
Раушан Лесбекқызы 2002 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетін бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша жақсы үлгеріммен бітіріп шыққан. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, дипломын ала салысымен мамандығына сай жұмысы табылды. «Аспара» колледжінде, өзге де жекеменшік білім ордаларында еңбек етіп, ұстаздық жұмыстың қыр[1]сырына қаныққан. Жалпы еңбек өтілі 23 жыл.
Оның ішінде 18 жыл бойы Шерхан Мұртаза атындағы Тараз университетінің бастапқы әскери дайындық және шығармашылық мамандықтар кафедрасында өнімді еңбек етіп келеді. Раушан ұстаздықпен қоса қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап, дамытушы. Қазіргі заманауи үлгімен ши тоқиды. Боялған жүннен тақия, текемет, сырмақ, алаша жасайды. Ұлттық нақыштағы түрлі ойыншықтар осынау шебердің қолынан өтеді.
«Студенттерді қамти отырып, батик матаға сурет саламыз. Тоқыма жіптермен де сан түрлі бұйымдар тоқимыз. Майлы бояулармен жасалатын сурет, картиналар көздің жауын алады. Қолөнердің қыр-сырын меңгерген студент жақсы табыс табады. Өзінің жеке кәсібін ашса да, еңбегі еленеді. Біз студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасаймыз. Қазір 4-курстағы озат шәкірттерім Диана Кәрібек, Мадина Терекбаева қолөнердің қыр-сырын жақсы меңгеріп алды. Шәкіртке үйретуден жалықпаймыз. Жұбайым Сабыржан Сейітжанов та «Болашақ–Тараз» колледжінде аға оқытушы. Ол да жанымды түсініп, қолдау білдіріп отырады. Шығармашылық адамына отбасының қолдауы керек екені анық» десе, аталған университеттің 2-курс студенті Мариям Жаңабергеннің де айтары бар. «Раушан Лесбекқызы нағыз қолөнер шебері. Апайдан көп нәрсені үйреніп жатырмыз. Осы мамандықты таңдағаныма қуанамын», – деді.
Аталған кафедра меңгерушісі Күнсұлу Тәукебаева университеттің таңдаулы оқытушылары арасында Раушан Қуатбекова да бар екенін айтады. Раушанның ойы атақ жинау емес, студенттерге сапалы білім беру, өнер үйрету. Жаңашыл ұстаздың ерен еңбегі ақталып келеді. Ол сабақ берген студенттер қазіргі таңда өзге білім ошақтарында қолөнер мен сызу өнерін дамытып, ұлттық құндылықты нақты іспен насихаттап жүр.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді