«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жазасын өтеушілердің жартысынан астамы жұмыспен қамтылған

Жазасын өтеушілердің жартысынан астамы жұмыспен қамтылған
Ашық дереккөз
Сот үкімімен кінәлі деп танылып, темір торға тоғытылған азаматтар еркін өмірге қадам басқан соң, табыс көзін іздейтіні белгілі. Демек, пенитенциарлық мекемелердегі арнайы контингент өкілдерін жұмысқа тарту мәселесіне бүгіннен бастап көңіл аударған жөн. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде жазасын өтеушілердің «екі қолына бір күрек» тауып беру мәселесі кеңінен талқыланды.

Облыстық прокуратураның құқықтық мониторинг орталығында өткен жиынға жергілікті атқарушы орган өкілдері, прокуратура қызметкерлері, өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшелері мен қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы қатысты. Басқосуда ең әуелі сөз алған облыс прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев шағын және орта бизнес өкілдерін түзеу мекемелерімен әріптестік тығыз қарым-қатынас орнатуға шақырды. Ол өз сөзінде сотты болған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуде оларды еңбекпен қамтудың маңыздылығы зор екенін атап өтті.

– Бүгінгі таңда түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту – 69 пайызды құрайды. Ал, пробациялық бақылауға алынған сотты болғандардың еңбек етуінің үлесі 70 пайыздан жоғары. Бұл нәтижені бұдан әрі еселеуге әлеуетіміз жетеді. Сол себепті, біз жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін талқыладық. Жақын күндері киім тігу және аяқ киім тігу цехтары іске қосылады деп жоспарлануда. Оған 300-ге жуық жазасын өтеуші жұмысқа орналаспақ, – деді Қанат Есіркепұлы.

Ал, өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиевтің айтуынша, облыс аумағындағы дәл қазір бас бостандығынан айыру орындарында 2 569 адам жазасын өтеуде. Оның ішінде еңбекке жарамды 1 449 азаматтың 993-і жұмысқа орналасқан.

– Атап айтқанда, «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалында – 109, мекеменің шаруашылық қызметінде – 143 және түрлі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерліктерде 741 адам еңбек етуде. Айта кету керек, бұл күнде «Еңбек-Тараз» кәсіпорны филиалының өндіріс аумағы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек мұндағы 15 143,8 шаршы метр электр энергиясы мен тіршілік нәрі қолжетімді. Түзеуде мекемелеріндегі жұмыс істеуге ниетті әрі еңбек әлеуеті бар жазасын өтеуші азаматтардың саны 800-ге жуықтайды, – деді Ерлан Ділдәбекұлы.

Жиын соңында жергілікті атқарушы орган өкілдері, кәсіпкерлер палатасы және түзеу мекемелерінің басшылығы сотталғандарды қолдау әрі олардың еңбекпен қамтылуына мүдделік таныту мақсатында меморандумға қол қойды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар