«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Наурыз айы - қандай айтулы оқиғаларымен есте қалды?

Наурыз айы - қандай айтулы оқиғаларымен есте қалды?
Ашық дереккөз
Наурыз айы еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Әдеттегідей, Мемлекет басшысы Ақордада саяси және экономикалық тұрғыда маңызды қабылдаулар мен кездесулерге қатысты, елдің ішкі саясаты мен экономикасын нығайтуға қатысты бірқатар маңызды шешімдер қабылдап, келелі жиындар өткізді. Сонымен, мерекелі де берекелі наурыз айында Ақордада, жалпы елімізде қандай айтулы оқиғалар орын алды?

 Мерекесі мол берекелі ай

Көктемнің келгенін әлемге паш ететін наурыз айы мерекеге толы күндерімен ерекшеленеді. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл айды азаматтардың бір-біріне деген ризашылығы мен тілектестігінің, шынайы құрметінің символы саналатын – Алғыс айту күнімен құттықтаудан бастады. Сондай-ақ айдың алғашқы күні Президент қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген Рамазан айының басталуымен де құттықтады. Ал 7 наурызда Мемлекет басшысы Ақордада өткен Халықаралық әйелдер күніне арналған марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, әлемге сүйіспеншілікпен қарайтын, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүретін әйелдер қауымына жылы лебізін жеткізді. «Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-келіншектерді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік жылдары өз саласының үздігі атанған 8 әйелге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді», – деген Мемлекет басшысы салтанатты жиында еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген бір топ әйел азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.

Өткен айда Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен, сонымен қатар айдың соңғы күндеріне сәйкес келген Ораза айт мерекесімен құттықтап, татулық пен бауырмалдық, жақсылық пен игілік салтанат құратын осы қастерлі мерекелерде халқымыздың берекелі бірлігін одан әрі нығайта түсуге шақырды.

Қарқынға қарқын қосар қабылдаулар

Наурыз айында Президент Ақордада бірқатар ведомсво басшылары мен облыс әкімдерін, басқа да маңызды сала жетекшілерін қабылдап, тиісті тапсырмалар берді. Алғашқы аптада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдау барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысының былтырғы әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды. Нұралхан Көшеровтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында мақта, жүгері және ет кластерлерін дамытуға айрықша мән беріледі. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту қолға алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың жаңа басшысына бір күн бұрын қол қойылған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңда айқындалған міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін Үкіметпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды.

Еске салсақ, Президент 3 наурызда Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңға қол қойған болатын.

Келесі күні Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековті және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдаған Президентке аталған облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспарлары таныстырылды. Ұлытау облысы әкімінің айтуынша, былтыр өңірге 226 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл құны 138 миллиард теңгені құрайтын 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі салаларға тартылған инвестиция мен өндіріс көлемінің өскенін атап өтті. Жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 46 жаңа өндіріс орны іске қосылған. Президент әкімдерге облыстардың экономикасын әртараптандыру, қайта өңделген өнім экспортын кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өткен айда Абай облысының әкімі Берік Уәлиді, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновті, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қарасты Дипломатия институтының директоры Алексей Волковты қабылдады. Ал, 18 наурызда Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдаған Президентке еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өркендеудің жаңа бағыттары және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жұмыстары жөнінде баяндалды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын қолдау, инвестиция тарту және әлеуметтік саясатты жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Айдың айтулы оқиғаларын айтсақ...

Өткен айдағы маңызды оқиғалардың бірі – 14 наурызда Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Президент Көкше төріндегі құрылтайда осыдан үш жыл бұрын наурыз айында жариялаған Жолдауына сай жүргізілген қоғамдық-саяси реформаларға тоқталып, ел ішіндегі оң өзгерістерді атап өтті. Ұлттық құрылтайда экономикалық-әлеуметтік дамудан бастап рухани құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі, халықтың талап-тілектері мен өтініштері сынды бірқатар мәселелерді жинақтаған 120-дан астам ұсыныс енгізілді. Енгізілген ұсыныстар қоғамның әртүрлі салаларының дамуына тікелей әсер ететін көптеген мәселелерді қамтиды. Бұл білім, ғылым, әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері болып табылады.

18 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру үшін қабылданған Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына сай былтырғы атқарылған жұмыстардың нәтижелері қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІV сессиясын шақырды. Сессия 23-24 сәуір күндері Астана қаласында өтетін болды.

Сонымен қатар жақында Президент Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның құрамын өзгертті.

Барыс-келістің берері мол

9 наурызда Мемлекет басшысы елімізге келген Италия Президенті Серджо Маттарелламен кездескені белгілі. Бұл кездесу екі ел арасындағы шынайы достықтың көрінісі болды. Әңгімелесу барысында президенттер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Мемлекет басшысының айтуынша, Италия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің арасында үшінші орын алады, сондай-ақ экономикамызға қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 20 миллиард АҚШ долларына жуықтаған. Қазақстанда кәсібін жүргізетін 250-ге тарта италиялық компания мұнай-газ, жаңартылатын энергия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Өткен айдың екінші онкүндігінде Мемлекет басшысы Әзербайжанның Сыртқы істер министрін қабылдады. Астанаға келген Джейхун Байрамовтың бұл ресми сапарының сан қырлы мемлекетаралық байланысты одан әрі нығайту тұрғысынан маңызы зор екені белгілі. Мәселен, біздің еліміз үшін бауырлас Әзербайжанмен қарым-қатынас ерекше маңызға ие. Президенттің: «Біз сіздің еліңізді сенімді стратегиялық серіктес және одақтас ретінде қарастырамыз», – деген сөзі осының айқын айғағы деуге болады.

Мемлекет басшысының Presight.AI компаниясының басқарма төрағасы Томас Прамотедхаммен кездесуі барысында Қазақстанда өнімділігі жоғары есептеу, цифрлық трансформация және озық технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды. Технологияны локализациялау және қазақстандық компанияларды бірлескен жобаларға тарту мәселелеріне айрықша назар аударған Presight.AI басқарма төрағасы отандық IT-компаниялардың біліктілік деңгейін жоғары бағалады және олармен ұзақмерзімді серіктестік құруға қатысты ниетін растады.

Сол күнгі Мемлекет басшысының Халықаралық серіктестік жөніндегі еуропалық комиссар Йозеф Сикеламен кездесуінде маңызды сыртқы экономикалық және инвестициялық серіктес ретінде Ұйыммен жан-жақты стратегиялық ынтымақтастыққа басымдық берілетіні айтылды. Елімізге сапармен келген СNNC компаниясының бас директоры Шэнь Яньфэн де Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Қытайдың Ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының басшысымен кездесуде атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Қазақстан Қытай Халық Республикасының атом энергетикасында көшбасшы саналатын CNNC тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Соған орай Шэнь Яньфэн компанияның Қытайдағы және одан тысқары жерлердегі жобалары туралы мәлімет беріп, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланатын озық технологияларды зерделеу және қазақстандық мамандарды оқыту бағытындағы ықпалдастық мәселелерін сөз етті.

Мемлекет басшысы өткен айда елімізге келген АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының мүшесі Кэрол Миллерді, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаоны, Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянды, Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласты қабылдап, елдер арасындағы екіжақты іскерлік қарым-қатынастар жайлы әңгімелесті.

Телефонмен тілдесіп, жеделхат жолдады

Өткен айда Қазақстан Президенті бірқатар мемлекеттердің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, кей елдерге атаулы күндерге орай жеделхаттар жолдады. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы тілдескен Финляндия Президенті Александр Стубб екі ел арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беру үшін биыл қазан айында Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді. Израиль тарапының бастамасымен Қазақстан басшысымен телефон арқылы болған әңгімелесу барысында Ицхак Герцог Қасым-Жомарт Тоқаевты Наурыз мерекесімен құттықтап, Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту перспективасын талқылады. Айта кетсек, Израиль Президенті биыл Қазақстанға сапармен келеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинмен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен, Израиль Президенті Ицхак Герцогпен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен және Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесіне орай бірқатар елдің басшыларына құттықтау жеделхаттарын жолдап, Өзбекстан, Қырғыз, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркия, Иран, Ирак Президенттері мен Пәкістан Премьер-министрін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысы Грекия Президенті Константинос Тасуласты Тәуелсіздік күнімен, Болгария Президенті Румен Радевті осы елдің ұлттық мерекесі – Азат ету күнімен және Бангладеш Президенті Мохаммад Шахабуддин Чуппу мен Бангладеш халқын елдің ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Біз – одақтас елдерміз»

29 наурызда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға жұмыс сапарымен келуі көктемнің алғашқы айындағы маңызды оқиғалардың бірі деуге болады. Мәртебелі мейманды Алматы әуежайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Сапар барысында мемлекеттер басшылары Алматы тау шаңғысы кластерімен танысты. Қала әкімі Ерболат Досаев президенттерге Іле Алатауының асқаралы шыңдарын көрсетіп, Кіші Алматы шатқалындағы «Медеу» селден қорғау бөгетін салу тарихы жөнінде айтты. Сонымен қатар шетелдік және жергілікті альпинистер мен туристер арасында танымал бағыттар таныстырылды. Президенттерге Алматы тау кластерін одан әрі дамыту перспективасы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, «Шымбұлақтың» қазіргі тау шаңғысы трассасын 56 шақырымға дейін ұзарту және жаңадан 65 шақырым инфрақұрылым салу жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев «Медеу» мұз айдынын аралап көріп, тау шатқалында орналасқан бірегей нысанның тарихынан сыр шертетін фотокөрмемен танысты. Мемлекеттер басшыларына «Медеуді» орнықты туризм моделі бар әлемдік деңгейдегі орталыққа айналдыруды көздейтін жаңа даму жобасы таныстырылды.

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері AlmatyFair.ai көрмесіне барды. Жасанды интеллектінің дамуына арналған көрмеде мемлекеттер басшылары GovTech, Fintech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысты. Сонымен қатар IT-компаниялардың жетістіктері, инновациялық және білім беру жобалары қойылған арнаулы аймақты аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейіне де ат басын бұрды.

Сол күні Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясында Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің бейресми кездесуі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманның Алматыға сапармен келгеніне ризашылық білдіріп, мұндай бейресми кездесулер жақсы дәстүрге айналғанын айтты. «Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді. Өткен жылы өзбек экономикасының өсімі 6 пайыздан асқанын білеміз. Экономиканың барлық секторындағы мақсатты көрсеткіштер жоспарға сай атқарылып жатыр. Өзбекстан неғұрлым табысты дамыған сайын, біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық та соғұрлым сапалы болады. Сондықтан бүгінгі кездесуде нақты мәселелер бойынша пікір алмасамыз деп ойлаймын», – деді Қазақстан Президенті.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, энергетикалық, су шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықтың перспективасын жан-жақты талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды. Кездесу соңында президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.

Айта кетсек, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен 2017 жылдың наурыз айында келген болатын. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс тәуелсіздік алған соң іле-шала 1992 жылы құрылған еді. Одан соң 1998 жылы екі ел мәңгілік достық туралы келісімге қол қойды. Қазақстан мен Өзбекстан 10 жылға арналған одақтастықты дамыту бағдарламасын бекіткен. «Екі елдің президенттері қысқа мерзімде ынтымақтастық пен интеграцияның жаңа кезеңін бастай алды. Мемлекет басшыларының тұрақты диалогы және олардың жеке достығы Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты қарым-қатынастарының жаңа кезеңге шығуына мүмкіндік берді», деп есептейді қазақстандық саясаттанушы Эдуард Полетаев. Бүгінде Өзбекстан Қазақстанның сауда серіктестері арасында 7-ші орында. Қазақстан көрші республикаға бидай, металл өнімдері, автомобильдер, ұн, мұнай өнімдері, кендер мен концентраттарды жеткізеді. Өзбекстаннан Қазақстанға автомобильдер, жемістер мен көкөністер, құрылыс материалдары мен тыңайтқыштар келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 1400-ге жуық Өзбекстан капиталының, бизнесінің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар, ал Өзбекстанда 1100-ден астам Қазақстан инвестициясымен шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Осы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдете түсу үшін 15 түрлі келісімге қол қойылған.

Кеше Қазақстанға ресми сапармен Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар келді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманның бұл сапары Қазақстан-Словения серіктестігін тереңдетуге септігін тигізіп, кең мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. «Біз Словенияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі негізгі және өте маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастырамыз», – деді Мемлекет басшысы. Президенттің айтуынша, Словенияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жуықтады. Еліміздегі фармацевтика, машина жасау, телекоммуникация және жаңартылатын энергия көздері салаларында Словения капиталының үлесі бар 19 компания кәсібін табысты жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Словенияның көлік-логистика, цифрландыру және инновация, денсаулық сақтау, туризм бағыттарында өзара серіктестікті арттыруға әлеуеті зор. «Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 33 жыл ішінде екі ел арасында бірде бір шешілмеген мәселе болған емес. Мұның экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, өркендетуге мол мүмкіндік беретінін дұрыс атап өттіңіз. Сондықтан өзіммен бірге бизнес өкілдерінің үлкен делегациясын алып келдім. Олар қазақстандық әріптестермен бірге серіктестікті ілгерілетуге қатысты бағыттарды талқылап жатыр. Экономикалық ықпалдастығымыз артып келеді. Дегенмен бұдан да зор жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Президенттер мен саясаткерлер арасындағы байланыстар әрқашан болашаққа бағдарланады. Өйткені саясаткерлер бизнестің көкжиегін кеңейтеді», – деді Наташа Пирц-Мусар.

Қазақстан мен Словения Президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар