«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Нұрғиса және Шәмші – қазақ музыка өнеріндегі дара тұлғалар

Нұрғиса және Шәмші – қазақ музыка өнеріндегі дара тұлғалар
Официальный сайт Мемориального музея Н.Тлендиева
КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, сазгер-күйші, дирижер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жасқа толуын елімізде кең аталып өтілуде. Оның көзі тірісінде-ақ халық арасында аңызға бергісіз нешебір қызықты әңгімелер мол болатын. Әсіресе «қазақтың вальс падишасы» атанып халық сүйіспеншілігіне бөленген сазгер, Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқов туралы ел аузында айтылатын әңгімелер аз емес. Оның біразы шын өмірде болған оқиғалардан алынған болса, ал енді екіншілері халық қиялынан туған дүниелер. Солардың жалпы жұртқа беймәлім бір-екеуіне ғана көз жүгіртіп, қысқаша баяндап, еске түсіріп көрелік. Сонымен...

Нұрғиса мен Шәмші аралас- құралас, көңілі жақын кісілер болғаны халыққа белгілі. Бір кездескенде Нұрғиса Шәмшіге шалғай аудандарға барып, онда қысы-жазы еңбек етіп, ел байлығын тасытып жүрген қарапайым еңбек адамдары жайлы ән шығару туралы ұсыныс жасайды. Шәмші бұл ұсынысты қабыл алады. Сол жерде Нұрекең Жамбылға телефон шалып, сол кездегі облыс басшысы Х.Бектұрғановқа өз ойларын жеткізеді. Хасекең бұл ұсынысты қолдап Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына қоңырау шалып, «Белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов сіздерге барады. Шығармашылық жолсапарда жақсы әндер туатыны белгілі, Шәкеңе бар жағдайды жасаңдар», – деп тапсырады.

Сөйтіп, Шәмші қасына ақын досы Нұрсұлтан Әлімқұловты ертіп Мойынқұмға барады. Сол ауданды бір аптадай аралап, зерделеп, сазгер «Мойынқұмда ауылым» атты тамаша әнін жазған екен.

Мойынқұмда – ел жайлауы,

Ел жайлауы – көк шалғын.

Хан тауы мен Жамбыл тауы

Кең жайлауы достардың»,

– деп келетін тамаша ән бүкіл елге лезде тарап кетеді.

Сол кезеңде Мойынқұм ауданын басқарып отырған Айтбай Назарбеков сазгерге риза болып, аудан тұрғындары атынан Шәмшіге «Жигули» көлігін мінгізіпті.

Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов өмірде сабырлы, салмақты, әр нәрсеге байыппен баратын ойлы да саналы басшы болғанын әр жылдары қызметтес болған үзеңгілес замандастары, жалпы көпшілік осы күнге дейін жыр ғып айтып отырады. Ол әркез қызмет еткен өңірлерде мәдениет пен спорт саласына ерекше көңіл бөліп, талантты композиторларды шақырып, сол өңір туралы талай ән жаздырған екен. Мысалы, Қызылордада жүргенде Ш.Қалдаяқовты арнайы шақырып, «Сыр сұлуы» әнін жаздырса, Жамбылда жүргенде сол кісінің қолдауымен «Мойынқұмда ауылым» әні дүниеге келген екен. Берекелі де зерделі Хасан Шаяхметұлының азаматтылығын, іскерлігін, мемлекетшілдігін, ұйымдастыру қабілетінің жоғары болғанын көпшілік әркез айтып отырады.

Қазақтың біртуар ұлы, көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев қызметінің қауырттылығына қарамай, халқымыздың өнер саласына да әрдайым ерекше көңіл бөліп отырған. «Музыка адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана-салтымызға баулитын сиқырлы күш», – деп Димекең ұлттық музыка туралы толғана ой түйіпті. Ол Нұрғиса мен Шәмшінің сазгерлік өнерлеріне тәнті болып өткен саналы азамат. Тілендиевтер отбасы Дінмұхамед Ахметұлының отбасымен жақын араласады, тіпті көрші тұрған. Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра (Дінмұхамед пен Зухра Қонаевтардың құрметіне осылай аталған) бала кезінде Димаш ағаның үйінде жиі қонақта болғанын айтады өз естеліктерінде.

Бір реті келгенде Нұрағаң республика басшысына тұрмыстық жағдайы онша келіңкіремей жүрген Шәмші туралы құлаққағыс етеді. Дінмұхамед ағамыз Шәмшінің өнерінен хабардар, оның әндерін сүйіп тыңдайды екен, қабылдауға бірден келісім береді. Нұрғиса Шәмшіні тауып, үстіне жаңа костюм кигізіп, мойнына әсем галстук тағып, Қонаевқа дедектетіп алып келсе керек. Атшаптырым бөлменің төрінде отырған Дінмұхамед ақсақал екі сазгерге жылы қабақ танытып, орнынан тұрып, Шәмшімен қол беріп амандасады. Жайғастырып отырғызған соң, үлкен кісі жағдай сұрап қазақ музыкасы туралы толғана әңгіме қозғайды, дарынды композиторға жақсы тілек айтып отырып, «Қандай өтінішің бар?» деп сұрайды.

– Бірінші өтінішім, газет-журналдарда жарияланып, әр жерде шашылып жүрген әндерімнің басын қосып, жиып, жеке кітап етіп шығарғым келеді. Одан кейін Алматының ең шетінде, ықшамаудандағы бір бөлмелі пәтерімді орталыққа ауыстырғым келеді, – дейді Шәмші үлкен кісіден қысылып.

– Жарайды, ол өтініштерің орындалады, қалқам. Ал сен менің өтінішімді орындайсың ба? – деп Димекең сынай қарайды.

– Сіздің айтқаныңызды орындамай не болыпты, Димаш аға. Орындаймын!

– Орындасаң, сен анауыңды қойсаңшы...

Әңгіменің ішімдік туралы екенін бірден іші сезген Шәкең:

– Аға, айтқаныңыз болады, орындаймын.., уәде етемін, орындаймын… – деп қызарақтап, күле берген көрінеді.

Сөзінде тұрып, Димекеңе берген уәдесін орындаған Шәмші өмірінің соңғы жиырма жылында ішімдікті татып алмай кеткен. Бұл да болса жақсылардың шарапаты болған болу керек.

Мәскеудің консерваториясында білімін жетілдірген алғашқы қазақ, талантты сазгер Нұрғиса Атабайұлының қазақ өнерін дамытуға, оны әлемге танытуға еңбегі зор. Ол тек ән жазумен шектелмей, қаншама керемет, әсерлі күйлерді дүниеге туғызды. Қазақ киносының шедеврасына айналған «Қыз Жібек» кинофильміндегі ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін «тірілтіп», жаңғыртқан, еліміздің табиғатының керемет, кербез, көзтартар сұлулығын суреттеген фильмнің әсерлі музыкасын жазған Нұрғиса Тілендиев екенін біреу білсе, біреу білмейді. Тек аталған фильмге ғана емес, ондаған қазақ кинофильмдерінің («Менің атым Қожа», «Қауын», «Қызыл үй», «Бандыны қуған Хамит», «Балалық шаққа саяхат», «Көгілдір маршрут», «Алпамыс мектепке барады» және т.б.), бірнеше анимациялық фильмдерінің («Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан») музыкасын жазып, сырлы әндер мен әуездермен көркемдеген. Бұл аз жұмыс емес. Алла Тағала сондай дарын берген Нұрғиса ағамыздың қазақ музыкасына, күй өнеріне қосқан үлесі таңғаларлық, ғажайып феномен. Мысалы, 1980 жылы Қазақ филармониясы жанынан ұлттық академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» ансамблін, кейінірек оны оркестр етіп құру кеңес заманында, компартияның қылышынан қан тамып тұрған кезде оған жеңіл болды дейсіз бе? Ұлтын құрметтеу, ұлтжандылық, ат-баба дәстүрін сақтап қалу ниеті оның бойынан әркез атойлап тұрды. «Отырар сазы» ансамблін құрарда өнерзерттеуші, музыкатанушы, қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жинаушысы Болат Сарыбаев екеуі ұмыт қалған қанша ұлттық музыка аспаптарды өмірге қайта әкелді. Мұндағы қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптардың орындауындағы шығармалар өзінің ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Кейіннен оркестрдің аспаптар құрамы кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, сазген, аса шертер, адырна, даңғыра, т.б. музыкалық аспаптармен толықтырылды. Репертуарында халық күйлері «Кеңес», «Салкүрең», «Сарыөзен», халық композиторларының Тәттімбеттің «Қосбасар», «Сарыжайлау» , «Сылқылдақ», Сүгірдің «Кер толғау», «Бес жорға», Ықыластың «Ерден күйі», «Қамбар батыр», осы заманғы қазақ композиторларының М.Төлебаевтың «Еске алу», Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Аңсау», «Көш керуен», К.Күмісбековтің «Фараби сазы», «Қорқыт күйі» шығармалары бар. Ғажап, таңғаларлық еңбек! Еркін төгілген әсем әуен, сымбатты ырғақ, нәзік лиризм, азаматтық пафос пен динамикалық серпін – композитор шығармаларына тән қасиет.

Біздің Жамбыл облысында Шәкеңнің 18 жыл өмір сүргені, осы өңірде оның ондаған тамаша туындылары өмірге келгені туралы біреу білсе, енді біреу білмес. Олар жоғарыда аталған «Мойынқұмда ауылым» және «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы», «Келін келді», «Алмас», «Сағынышым менің», «Саған айтам...» т.с.с.

1986 жылы Ш.Қалдаяқов ағамыз демалыс күндердің бірінде асқынған соқыршекпен (острый аппендицит) біздің облыстық ауруханаға түскені бар. Кезекші хирургпін. Көмекке шақыратын дәрігер жоқ. Бар жауапкершілікті өзіме алып, жедел хирургиялық ота жасап, біраз қиындықтар болғаны да есімде. Содан, Шәкең ауруханадан шығуға асықпады. «Отбасым Алматыда екенін білесіздер ғой. Біраз күн жата тұрайын» деген өтінішін айтты. Кең заман емес пе, сазгер аға бір айға жуық стационарда болды. Кезекшілік еткен түні, шай қойып, дастарқанға шақырамын. Басты мақсат – Шәкеңнің әңгімелерін тыңдап, жиі айтылып жүрген әндерінің туу тарихынан мәлімет алып қалу. Сөйтіп, талай түндер әңігіме-дүкен құрғанымыз бар. Әңгіме барысында базбір музыка сазгерлері жөнінде де айтылады. Бірде, әңгімеден әңгіме туып:

– Шәке, бұл күндері есіміңіз елге танымал композиторсыз. Сіздің әніңізсіз қазақтың бір тойы, басқосуы өтпейтіні рас. Әндеріңіз көпшілкке тез тарап, ел арасында жас баладан кәріге дейін айтылып жүр. Сізді «вальс падишасы, королі» деп жатады білгірлер. Сөз жоқ, қазіргі қазақ өнерінің майталманысыз. Ал, енді өзіңіз пір тұтатын сазгер- композитор қатарына кімдерді жатқызар едіңіз?

– Ой, айналайын, інім-ай! Мына сұрағыңа менің жауабым дайын. Ол – Естай. Оның «Қорланы» керемет, қайталанбас дүние, ән өнерінің шыңы десек те болады. Онда зарлы замандағы қазақтың басынан өткен қасіреті, қайғысы, мұңы, көз жасы, іштегі у-шері керемет орын алған. Ол әнді тыңдағанда мен ерекше бір күйге енемін, бойымды бір тылсым жұмбақ сезім билейді, терең толғандырады, иіңді жібітеді. Сірә, менің ойымша, бұл сол әннің кереметтілігі болуы керек. Міне, нағыз ән деп осыны айт, ән шығарсаң осылай жаз!.. Ал, қазіргі сазгерлерді алсақ, ол – Нұрғиса (Нұрғиса Тілендиев). Нағыз Алла Тағала жаратқан талант иесі. Оны ешкіммен салыстырып, қатар қоя алмаймын. Оның күйлері, әндері қазақ өнеріне келіп қосылған ұмытылмайтын, ескірмейтін жауһар дүниелер... Нұрғиса ағаларың қазақ музыка өнеріндегі жарық жұлдыз! Феномен, самородок! Қаншама керемет дүниелер әкелді! Оның өнеріне өзім бас иемін..., деп әңгімесін сабақтады. – Бала кезінен өнерге жақын болған. Өйткені әкесі Атабай атақты домбырашы, күйші болған. Оның бірнеше күйлері қазақ музыкасының алтын қорына енген. Нұрғисаның жолын ашқан әйгілі композитор, академик Ахмет Жұбанов. Бір күні Ахмет Жұбанов Нұрғиса тұрған үйдің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін естіп қалады. Ұлттық аспапта сонша шебер ойнап отырған кім екенін білгісі келеді де, алты жасар баланы көріп, анасынан ұлының тағы бір рет домбыра тартып беруін сұрайды. Шешесі Салиқа келіседі. Бірақ тіл-көз тимесін деп баласы мен Жұбановтың ортасына шымылдық іліп қояды. Ахмет Қуанұлы баланың домбырада ойнауын ұйып тыңдап, оған музыка училищесіне баруға кеңес береді. Училищеде баламен басқа композитор Латиф Хамиди айналысып, оны би класына жазып қояды. Іссапардан келген А.Жұбанов талантты домбырашы балет сабақтарына барып жүргенін көріп, дереу музыка класына ауыстырады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда он алты жастағы Н.Тілендиев төлқұжатына екі жас қосып жаздырып, әскер қатарына алуды өтініп, арыз жазып 1943 жылы майдан даласына аттаныпты. 1945 жылдың 9 мамырына дейін Курск шайқасынан бастап Берлинді алғанға дейінгі сарбаз жолымен жүріп өтеді, бірнеше рет жараланады. Оған қарамай Нұрғиса Тілендиев әскери қызметті жалғастыруды ойлаған болатын. Бірақ, Ахмет Жұбанов әскери округ бастықтарына соғыстан соң елде талантты музыканттарға деген қатты сұраныс болатынын жеткізіп, Тілендиевті қайтару туралы өтініш жазады. Ақыры Нұрғиса 1945 жылдың қазанында әскерден босатылады. Ахаңның, Ахмет Жұбановтың қамқорлығы мен көрегендігінің арқасында, бүгінгі ғасыр сазын тербеткен дара тұлға Нұрғиса ортамызда аман-есен жүр. Нұрғиса А.Жұбановты өмір бойы қастерлеп кетті. «Жұбанов мені бәріне үйретті: халық музыкасы мен классикалық музыканы түсіну мен сүюді, еңбектенуге және шығармашылықтан қуаныш алуға үйретті, өмірді сүюге үйретті. Мен ол кісіге қарыздармын», – дейді. Тәубе! Ол – қазақтың қазіргі танымал сазгерлерінен оза шауып жүрген талантты азамат, дара тұлға, – деп Шәмші ағамыз толғана әңгімелеп еді. Шәкең – Шәмші Қалдаяқовтың әңгімелерінен сол жолы біз қазақтың музыка өнері жайлы талай құнды мәліметтер алып едік, Бірде:

– Татымды әңгімелеріңізге көп рақмет. Халық арасында сақталып қалған талай керемет әндер бар емес пе. Олардың біразының авторлары уақыт оза ұмытылып, «халық әні» деп кеткендері бар. Сазгердің шығармасының өмірлі болуына не қажет? – деген сұрағыма ол ойлана отырып:

– Дүниеге талай ән келеді. Бірақ халық арасында олардың ішінен тұрақтайтындары шамалы. Жалп еткен ұшқындай немесе жазғы көбелектей ғұмыры бір айлық, бір жылдықтары да бар. Жұрттың есінен тез-ақ шығып кетеді. Желпіп өткен желдей өтті, кетті. Жалпы халыққа жағып, есінде қалатын, ұзақ жасайтын ән туғызу кім болса соның қолынан келе бермейді. Ән жазсам ол әсері, таза жүректерге тамыр жаятындай етіп жазғым келеді. Аз жаз, бірақ саз жаз. Ұрпақтан ұрпаққа ауысатын ән жазу үшін елдің тарихын, салт-дәсүрін, жұрттың көңілін, жүрек дірілін, сана- пейілін, ішкі дүниесін жаныңмен, жүрегіңмен ұға білу керек. Сонда ғана жазған туындың өмірлі болады, – деп жауап беріп еді композитор ағамыз.

– Айтпақшы, ел арасында Нұрғиса белгілі ақын Мұқағалиды (Мақатаевты) өз пәтеріне алып келіп, сыртқа бір айдай шығармай, 30-дан астам әндеріне мәтін жаздырыпты деген сөз бар. Сол рас па?

– Иә, солай болған. 1975 жылдың бір күнінде Нұрғиса Тілендиевтің шаңырағына қонаққа ақиық ақын Мұқағали Мақатаев келеді. Екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда Нұрғиса: «Даха, домбырамды берші маған», деп жары Дариғаға (таяуда 79 жасқа қараған шағында өмірден өтті – С.О.) домбырасын алғызып, «Аққу» мен «Арман» күйлерін тартып береді. Осы кезде Мұқағали қолына қаламын алып, ақ қағазға:

Дариға, домбырамды берші маған,

Жаныма келші, жарым, келші балам!

Бейуақ, іңірдегі көңіліме,

Күй болып, күңіреніп енші, далам.

Домбырам, жүрегіммен үндес едің,

Сенімен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,

Өнердің не екенін де білмес едім.

Өсірген өнерімді Қызыр бабам,

Үніңнен айналайын бұзылмаған!

Киелі пернеңе бір қол соқпасам,

Ішегін, жетімсіреп ызылдаған, – деп шимақтайды.

Сөйтіп, бір сәтте «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жолдарын Мұқағали жазып береді. Артынан сазы да жазылады.

Екі таланттың бірігіп жазған біраз әндері халық арасында кең тараған. Мысалы, «Сарыжайлау», «Сәлем саған Жетісу», «Ошақ отың сөнбесін», «Мен сені іздедім», «Есіңе мені алғайсың» және де басқа.

Нұрағаның ел арасында мол тараған әндерінің бірі – «Куә бол» әні. Алатаудың көз тартар Медеу шатқалына Ленинградтан бір топ өнер адамдары келетін болады. Қонақтарды күтіп алу «Қазақфильмде» қызмет істейтін Н. Тілендиевке тапсырылады. Сол қауырт сәттерде көптің ішінен талдырмаш сұлу бойжеткен Нұрғиса ағамыздың көзіне түседі. Ретін тауып онымен танысады. Есімі Дариға, киноактриса, жасы 19- да. Нұрағамыз едәуір ересек, 42 жасқа келген кезі (көпшілік біле бермейтін бір жайт: Дариға Омароваға дейін Нұрғисаның Натэлла Саимова деген жұбайы болған, Одан 1960 жылы Сәуле есімді қызы өмірге келген). Айлы кеште Дариғамен өзен жағасымен қыдырып келе жатады. Бір кезде сазгер өзен жағасындағы тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап: «Куә бол, жұлдыз, Куә бол, айым, Куә бол, Алатауым!», – деп әндете жөнеледі. «Қарындасым, мен осы әнді саған арнаймын», деп Нұрекең Дариғаны құшағына алады. Кейін сөздерін ақын Тұманбай Молдағалиев інісіне жаздыртып алады. Осылайша, «Куә бол» әні дүниеге келеді.

Ұлтымыздың ұлағатты ұлдарының бірі Шәмші Қалдаяқов 1990 жылы 60 жасқа толғанында «Жамбыл қаласының Құрметті азаматы» деген атақ берілді. Бұл ұлттық саз өнеріне елеулі үлес қосқан абзал азаматқа деген жамбылдықтардың орынды құметі еді...

Қырық жылдан астам шығармашылық қызметінде Ш.Қалдаяқов 300-ге жуық музыкалық туынды жазыпты. Олардың дені тыңдар қауымның жүрегінен орын тауып, қазақ халқының ән өнерін жаңа белеске көтерді. Расында да, оның табиғат берген ғажап шығармашылық қасиеті, қанға біткен аса ерекше таланты өмірге көптеген таңғажайып саз-әндерді дүниеге әкелді. Сөйтіп, Шәмші ұлттық мәдениеттің өсуіне, көркеюіне зор үлес қосып, тамаша жетістіктерге қол жеткізді, талайдың жүрегін лүпілдетіп, сағыныш сезімін оятты.

Шәмші – қазақ өнерін үлкен жаңалық және ұлттық бояуы қанық, өлмейтін туындылар олжалаған аса дарынды сазгер екендігін дәлелдеген өнерпаз. Ол Батыс өнеріндегі вальсті қазақ топырағына, қазақ табиғатына жақындатып, ұлтымыздың төл өнері санатына қосып жіберген дарынды композитор. Сондықтан оны қазақ халқы аса құрметтеп «қазақ вальсінің королі» деп орынды мақтан етеді. Шәкеңнің «Менің Қазақстаным» әні еліміздің Әнұраны болып бекітілді. Ал Нұрғиса Тілендиев 500-ге жуық музыкалық туындының авторы. Оның ішінде ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера мен балет бар. Нұрағаға көзі тірісінде еліміздің ең жоғары наградасы «Халық Қаһарманы» атағы берілсе, Шәкең, өкінішке қарай, «Еңбек Ері» атағына өмірден өткеннен соң ие болды. Олардың халқына қалдырған жауһар дүниелері – әндері музыка әлемінде жаңғырып, биікте қалықтап, ғасырлар бойы шырқала бермек...

Иә, жылдар өткен сайын қазақ музыка өнерінің заңғар көктегі жарық қос жұлдызы Нұрағаң мен Шәкең туралы әлі талай тың естеліктер мен тартымды аңыздар айтылып, қызықты әңгімелер мен хикаялар жазылар, қойылымдар мен кинофильмдер түсірілер. Халқымыздың жүрегінің түбінен бекем орын алған ерекше талант пен дарын иелері Шәмші мен Нұрғиса секілді «өмірім – өлең, өлеңім – өнер» деп мәңгілік махаббат, достық, адамгершілік және туған өлке табиғатын тамсана әнге қосып, елін тамаша сырлы әуенге, сиқырлы жырға тербеткен саз өнеріндегі дарабоз асыл жандар есімі мәңгілік.

Қазақ барда Шәмші мен Нұрғиса ағалар есімдері, сірә, ұмытыла қоймас Оған еш күмән, талас, дау жоқ!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург,  медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар