«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тазалық мәдениеті – әр тұрғынның өзінен басталады

Тазалық мәдениеті – әр тұрғынның өзінен басталады
Автор
Облыста 15 сәуірден бастап Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Жиында облыстық ветеренария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шараларына кеңінен тоқталды.

– Өңірдегі 46 елді мекен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Биыл 24 392 қора жай мен 168 мың шаршы метр буферлік аймаққа, барлығы 580 мың бас ауыл шаруашылығы жануарына залалсыздандыру жұмыстары үш кезең бойынша жүргізіледі. Залалсыздандырудың бірінші кезеңі 15 сәуірден басталып, екінші және үшінші кезеңдері тамыз-қыркүйек айларында атқарылады. Іс-шараларға қажетті дәрі-дәрмек толығымен сатып алынды. Залалсыздандыру жұмыстарын ветеринария басқармасына қарасты ветеринариялық станция жүргізеді, – деді Бақыт Бетбаев. Басқарма басшысының сөзінше, залалсыздандыру жұмыстарына 38 ветеринар мен 23 бірлік техника жұмылдырылады. Жалпы, облыста жыл басынан бері кене шаққан адамдардың қан сынамасы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына теріс нәтиже көрсеткен. Жиында залалсыздандыру шаралары сапалы орындалуын атап өткен Ербол Қарашөкеев жеке тұрғын үйлердің аулаларында және мал қораларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұдан бөлек кенеден сақтану жолдарын оқушыларға кеңінен түсіндіруді, мал базарлары мен қасапханаларда санитарлық нормалардың сақталуын қатаң бақылауға алуды ескертті. Сондай-ақ, басқосуда энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.– Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен ағымдағы жылдың 20 наурызы мен 20 сәуір аралығында «TazaLike» іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара жоспарына сәйкес, 15 наурызда «Болашақты бірге отырғызамыз», 19 наурызда «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні», 22 наурызда «Жер сағаты», 23 наурызда «Тазарту күні», 27 наурызда «Таза кәсіп – таза аймақ», 5 сәуірде «Таза жағалау» және «Жасыл аула» акциялары өткізіліп, 174 мыңнан аса көшеттер отырғызылды. Жалпы, аталған іс-шараларға барлығы 68 мыңға жуық адам және 50 ірі кәсіпорындар мен 400 аса шағын кәсіпорындар қатысты, оның ішінде 3 мың волентерлар мен қоғам белсенділері атсалысты, – деді Ғалым Исабайұлы.

Сонымен қатар, басқарма басшысы «Jambyl Cement» компаниясымен 10 миллион теңгеге демеушілігімен Тараз қаласының қоғамдық жерлері мен көпқабатты тұрғын үйлердің, білім нысандарының аумақтарына 3,6 мың көшет отырғызылғандығын жеткізді. Бұдан бөлек «Тараз металлургиялық зауыты» тарапынан 10 мың көшет, «Qazaq Soda» компаниясымен Сарысу ауданында 27 мың көшет отырғызу жоспарланып, бүгінгі күнге 3 мыңға жуық көшет отырғызылған.

Айта кету керек, өңірде «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі іске қосылып, телеграмм бот арқылы өтінімдер қабылдануда. 19 санат қарастырылған сервисте тұрғындар онлайн форматта тікелей өтінім жасай алады. Кеңес соңында облыс әкімі қоршаған орта тазалығы мен қоғамдық мәдениетті қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі екендігін атап өтіп, бірқатар аудан басшыларына тапсырмалар жүктеді.

– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жоғары деңгейде өтуі тиіс. Көктемгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары назардан тыс қалмауы қажет. Талас, Сарысу, Мойынқұм және Шу аудандарында «Telegram-bot» жұмысы төмен, күшейтіңіздер. Осыған байланысты, аталған аудан әкімдіктері хабарландыру жұмыстарын күшейту қажет. Әлеуметтік нысандар мен балалар ойын алаңдарын ретке келтіріп, тұрғындарды тазалық мәдениетіне баулу керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын сапалы жүргізу, тұрғындардың экологиялық мәдениетін нығайту бойынша жауаптылардың алдына нақты міндеттер қойып, орындалу мерзімін белгіледі.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар