«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

1220 гектар алқапқа дән себілді

1220 гектар алқапқа дән себілді
Ашық дереккөз
Жуалылық шаруалар биыл көктемгі дала жұмыстарына ерте қамданды. Әдетте, бұл кезең шаруалар үшін арпа себуге өте қолайлы. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектар алқапты құрайды. Оның егістігі 95449, шабындығы 2 046, жайылымы 109 439, көп жылдық екпелері 265, басқа да қосалқы егістіктер 2 128 гектар алқапқа орналастырылған.

– Мемлекет басшысы агросаланы дамытуға басымдық беріп отыр. Осы бағытта биылғы жылға жоспарланған жұмыс көлемі ауқымды болғалы тұр. Атап айтар болсам, биылғы жылдың өнімі үшін 10 300 гектар алқапқа күздік себілді. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарына жер дайындау бойынша 45 620 гектар сүдігер көтерілді. Жалпы, биыл ауданда 95 449 гектар алқапқа егін, көкөніс орналастыру көзделген. Егістік жерлерге 11 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіру жоспарлануда. Ал, шаруа қожалықтардың көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсету үшін 2 300 тонна дизель отыны үлестіріледі. Сондай-ақ, биыл техника паркін 11 пайызға жоғарылатып, 109 ауыл шаруашылығы техникасын алу межеленіп отыр, – дейді Ержан Байзақұлы.

Сонымен, өңірде бүгінгі күні ауыл шаруашылығы науқандық жұмыстарына кепілдендірілген дизель отынын таратушы оператор ретінде жергілікті «Аққайың» серіктестігі бекітілген. Бөлім басшысының айтуынша, аудан шаруалары «Госагро» порталына тіркелу арқылы дизель отынына және басқа да мемлекеттік жеңілдіктерге қол жеткізе алады. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 5 пайыздық мөлшерлемемен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға, сондай-ақ «Кең дала-1», «Кең дала-2» бағдарламалары, «Аграрлық несие корпорациясы» мен «Жуалы» несие серіктестігі арқылы науқандық жұмыстарға қажетті жеңілдетілген несие қаражатын алуға мүмкіндіктер бар.

– Биылғы жылдың өнімі үшін егіс алқаптарына масақты дәнді дақылдарды 54 956 гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда. Бұл шамамен өткен жылдың көрсеткішінен 1 440 гектарға артық. Демек, өңірде жыл санап егіс алқабы көлемінің артып отырғанын байқауға болады. Атап айтқанда, биыл жаздық арпа – 28 510 гектарға, майлы дақылдар – 17 960, көпжылдық шөп алқабы – 4 500, картоп – 2 494, көкөніс көлемі – 650, дәндік жүгері – 130, бақша дақылдары – 12, ал сүрлемдік жүгері – 700 гектар алқапқа орналастырылатын болады, – деді бөлім басшысы.

Қорыта айтқанда, бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстары барлық округте басталып кеткен. Қазірдің өзінде шаруа қожалықтардың күшімен 595 гектар жер жыртылып, 3 870 гектар алқап өнделіп, 1 220 гектар алқапқа дән себілген.

 

Диас ҚҰЛИБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің журналистика факультетінің 4-курс студенті

Ұқсас жаңалықтар