«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Арығы жоқ көшелер көлшіктен көз ашпайды

Арығы жоқ көшелер көлшіктен көз ашпайды
Юрий Ким
Тараз қаласының кескін-келбеті күн сайын ашылып, тазалық мәселесі де орнымен шешімін тауып келеді. Тақтайдай тегіс жолдар көлік жүргізушілерінің талғамынан шығып тұр. Дегенмен, арық-атыз және ирригация мәселесіне қатысты қалада кемшіліктер де жоқ емес. Ол жаңбырдан кейін ағып кететін қуыс таппай жол үстінде іркіліп, жиналып тұрып қалатын көлшік су.

Жол үстінде, бұрылыстар мен қиылыстарда көктемде еріген қар суы мен жауыннан кейін жиналған суды үнемі байқаймыз. Бірақ оған аса мән бере де бермейміз. Ары-бері жүйіткіген көлікпен шайқалған су ақыр соңында құрғап, топыраққа айналады. Одан шаң, айналаға тозаңы көтеріледі. Қалғанын «Жасыл-ел Тараз» мекемесінің қызметкерлері сыпырып, тазалап тастайды. Сонымен ол да ұмыт болады. Бұл жылдағы көрініс. Биыл да солай жалғасты. Күн жылынуымен аз күнде ұмытылды.

Қала тұрғыны Нұрғали Бұралқыұлы бүгінгі қала келбетінің жақсарғанына қуанышты екенін жеткізді. «Осы қалада еңбек еттім, зейнетке шықтым. Таразда тұрғаныма 50 жылдан асты. Қаламыздың көркейгені жақсы. Түнгі жарығы да керемет. Бірақ, жаңбыр жауса жауын суы іркіліп көл болып тұратын көшелер көп. Жол үстіндегі көлкіген суды ары-бері жүйткіген көліктер айналасына шашып өтеді. Кейбір жүргізушілер екпінін бәсеңдетпесе су жаяу жүргінші жолына дейін шашырайды. Жаяу жүргенде байқаймын ғой кейбір көшелерде жауын суы ағатын жол жиегіндегі суағарлар мүлде жасалмаған. Содан жаңбырдан жиналған су қайда ағарын білмей жол үстінде көлкіп тұрады. Ол жүргізуші үшін де, жаяу жүргізуші үшін де қолайсыздық тудырады. Мәселен, Төле би көшесімен «Қазпоштаға», одан асып орталық мешітке барамыз. Қар ерісе де, жаңбыр жауса да Жамбыл мен Төле би көшесінің қиылысын үнемі су басып жатады. Ал орталық мешіттің аялдамасымен айналасын Қаратай Тұрысов көше- сінен құлаған су басып тұрады. Қала билігі жол бойындағы ирригациялар жүйесіне қосылатын суағарды көбейтсе, жол бойында су көлкіп тұрмас еді, – дейді ардагер.

Қала тұрғыны айтқандай, бүгінгі күні Қаратай Тұрысов көшесінің жағдайы нашар. Қар және жауын суынан жол бетінде шұңқырлар пайда бола бастаған. Бұл көшенің бір жағында ирригация жүйесі болғанымен бір жағында арық-атыз мүлдем жоқ. Арық-атызы бар дегеннің өзінде көздері бітеліп қалған. Аялдама астына салынған құбырдың да көздері топырақпен жабылған. Жалпы, мұнда құлаған су жол таппай жауын күндері лықсып қайта жолға құйылады. Бұдан бөлек, үлкен даңғыл Төле би көшесіндегі ирригация жүйелері де тозған. Шөп өсіп бітелуге айналған. Мұнда да өткелдердегі арық көздері көміліп қалған.

Қаратай Тұрысов көшесі бойында кәсіпкерлік нысандар өте көп. Сонымен қатар қозғалыс та көп. Мәселен, Т.Рысқұлов пен әл-Фараби көшесіне шығатын Қ.Тұрысов көшесі аралығында ирригация жүйелері мүлде қаралмаған. Жауыннан кейін су көше жолын Т.Рысқұлов қиылысындағы бағдаршамға дейін жабады. Арық-атыз болмағандықтан су мұнда апталап тұрып, жүргізушілерге де, жолаушыларға да қолайсыздық тудырып жатады.

– Көп өңірде болып жүрмін, негізінен Тараз қаласындағы жолдар өзге аймақтарға қарағанда өте жақсы. Бірақ, осы жауын жауғанда ғана су жиналып қалатыны болмаса... Үлкен көшелердің көпшілігінде жауын суы ағып кететін суағарлар жасалған. Жол үстіндегі су сол арнамен қасындағы ирригациялар жүйесіне құлайды. Бұл жақсы. Бірақ, ойда орналасқан бұрылыстарда арықтардың өзі суға толып, жол үстіне ақтарылып жатады. Ал көп көшеде су арнасы мүлде жоқ. Ол болмаған соң су қайда барсын. Бұдан кейін жол саларда, бордюрларды орнатарда су ағар мәселесі билік назарында болса екен, – дейді қала тұрғыны Мұрат Бердіхан.

Қаратай Тұрысов көшесінің тұрғындары қар ерісе де, жаңбыр жауса да одан жиналған судан зәрезәп болғандарын айтуда. «Айналамыз толған мекемелер. Мұнда бірнеше мейрамхана қатар орналасқан, бағдаршамның қасында монша бар. Ал жолдың арғы бетінде «Ыдырыс» мейрамханасы тұр. Бұл көшенің бойында арық атымен жоқ. «Мөлдір», «Жеті қазына», жолдың қарсы бетінде «Sulpak» сауда үйі бар. Көлік бір тынбайды бұл көшеде. Қашан көрсең су көлкіп жатады жаңбырдан соң. Жол да содан тез бұзылады. Бағдаршамнан жаяу өту былай тұрсын, көше бойымен жүрудің өзі мұң болып қалады кейбір күндері. Көліктер болса су шашып өтеді үстіңе. Осы көшеге арық жүргізбесе болмайды. Қаланың орталығында тұрамыз. Бірақ, көшемізде дұрыс арық жоқ. Бұрын болған ирригация жүйелері көміліп қалған. Қала билігі осы біздің көше мәселесін шешіп берсе екен ертерек, – дейді қала тұрғыны Биғаша Шералы.

Көше тұрғындарының назы орынды. Және бір атап өтерлігі, соңғы жылдары көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жақсы жолға қойылып отыр. Бірақ, мұнда да суағар мәселесі назардан тыс қалып келеді. Мәселен, Жайлау шағын ауданында аула аралық жолдарға асфальт жабыны төселіп, шеті бетон бордюрлермен құрсауланғанда суағарлар ескерілмей қалған. Қазір онда жаңбырдан соң көлшіктер пайда болып, су жиналып, иіріліп тұрады. Бұған бей-жай қарамаған кейбір аула тұрғындары ирригация жүйелерін тазалап, көзін ашуда. Бірақ елдің бәрі бірдей емес қой. Басқаларының ауласы жаңбыр жауғанда кішігірім көлге айналады. Ал, алда көктемнің жаңбырлы күндері келе жатыр. Яғни, көшенің «көлге» айналуының көкесі алда деген сөз...

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

 

 

Ұқсас жаңалықтар