«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отандық фильм онкүндігін Жыр алыбы ашты

Отандық фильм онкүндігін Жыр алыбы ашты
Ашық дереккөз
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бастамасымен және облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде «Кино әлемінің 10 күндігі» атты бастаманың ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның басты мақсаты–мемлекеттік қолдаумен түсірілген ұлттық фильмдерді насихаттау, сондай-ақ елді мекендерде тұратын халыққа отандық киноны қолжетімді ету.

Тараз қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шарада Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ кино орталығының қолдауымен түсірілген «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі көрсетілді. Көрерменге жол тартқан фильмде Ұлы Даланың данасы, жыр алыбы, екі ғасырдың куәсі – айтыскер ақын Жамбыл Жабаевтың өмірбаяны шебер бейнеленген. Тарихи дүниесінің сценарийсі әрі қоюшы- режиссері Жандос Құсайынов бастаған шығармашылық топ туындыға кіріспес бұрын архивтерді ақтарып, ол үшін тіпті Мәскеудегі мұрағаттарды зерттеген екен.

Сонымен қатар, Ұлттық киноны қолдау орталығы еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ киносының он күндігін өткізіп жатыр. Шара аясында көрермендерге еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ кино орталығының қолдауымен түсірілген бірқатар фильмдер ұсынылған. Алғашқы көрсетілім Қарағанды облысынан басталып, біздің өңірде де жалғасты. Ендігі кезекте өзге қалалар мен ауылдық округтерде де ұйымдастырылады.

– Көрсетілімді Қарағанды облысынан бастауымыздың өзіндік сыры бар. Бұл аймақ – өндірістің қайнаған ортасы. Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Сол себепті де, ауқымды шараны осы аймақтан бастауымыздың символикалық мәні осында. Қарағандыдан бастап, еліміздің әр бұрышында қазақ киносының күндерін өткізу отандық кинематографияны ілгерілетуге серпін сыйлайды деп білеміз. Себебі, әрбір фильмнің ең басты жеңісі – оның өз көрерменінің табылуы. Біздің мақсатымыз да ұлттық киноны халық назарына ұсыну, – дейді кино орталығы басқарма төрағасының киножобалар мониторингі жөніндегі орынбасары Әділет Омаров.

Бұдан бөлек осы күні «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінен бөлек «Боксер», «Қажымұқан», «Паралимпиец», «Набат» операциясы, «Время патриота», «Бауырына салу», «Дос-Мұқасан», «Бүркіт», «Алматы, я люблю тебя» кинолары да киносүйер халыққа жол тартты. Осылайша, қазақ киносын қолдау басты мақсаттардың біріне айналып отыр.

 

Аят БАТЕЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар