«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірде түсірілген өміршең фильмдер

Өңірде түсірілген өміршең фильмдер
Автор
«Джентльмены удачи» фильміндегі Евгений Леоновтың Жамбыл жері туралы айтқан «Ол жақта жылы, ол жақта менің анам бар» деген мазмұндағы тіркесі бәрінің есінде болар. Бұл өткен ғасырдың орта шенінен бастап өндірістік әлеуеті кеңінен танылған облыстың сол кезде алыс- жақын шетелге таныла бастағанының дәлелі еді. Осындай артықшылықтан бөлек, қазыналы тарихымен, қызғалдақты қыр-атырабымен көпті тамсандырған Әулиеата жерінде талай шығармалар жазылып, әр дәуірде түрлі туындылар жарық көрді. Тіпті, көрермен көзайымына айналған бірнеше фильмдер осы өңірде түсірілді.

Бұл қатарда бірінші болып Жамбыл туралы фильмдер аталатыны анық. Жалпы көзі тірісінде- ақ бүтін бір облысқа есімі берілген абыз ақын өмірінен сыр шерткен кинотуындылар аз емес. Олардың алғашқысы 1952 жылы жарық көрді. Ақын есімімен аттас фильмде басты рөлдерді Шәкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты әйгілі кино және театр өнер саңлақтары сомдаған. Ал 1996 жылы экранға жол тартқан «Жамбылдың жастық шағы» кинотуындысы ақын туралы фильмдер арасындағы әлі күнге дейін шоқтығы биігі саналады. Киноны түсіру үшін ұйымдастырушылар Талас өзенінің жағасы мен Жасөркен ауылының маңайына, Қаратау баурайына киіз үй тігіп, түсірілім жұмыстарын жүргізген. Екі жылдан астам уақыт дайындалған фильмнің басты кейіпкерін сомдаушы айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек фильм жайында: «Мен кино әлемінен мүлдем алыс жүрген адам едім. Фильмде ойнаймын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірақ режиссер Қаныбек Қасымбековтің ықыласы маған ауған екен. Осылайша біз бір киноның сәтті шығуы жолында тер төктік. Түсірілім жұмыстары Түркістан, Шымкент, Кентау қалаларының маңында да жалғасты. Жалпы, «Жамбылдың жастық шағы» фильмі менің де жастық шағымның мағыналы парақтары болып сақталды», – дейді.

Бұдан өзге 2016 жылы ақынның 170 жылдығына орай 4 бөлімнен тұратын «Жамбыл» фильмі, өткен жылы Жандос Құсайыновтың «Жамбыл. Жаңа дәуір» туындылары жарық көрген болатын.

Дәл сол секілді қазақ киносының жауһарларының бірі «Транссібір экспресі» фильмінің 90 пайызы облысымызда түсірілген. Нақтырақ айтсақ, тарихи фильмнің түсірілім жұмыстары «Қазақстан темір жолы» АҚ Жамбыл бөлімшесіне қарасты Жаңатас және Қаратау станцияларының аралығындағы болат жолда жүргізілген. Ұзақ жылдар елдің ыстық ықыласына бөленген кинокартинада басты рөлді сомдаған Халық әртісі Асанәлі Әшімов жамбылдық теміржолшылармен кездесуінде бүкілодақтық деңгейдегі туындыға неге дәл осы аймақ таңдалғанын түсіндіріп өткен еді.

– Таңдаудың мұнда түсуі де Сарысу мен Талас аудандарының табиғатының ерекшелігінен болар. Иә, ол кезде екі шағын қаланың арасында тынымсыз ағылып жатқан пойыз аз болатын. Қаратаудан таңертең шықсақ, кино түсіретін алаңға түсте жететінбіз. Кешке дейін фильмді түсіріп, түнделетіп қайтатынбыз. Қаратау да, Жаңатас та тікелей Мәскеудің қанатының астында болды ғой. Оның үстіне менімен бірге кеңес өкіметі тұсында кино өнерінің нағыз майталмандары бірге түсті. Осы фильм киносүйер қауымға айрықша әсер еткені рас. Өйткені менен кейіннен жарыққа шыққан «Сіз кімсіз, Ка мырза?» туындысы «Атаманның ақыры» және «Транссібір экспресі» картиналарының жанрына ұқсап кеткен жоқ па?» деп жиі сұрайтын. Әрине, картина жанры ұқсағанымен оларды еш қайталамайды, – деген еді Асанәлі Әшімов.

Ал криминалистика саласына жаңашылдық әкелген «5:32» веб-сериалының Сарысу ауданында түсірілгенін киносүйер қауымның біразы білетіні анық. «Сержан братан» жобасымен танылған белгілі режиссер Алишер Утевтің бұл туындысы бүгінде көп қаралым жинаған фильмдер қатарында десе де болады. Сериалдың бас операторы Бағдат Арғынов болса, қоюшы суретшісі – Қазыбек Табылғанов. «5:32» хикаясы өз заманында қаланың ең таңдаулы тергеушісі болған Шалқардың өмірінен сыр шертеді. Ащы суға әуестенген зейнеткердің бір-біріне ұқсас өтіп жатқан өмірін кенеттен қағылған есіктің тарсылы бұзады. Шалқар маньяктарды ұстауға шақырту алып, қалаға жол тартады. Жолда басты кейіпкер 90-шы жылдардың ортасына ойша шегініс жасап, өзінің өткенін есіне алады. Міне, осылай сол кезеңдегі жантүршігерлік қылмыстар хроникасын қайта көтереді. Ал фильмнің атауы Құран Кәрімдегі 5-ші сүре, 32-ші аятты меңзейді. Дәл осы аятта жазықсыз жанды өлтірудің жазасы қандай болатыны келтірілген.

Сондай-ақ, жерлесіміз, продюсер Нұртас Адамбайдың «Тараз» фильмі жаңа ғасырдағы шаһарымыздың тынысын суреттеген алғашқы туындының бірі саналады. Аталмыш фильм еліміздегі криминалдық оқиғалардың желісі бойынша қиын жағдайға тап болған қарапайым адамдардың ащы өмірін бейнелейді. Осылайша әлеуметтік жағдай, отбасындағы тәрбие, ата- анамен арадағы алшақтық, көше тәрбиесі, достық, адалдық, батылдық, намыс сияқты қасиеттерді таразылайды. Фильмде Нұртас Адамбаев, Еркебұлан Дайыров, Гүлнәз Жоланова, Асан Мәжіт, Төлепберген Байсақалов, Жандос Айбасов, Кәмшат Жолдыбаева сынды танымал актер мен актрисалар ойнайды.

Өңірде түсірілген туындылар қатарында шетелдік сайыстарды жеңген картиналар да бар. Мәселен, 2018 жылы американдық Fashion News Lifestyle Network телеарнасы шығарған фильм «Қайда саяхаттаған жөн?» аталымы бойынша Голливудтың American Testing Award марапатын жеңіп алған болатын. Туындыны дәл сол жылы Таразда өткен «ASPARA Fashion Week» халықаралық сән апталығы кезінде FNL Network телеарнасының директоры Рокко Лео Галиоти түсірген. Тараздың көрікті орындары туралы әңгімелейтін фильмнен бұрын Мальдив немесе Бали туралы түсірілген фильмдер бас жүлдені алуы мүмкін деп ойлаған Галиоти марапат табыстау рәсімінде өз таңданысын жеткізген.

 

Нұрболат АМАНБЕК.

Ұқсас жаңалықтар