
«Жазайын десем Ыбырайды,
Сөйлемім жан-жаққа ыдырайды.
Ішінде түгі де жоқ мына дәптер,
Елестетер «екі» деген сұмырайды», – деп жаздым да, дәптерімді жауып, мұғалімге тапсырдым. Бір-екі күннен соң, әпкейіміз сыныпқа кіріп келді де «Қазір мен сендерге Қасқырбайдың шығармасын оқып берейін», – деп бәрін жинап, жалғыз шумағымды оқып берді. Сыныптастарым ду етіп күлді. «Бұған енді қанша қояйық?», – деп әпкей оқушыларға сынай қарады. Барлығы келісіп алғандай «бес, бес» деп жатыр. Апайымызға мың алғыс, шынында «бес» деген баға қойды. Міне, өлеңнің құдіреті. Одан кейін 9-сыныпты бітірген жылы шөпшілерге жәрдемдескеніміз есімде. Кәдімгідей үлкен кісілермен еңбекке араласып, шөп шаптық. Қожабаз деген жер бар еді. Неғып екенін, жұмысшылардың жағдайы онша болмады. Тамақты былай қойғанда, ауыз судың өзі уақытылы жеткізілмейді. Жылымшы бірдеңе... Бірлі-жарым өлеңдерім газетке шығып тұратын кез. «Қасқырбай, өлең жазатын өнерің бар ғой. Мынаны жазбайсың ба? Мына қорлықты өлең қып жазсаң елдің рақметін алар едің», – деп шаруалар кеу-кеулеп қоймады. Содан отыра қап жаздым.
«Ауылдың қонған жері – Қожабазда,
Ішіміз толып кетті өкпе-назға.
Аз ғана ет, жылы сумен қоректеніп,
Қорлықты көріп жүрміз осы жазда», – деп басталып шұбырып кете береді. Содан бір кезде шөпшілер «Бізде мынандай өлең бар» деп, қос басына келген инженерге оқып берді. Инженердің артынан совхоз директоры келді. Оған да оқып берді. Сонда директор: «Мынау өлеңді де құрт, анау баланы да құрт», – деп бұрқ ете қалды. Өзі де тамыз айының аяғы, оқу жылы басталайын деп қалған кез еді. Кетуге тура келді. Шөпшілер алғысын жаудырып жатыр. Мен кеткеннен кейін шөпшілердің жағдайы шынында жақсарыпты.
Енді жігіт кезімізде бірде жаздың күні Шорабек Айдаров, Серік Қалиев үшеуміз қалада автобусқа міндік. Шорабек екеуміз онсыз да қап-қарамыз, шілденің ыстық күні тіптен күйдіріп жіберген. Автобустағы жолаушылар жолақысы деп бір-бірі арқылы бес тиындарын бере бастаған. Бір қазақ қыз Шорабекке тиынын ұсынып «передайте» деп еді. Шорабек қызға қарап тұрып: «Немене, мен орысқа ұқсаймын ба?!» дегені. Автобустың іші қыран-топан күлкі.
Қасқырбай НАРБАТЫР,
ақын.
Ұқсас жаңалықтар
Автожол мамандығы – болашақтың кәсібі
- 3 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді