«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көрерменің көп болсын

Көрерменің көп болсын
Ашық дереккөз
Театр өнері – талант пен талғам, шынайылық пен адалдықтан туған текті өнер. Себебі, театр сахнасында адам жанының айнасы, ой мен сезімінің үйлесімі сондай-ақ өмірдің түрлі қырлары шебер суреттеледі. Қазіргі таңда жүздеген жүректерді шымырлатып, сұрапыл сезімдерді серпілтер осынау құдіретті өнерге құштар жандардың қарасы қалың. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында баса айтты. Президент өз сөзінде халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды екенін атап өтті.

– Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театрлар ашылды. Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрермендерге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандар арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан, бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Естеріңізде болса, осыдан он жылға жуық уақыт бұрын сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Жансарай» жастар театры ашылған еді. Ал, оның актерлерлік құрамын аталған оқу орнының студенттері толықтырған. Алайда, ол тұста талай таланттың тұсауын кескен екі мыңнан жылдам астам тарихы бар көне шаһар Тараз қаласында жастар театрының бір ғана оқу ошағының қабырғасында ашылуы – өнерлі де жігерлі жастардың қажетін өтей алмайтыны жөнінде көп айтылды. Ал, бірер күн бұрын ғана аталып өткен Халықаралық театр күнінде осы сең бұзылған тәрізді. Олай дейтініміз, жергілікті биліктің тікелей қолдауымен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінен Тараз жастар театры студиясы ашылды. Осылайша, ел үміті саналатын дарынды жастарымыз үшін саф өнердің қыр-сырын меңгеруге әрі өздерін танытуға мүмкіндік туды.

Қалың көпшілік алдында тұсауы кесілген Тараз жастар театры студиясы бұл күні «Уақыттан биік әуен» атты дебюттық қойылымды жұрт назарына ұсынды. Театр өнерпаздары сахналаған туындыда қазақ вальсінің королі Шәмшідей сазгердің тағдыры бейнеленген. Ал, Исраил Сапарбайдың «Сыған С еранадасы» музыкалық драмасында жас актерлер көрермендерге махаббат пен достықтың қаншалықты құдіретті күш, ұлы с е зім екенін ұғындыруға тырысты. Ән патшасының рухына бағышталған осынау қойылымды тараздықтармен бірге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те тамашалады. Аймақ басшысы бұл туындының жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол екенін айтып, енді ғана шымылдығы түрілген театр студиясының ұжымына сәттілік тіледі.

– Киелі Әулиеата жерінде өнер биігін бағындырған қайраткерлер аз емес. Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрсифат Салықова және Мәкен Рақымжанова секілді театр мен кино өнерінің корифейлері – біздің ғана емес, тұтас ұлтымыздың мақтаныштары. Міне, осындай майталмандардың ізін жалғайтын жандарға осы студия серпін беріп, шығармашылықтың шыңына шығарады деген ойдамын. Облыста жастар театрын ашу мәселесін мәдениет майталмандары біраз уақыттан бері көтеріп келеді. Ендеше, осы студия – соның алғашқы баспалдағы, қарышты қадамы, – деген Ербол Шырақпайұлы мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар театр майталмандарын марапаттады.

Бұдан кейін сөз алған ҚР еңбек сіңірген артисі М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Асқарбек Сейілхан ізбасарларына ағалық батасын берді. Оның айтуынша, әулиеаталық өнер майталмандары бұл қуанышты сәтті ұзақ күткен. «Президент тапсырмасының аясында Таразда жастар театры студиясының ашылғаны ерекше қуантады.

Облыс әкімі өнер адамдарын айрықша құрметтейтіні белгілі. Аймақ басшысына бұған дейін егемен елімізге еңбегі сіңген өнер қайраткері Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына орай белгілі тұлғаның есімімен аталатын облыстық қазақ драма театрының 90 жылдығы лайықты деңгейде атап өтілсе деген тілегімізді жеткізген едік. Өтінішіміз жерде қалған жоқ. Алдағы уақытта халықаралық өнер фестивалі ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Халық жазушысы, жерлесіміз Шерхан Мұртаза ағамыз «Театр көбейсе түрме азаяды» деп бекер айтпаған. Шерағаң публицист Камал Смайлов досына жазған хатында театрға барған адамның жан-дүниесі тазарып, рухани байитынын айтты. Ал, неміс ұлтынан шыққан жазушы Томас Манн: «Театр – тобырды халыққа айналдырады», – деген. Демек, өзгергісі келетін әрбір адам баласы театрға бас сұғатыны ақиқат. Ендеше, Тараз жастар театры студиясының болашағы жарқын, ғұмыры ұзақ болсын, – деді Асқарбек Ақылшаұлы.

Айта кетейік, қалалық мәдениет үйінің құрамынан ашылған театр студиясының әзірге жетекшісі де, арнайы режиссері де бекітілмеген. Десе де, бұған дейін мәдениет қайраткерлері Айгүл Қабиева мен Шолпан Айтибаева жастарға бағыт-бағдар беріп, білгенін үйретпек. Жалпы, театрда кастинг арқылы сұрыпталған бас-аяғы 12 өнерлі ұл-қыз еңбек етуде. Тараз қалалық әкімдігіне қарасты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваның айтуынша, жастар театр студиясы ашылмас бұрын өзге өңірлерде атқарылған жұмыстар мамандар тарапынан мұқият зерделенген.

– Бүгінде бірнеше өңірлерде жастар театры бар. Алайда, олар бірден театр болып құрылмаған. Алғашында олар мәдениет үйінің ішінде үйірме ретінде жұмысын бастап, кейінірек жеке театр болып шаңырақ көтерген. Мәселен, іргелес жатқан Шымкент қаласындағы жастар театры әуелі қуыршақ театры болса, уақыт өте өз алдына бөлек отау тіккен. Дәл осы себепті, бізде де 15 штаттық бірлікпен студия ретінде ашылып отыр. Болашақта жастардан құралған жеке шаңырақ ашу жоспарда бар. Ол үшін актерлік мамандықта оқыған студенттердің басын қосып, талантты режиссер табуымыз қажет. Қазіргі таңда т аныма л режисс ерлермен келіссөздер жүргізілуде. Содан соң, біз ең бірінші кезекте тараздық жастарды жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз, – деді Бақыт Тілегенқызы.

Ал, жас актер Шыңғыс Жақсыбаев облыс орталығынан ашылған теат р студиясын Астана қаласындағы жастар театры деңгейіне дейін көтеру үшін замандастарымен бірге барын салатынын айтып қалды. «Мақсатымыз айқын, болашаққа құрған жоспарымыз көп. Бастысы, ел-жұрт қойылымдарымызды іздеп жүріп көретін ұжымға айналғымыз келеді. Өз басым бұған дейін аз ғана уақыт «Дулати» жастар театры мен облыстық театрда еңбек етіп үлгердім. Осы күнге дейін біршама рөлдерді сомдап, азды-көпті тәжірибе жинадым. Сондықтан, біз өз күшімізге сенеміз» – дейді ол.

Бұйырса, осы жылдың тамыз айында Құмшағал алқабында 140 орындық мәдениет үйі ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, бүгінгі таңда 14-шағынаудандағы 1 400 орындық мәдени ғимараттың құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл – облыс орталығында әлі де өнер ұжымдарының қатары көбейеді деген сөз. Ендеше, өнер жолындағы биік мақсаттары мен асқақ армандарына жол тартқан жастар театры студиясының жігері жасымаса игі. Ол үшін жастарымыз театр фестивальдеріне құлағын түріп, шығармашылық ізденіс үстінде жүргені жөн-ақ. Біз жастар театрының болашағынан зор үміт күтеміз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар