«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауданда қылмыс саны азайған

Ауданда қылмыс саны азайған
Ашық дереккөз
Ел аумағының тұтастығы мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тәртіп сақшыларына жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Демек, қоғамдық тәртіпті қатаң қадағалайтын тәртіп сақшыларының жұмысы қашанда жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сонда ғана қоғамда қылмыс саны азая түспек. Бұл бағытта өңірде Жамбыл ауданы оң көрсеткішке ие. Мәселен, бүгінгі таңда ауданда қылмыс саны айтарлықтай азайған. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сәпиевтің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында айтты.

Оның сөзінше, жыл басынан бері құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес бойынша жедел профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізу кезінде ауданда барлығы 23 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылы екі есе көп болатын. Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыстар 40-тан 18-ге, оның ішінде ауыр қылмыстар 16-дан 1-ге, ауырлығы орташа қылмыстар 16-дан 8-ге азайған.

– Жол-көлік оқиғасының алын алу бойынша «Қауіпсіз жол», «Жолдардағы балалардың қауіпсіздігі» атты профилактикалық жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Айталық, жол ережесін бұзудың 1 149 фактісі анықталған, оның ішінде мас күйінде көлікті басқарған 4 азаматқа тиісті тәртіптік шара қолданылды. Қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция күштері есепке алынатын адамдарды, бұрын сотталғандарды тексеру бойынша жұмысын пысықтауда. Сонымен қатар, малды паспорттау және чиптеу, заңсыз иммигранттар мен бұрын сотталған малшыларды анықтау үшін жергілікті әкімдік пен ветеринарлық қызмет өкілдері арасынан жұмыс топтары құрылып, шаруа қожалықтарымен үшжақты шартты ресімдеу бойынша жұмыс жалғасуда. Халық көп жиналатын жерлерде интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу шаралары үнемі түсіндіріліп, ескерту буклеттері ілініп, фото және бейнежазбалары бар профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Нәтижесінде, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда қылмыстар едәуір азайып отыр, – деді Дәурен Нұржанұлы.

Атап өтерлігі, жүргізілген жедел профилактикалық іс- шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда, көшелерде және қару қолдану арқылы жасалған қылмыстар саны да 50 пайызға төмендеген.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар