«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Белгіленген жоспар – 641,2 мың гектар

Белгіленген жоспар – 641,2 мың гектар
Автор
Облысымызда көктемгі дала жұмыстарының басталғанына да жарты айдан асты. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, бұл науқанды жауапкершілікпен өткізу мақсатында материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайындалып, агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары бақылауға алынған.

– Биыл аймақта 641,2 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның 369,8 мың гектарын дәнді және дәнді бұршақты дақылдар құраса, майлы дақылдарды – 39,7, қант қызылшасын 6, картопты 6, көкөністі – 27,1, бақша дақылдарын – 6 мың гектарға жеткізу көзделген. Сонымен қатар мал азығы дақылдары – 186,7 мың гектарға орналастырылады деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14,5 мың гектарға артқалы отыр. Жалпы биылғы көктемгі дала жұмыстары былтырғы жылға қарағанда ауа райының қолайсыздығынан кештеу басталды, – дейді басқарма басшысы.

Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстары барысында 66,1 мың гектар алқап жыртылып, 199,3 мың гектар егіске дайындалған. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда 98 мың гектарға арпа, 14,1 мың гектарға көп жылдық шөп, 1,7 мың гектарға майлы дақылдар, 38 гектарға бақша дақылдары, 198 гектарға дәндік жүгері және 9,5 мың гектарға көкөніс дәні себілген.

– Бүгінгі күні егіс жұмыстарына қажетті 54,8 мың тонна тұқым дайындалды. Оның 28 мың тоннасы күзде 156 мың гектар алқапқа орналастырылды. Ал көктемгі дала жұмыстарына 8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы қатысады. Үкімет тарапынан 20 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Ол 8 өңірлік таратушы операторлар арқылы бір литрі 254 теңгеден босатылуда. Бұл – шаруалардың көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде жүргізуіне оң әсерін тигізеді деген ойдамыз. Жалпы, алдағы уақытта 400-ден астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, жаңару деңгейін 6,5 пайызға арттыру көзделуде. Ал аймақ бойынша 498 мың гектар алқапқа 99,6 тонна минералды тыңайтқыш сіңіріледі, – дейді басқарма басшысы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар