге, кәсіпкерлікке бейімделуге жол ашқан бұл орталық бүлдіршін қыздарды да бақытты болашаққа бағыттап, тіршіліктің сан қырына бейімдеп келеді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар