
Ақын Темірхан Медетбек: «Тұманбай Молдағалиев – қазақ лирикасының королі. Оның лирикасында құс қанатының сусылы, желдің уілі, судың сылдыры, жапырақтардың сыбдыры естіліп тұрады. Ол – дүниедегі тебіреністер мен тербелістердің ақыны» деген екен. Расында да солай.
Биыл ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 90 жыл толды. Мерейлі дата қазақ даласының түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Бұл ақынға, оның шығармашылығына деген құрметтің белгісі. Сондай шаралардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінде Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы мен әскери бөлім мамандары бірлесіп «Ақынның жауһар жырлары» атты әдеби-сазды кешін өткізді.
Онда әскери бөлімнің сарбаздары мен болашақ ұстаз – студенттер, орталық мамандары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, сыршыл әндерін жанды дауыста орындап, Тұманбай ақынның өмірі мен шығармашылығынан тың деректерді бөлісті.
Сарбаздардың арасында орындалған ақынның «Анашым», «Ауылымды сағындым» әндері шын мәнінде әсерлі естілді. Ана деген мәңгілік сағыныш екені рас. Әсіресе, жырақта жүрсеңіз. Біз келгенде кей сарбаздарды туыстары, бауырлары келіп, бір күндік «серуенге» алып кетіп жатты. Сол сәт көз алдымызда ерекше сақталғандай. Өйткені, сағыныш сезімімен қатар олардың бойын мақтаныш сезімі де кернеп тұрғандай болды.
Тұманбай ақын жырларында туған жерге деген сүйіспеншілік, адалдық, достық, махаббат пен адамгершілік сынды асыл қасиеттер жырланды. Бұл құндылықтар – әрбір жауынгер үшін де қасиетті ұғымдар. Өйткені, Отан алдындағы парызды өтеу, елді, жерді қорғау – тек батырлық қана емес, жүректегі шынайы сүйіспеншілікпен атқарылатын ұлы міндет. Оны жас сарбаздарға жеткізу – іс-шараның басты мақсаты еді.
500-ге жуық әннің сөзін жазған Тұманбай ақынның кеші өзінің төлқұжатына айналған әндері – «Бақыт құшағында» өлеңімен басталып, әскерде борышын өтеп жүрген сарбаздардың достық әні «Жан досыммен» тәмамдалды.
Аталмыш әскери бөлімнің офицері Салтанат Әзімхан Тұманбай ақынның кешінен кейін өз пікірімен бөлісті: «Әскерде жүрген әр сарбаз Отан алдындағы борышын өтей жүріп, олар үйдің, ата-ананың, бауырдың, уақыттың, тіпті еңбектің қадірін ұғады. Әрине, әскер – ойын алаңы емес. Ол нағыз елін сүйген ер азаматтарды тәрбиелейтін үлкен мектеп. Кейде ел арасында әскерден үрке қарап, келеңсіз жағдайлар туралы хабарлар тарап жатады. Дегенмен осындай тағылымды, рухани азық болатын шараларымыз, жаңалықтарымыз аз емес.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып, бір жыл бір нанды бірге бөлісе жүріп, олар мұнда өмірлік дос табады. Әр сарбаз – жеке тұлға. Олардың қызығушылықтары да, әскерден тыс айналысатын ісі де әр алуан. Арасында неше түрлі өнерпаздар да бар. Бірақ олардың барлығын біріктіретін – әскер қатарында бірге болған ыстық кездері. Өмірде де қарасаңыз, нағыз достықтың үлгісін әскерде бірге болған азаматтар көрсетіп жатады. Бұл да ер азаматтардың өмірінде болуы керек тәжірибе деп білемін. Ал Тұмағаның жырлары арқылы бүгінгі кешке қатысқан әр сарбаз ұмытылмас әсер алып, көңілдері жадырай түскенін аңғару қиын емес».
Іс-шара соңында өнерпаздар әскери бөлім командирінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Туғаннан-ақ жанымды тербетті өлең...
- 6 сәуір, 2025
Орталықта жылына мың адам оңалтудан өтеді
- 6 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді