«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Батырлар рухына бас иеміз

Батырлар рухына  бас иеміз
Юрий Ким
Отан алдындағы борышын өтеу туралы әскери ант қабылдаған сарбаздардың басты міндеті – елді қорғау. Олар елдің тыныштығы жолында қандай қатерлі тапсырмаларға да баруға міндетті. 1992-2001 жылдары еліміздің жас сарбаздары өз еріктерімен барып, Тәжік-Ауған шекарасында қызмет етті.

Ал, 1995 жылы 7 сәуір күні Тәжік-Ауған шекарасында болған шайқас кезінде ерлікпен қаза тапқандар арасында қазақстандық 17 жауынгер болды. Осы шайқаста жамбылдық жас жауынгерлерде қаза болған еді. Кеше Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында ержүрек жауынгерлер рухына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шарада Тәжік-Ауған ардагерлері облыстық ұйымының төрағасы Ғани Әбеков сөз сөйлеп, сонау Тәжік-Ауған шекарасында қаза болған жауынгерлердің ерлік жолдарына бас иетінін айтты.

«Олар – нағыз еліміздің батырлары. Бар болғаны 18 19 жасында Отан алдындағы борыштарын өтеу жолында қаһармандықтың жарқын үлгісін көрсетті. Ол азаматтардың есімдері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», – деді ол.

Мұнан соң, аталған ескерткішке Тәжік-Ауған шекарасында болған әскер ардагерлері, олардың ата аналары, мектеп мұғалімдері мен оқушылары гүл шоқтарын қойды. Гүл шоқтарын қойған азаматтардың арасында аталған шайқаста ерлікпен қаза болған Бауыржан Далабаевтың 80 жастағы анасы Хансұлу Далабаева да бар. Біз бірқатар ардагер сарбаздарды сөзге тарттық.

«Мен 1995 жылғы 7 сәуір күні Тәжік-Ауған шекарасында болған шайқасқа қатысқан жауынгердің бірімін. Жүздеген сарбаз қатысты. Оңай болмады. Біз бәріміз тапсырманы адал орындап, өз міндеттерімізді атқардық. Өкінішке қарай, дәл осы шайқаста еліміздің әр аймағынан 17 сарбаз қаза болды. Баршасы жанымызда аңқылдап жүрген адал азаматтар еді. Ол ауыр күн ұмытылмайды. Біз қаза болған жауынгерлерді жадымыздан шығармаймыз», – деді тараздық Досымхан Жақанов.

«Атам Жуасбай – Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Талдықорған жерінде 1997 жылы әскери борышымды өтеп жүріп, Тәжік-Ауған шекарасына өз еркіммен сұранып бардым. 4 айдан астам уақыт сол шекарада қызмет еттім. Барлық қиын сәттерді көзімізбен көрдік. Біздің де кез келген сәтте оққа ұшуымыз да мүмкін еді. Батырлар рухына бас иемін», – дейді таластық ардагер сарбаз Медет Жуасбаев.

Ал, «Жас бүркіт» Ұлттық ұлан әскери патриоттық қозғалысының мүшесі, Байзақ ауданы, №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Ұлпан Сүндет:

«Біз Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан батыр ағалар рухына бас иеміз. Тәуелсіз еліміздің патриот ұландары болуға дайынбыз. Отан ұғымы барлығынан жоғары», – дейді.

 Гүл қою рәсімінен соң, Тәжік-Ауған шекарасында болған ардагер сарабаздардың құрметіне «Даңқ» залында «Ерлік күні» патриоттық іс-шарасы өтті. Ол жиында бірқатар азаматтар еліміздің жоғары әскери құрылымдары тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. Сонымен қатар Тәжік Ауған шекарасында ерлікпен қаза болған жауынгерлер рухына Құран бағышталды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар