
Салтанатты іс-шараның алдында белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлері өнер көрсетіп, байқауға үлестерін қосты. Өнерлі ардагерлер әуезді әндері мен кербезді билерін билеп, халықтың қошеметіне бөленді.
Байқаудың басты мақсаты – ұлылардың ұлы болуына ықылым заманнан бері ұрпақ сабақтастығы арқылы ғасырдан ғасырға жетіп отырған жанұя тәрбиесінде әжелердің орнын айшықтау. Ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, қазіргі жастарға текті халықтың ұрпағы екенімізді ұмыттырмау, бабалар салған дара жол – ата дәстүрімізді, салт-санамызды, әдебиетіміз бен тарихымызды, тіліміз бен дінімізді насихаттау.
– Бұл байқау Ораза айтпен және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Байқауда бес бірдей көпті көрген, көненің көзі – ақ жаулықты әжелеріміз бағын сынауда. Іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – өсіп келе жатқан жаңа толқын, жас буын ұрпақты әже ақылына шомылдырып, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізбен, қолөнермен таныстыру, ұлттық құндылықтарымыз бен руханиятымызға үлкен үлес қосу, – дейді Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова.
Бес қатысушысы бар байқау бес кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде «Асыл әжем, ақ әжем, ақ жаулықты дана әжем» атты тақырып аясында ақ жаулықты әжелеріміз өздерін өлең шумақтарымен, әуезді әндерімен таныстырып шықты. Екінші кезең – «Әженің ақыл қоржыны». Бұл кезеңде байқауға қатысушы әжелер ұлттық салт-санамыз бен ұмыт қалған дәстүрлерімізді жаңғыртып, рухани болмысымызды қайта еске салды. «Ата мұра – асыл қазына» атты үшінші кезеңнің шарты бойынша ақ жаулықты әжелеріміздің өз қолымен жасаған қолөнер туындылары бағаланды. Қолөнер сайысында әжелер өз қолынан шыққан тоқыма, құрақ көрпе, ою-өрнек сынды еңбектерін халыққа паш етті. Төртінші кезең – «Әжеммен өмір ажарлы». Бұл кезеңде әжелер немерелерімен бірге сынға түсті. Әже мен немере арасындағы өнер көрерменнің көңілінен шығып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Соңғы, бесінші кезең – «Қонақжайлылық – ата дәстүріміз». Бұл кезеңде байқауға қатысушы әжелер үй тапсырмасын орындап, өз отбасының сүйсініп жейтін ұлттық тағамдарын дайындап әкелді. Олар дайындаған тағамдарының жасалу жолын түсіндіріп, құрамымен бөлісті.
Он жылдан бері дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан байқаудың қорытындысы бойынша, ақ жаулығы желбіреген барлық асыл әжелер мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аят БАТЕЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді