
Бүгінгі таңда біздің облыстағы өзекті мәселенің бірі – жанар-жағармайды көршілес Қырғыз еліне заңсыз шығару. Аталған мәселені шешу мақсатында өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «Переток» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізудің алгоритмі әзірленген. Нәтижесінде, жанар-жағармайды заңсыз шығару үрдісі 65 пайызға бәсеңдеген. Сондай-ақ, өткен жылы облыс аумағында 5 миллиард теңгеден асатын акциздік өнімдердің заңсыз айналымына қатысты деректер бойынша бас-аяғы 22 қылмыстық іс тіркелген. Бұдан бөлек заңсыз айналымнан 7 миллион қорап көлеміндегі темекі өнімдері тәркіленген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Жағыпар Исатаев көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша атқарылған іс-шараларды баяндады. Оның айтуынша, елімізде көпшілікке зиян келтіретін қаржылық алаяқтықтың негізгі түрі – қаржы пирамидалары.
– Былтыр жәбірленушілердің арыздары негізінде қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты облыстық қаржылық мониторинг агенттігі департаментімен 3 қылмыстық іс тіркелді. Ал, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында қаржы пирамидаларын заңға қайшы жарнамалау дерегі бойынша Қылмыстық Кодекстің 217-1 бабына сәйкес, 5 қылмыстық іс тіркелді. Жалпы, соңғы үш жылда қаржы пирамидаларының салдарынан өңірде 200-ден астам азамат зардап шеккен. Бұл – экономикалық тергеу қызметіне өтініш білдіргендердің ғана саны. 2023-2024 жылдар аралығындағы тергеп-тексеру барысында департаментпен қабылданған шаралар нәтижесінде, алаяқтардың құрығына ілінген азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген залал өтелді. Біз осы бағытта барлық қажетті шараларды қабылдадық. Мысалы, «Chia Tai» қаржылық пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді. Әдетте, ірі алаяқтық ұйымдар өздерінің қылмыстық схемаларын бүкіл ел аумағында жүзеге асырады. Мысал ретінде Қаржылық мониторинг агенттігінің кең ауқымды операциясын айтуға болады. Оның барысында осы жылдың 8-10 ақпан аралығында еліміздің барлық өңірлерінде тұтыну кооперативінің атын жамылған «Асар Баспана» қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды. Жалпы, департамент қызметкерлері қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру әрі оларды алаяқтардың құрығына түсірмеу бағытында профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Оның ішінде интернет кеңістігінде және халыққа қатысты түсіндірме жұмыстарына көптеп көңіл бөлінуде. Өткен жылы қаржылық пирамида белгілері бар сайттарға тосқауыл қою мақсатында 4 300 сілтеме бұғатталды, – деді Жағыпар Қожахметұлы.
Сондай-ақ, спикер арамниеттілер тарапынан салымшыларға жылжымайтын мүлік, көлік құралдары мен тұрмыстық өнімдерді сатып алу үшін қаражат салу жиі ұсынылатынын да жеткізді. Өз кезегінде қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары әрбір ай сайын салынған қаражаттың 30 пайызына дейін пайда табуға уәде береді. Дәл осындай компаниялардың кеңселері мен күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында 1,2 миллиард теңгеден астам қолма-қол ақша және ішінде премиум класты 13 автокөлік тәркіленген. Осылайша, екі қаржылық пирамиданың ұйымдастырушысы құрықталып, сот санкциясының негізінде екі ай мерзімге қамауға алынған.
Жиын соңында «дропперлік схемалар» жөнінде де мол мағлұмат берген департамент өкілі схемаларға қатысу – тұрғындарға қылмыстық жауапкершілік жүктеуі мүмкін екенін атап өтті. Айта кетейік, қаржылық пирамиданы жарнамалау әрекетіне байланысты Қылмыстық Кодекстің 217-1 бабына сәйкес, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Құмды қыздырып шыны шығарады
- Бүгін, 02:36
Алыпсатарлар азаймай, азық-түлік бағасы арзандамайды
- Бүгін, 02:23
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді