
Ата-бабамыз қолданған экологиялық таза ағаштан жасалған ыдыстар мұнда самсап тұр. Астау, оқтай, тақтай, табақ, тегене, шара аяқ, тостаған, ожау, қасық, күбі сынды қолдан жасалған бұйымдар бұл күнде өз тұтынушысын тапқан. Дәстүрлі мұрамызды жалғаушы қолөнершіге деген сұраныс та күннен- күнге артып келеді. Өйткені, қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағанмен, астау сынды табақпен ас әкелу үрдіске айналды. Ең өтімдісі – астау. Біз барған уақытта үш үлкен ет салатын астауды белгілі әнші Алтынбек Қоразбаевқа арнап жасап жатыр екен. Айтуларынша, танымал адамдар да тапсырыс беріп алып кетеді екен. Олжастың астаулары қыр асып, Францияда, Германияда, Ресейде жүр. Ол жақтан қыдырып келген қонақтар бір-бір астау жасатып елдеріне әкетеді екен.
– Әр шебердің айлығы әр түрлі. Ең жоғары айлық 700 мың теңге. Оны әу баста өзіммен іс бастаған Константин Терягин алады. Күніне 25 мың табады. Қазақша сөйлейді. Мұсылмандықты қабылдаған. Осы жұмыстың арқасында қарыздарынан, несиесінен құтылды. Ондай жұмысшылар көп бізде. Олар ең аз дегенде 180 мың алады. Елдің бәрінің басында несиесі болғандықтан айлықты апта сайын беремін. Әркімнің өз жұмысы бар. Біреу сырлайды, біреу жонады, біреу станокпен жұмыс істейді. Бүгінде үш өндірістік цех жұмыс істеп тұр. Жұмыс уақытысы азанғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін. Түскі ас осында беріледі. Астауға сұраныс өте көп. Себебі, бізде нарыққа сай қалтаны ұрмайтын баға. Күз айларында тағы да жұмысшыларды көбейтсек деп отырмыз, – дейді Олжас Келдібекұлы.
Осында Ерлан Түменбаев есімді азамат программист болып жұмыс істейді. Ол арнайы станокта астауды жасап шығарады. Жарылқасын Бекзат та осы құрылғымен жұмыс істейді. Аппарат арқылы тек астау емес тақтай, есік, пышақ сынды тегіс заттарды жасап шығарамыз деп отыр. ЧПУ станок деп аталатын бұл құрылғының Қазақстанда баламасы жоқ. Кореядан әкелінген. 5 миллион 800 мың тұратын апараттың 5 түрлі функциясы бар. Екі сағаттың ішінде 12 астау жасап шығарады. Мұнда күніне 100 астау, айына 3000 астау жасайды.
– Бес бала-шағамыз бар. Өзіміз де көпбалалы ата-анамыз. Олармен қоса 90 адамның еңбекақысы бар. Айлық жалақысын уақытылы береміз. Шикізат та қымбат. Мәселен ақ қайыңды сонау Ресейден әкелеміз. Айына 100 куб ақ қайың әкелеміз. Осындайда кішкене қолөнер шеберлеріне, халықтың мұрасын жалғастырып келе жатқан біз секілді кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау болса ғой. Жеңілдетілген несиеге де ие болмадық. Шынын айтсақ өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Алайда қолдау күтеміз, – дейді Олжас кәсіпкер.
Шындығында мұнда жалғызбасты аналар, көпбалалы әкелер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істейді екен. Соның бірі – мүмкіндігі шектеулі азамат Александр. Ол 300 мыңдай айлық алады. Астауды, тақтайды кесіп дайындайды. Ал Ерлан Оспановтың мұнда жұмыс істегеніне алты жылдай болыпты. Астауды кесіп, қалыпқа келтірумен айналысады. Қарамағында төрт адам бар. 40 астауды күніне кесіп дайындап береді. Инабат Әжібаева есімді маман астауды, тақтайларды өңдеп, сырлаумен айналысады. Алижон Азизхановтың бір басында үш кредиті бар екен. Сол себепті мұнда ол екі жерде жұмыс істейді. Астауды жасайды, екінші жерде астауды майлаумен айналысады. Біз барғанда мақсары майына астауды сырлап жатыр екен. Екі рет майлаймыз дейді ол. Ақ қайыңнан жасалған ыдысқа салынған ет суымайды дейді ол.
– Қарыздан құтылып, «Отбасы банкке» үй сатып алу үшін ақша жинап жатырмын. Жұмысым өзіме ұнайды. Микрозайм дегенге кіріп кеткен едім. Құдайға шүкір. Осы жұмысымның арқасында бүгінде бәрінен құтылдым, – дейді шебер Дамир Айтбеков. Прораб Алмаз Ниязбеков те көп балалы әке екен. Ол астауды түбегейлі тазартып, лактағанға дайындап береді. Бір күнде 70 шақтысын дайындаймыз дейді ол.
Екінші аппарат «Ресмус» деп аталады. Германиядан әкеліпті. Қисықты түзулейтін, кесетін құрылғы. Тіпті мұндағы ағаштан қалған қалдықтар да әжетке жарайды екен. Адамдар оны тегін малдың астына пайдалануға, бау-бақшаға әкетеді.
Бүгінде зергерлік бұйымдарды жасаумен қатар, оны сата білу де маңызды. Цехта дайындалған бұйымдар «OLX», «Instagram» сату алаңдарында да сатылады. Бұл іспен Олжастың жұбайы Зарина айналысады.
– Қазір бұрынғыдай базарда отырып сата алмайсың. Бүгінде заман басқа, сұраныс пен талап та басқа. Жасаған еңбегіңді сата білу – ол да өнер. Жалпы қолөнер бұйымдарына сұраныс бар. «Astau mastera_taraz» парақшасын өзім жүргізіп отырамын. Жақында ғана ашылу салтанатын жасадық, – дейді ол.
Ата-бабадан келе жатқан қолөнерді дәріптеп жүрген Олжас Шамшадиновке осы кәсіп саласында тасы өрге домалауына біз де тілекшіміз. Алға қойған мақсаты, жүйелі жоспары орындалып, қазақтың брэнді қалыптасатын нышаны бөлек өнімдері арта берсін демекпіз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді