«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елі еркелеткен Есет ақын

Елі еркелеткен Есет ақын
Ашық дереккөз
Төл өнеріміздің төресі – айтыста да, баспасөз саласында да Есет Досалының есімі елге етене таныс. Осы орайда облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» орталығының ұйымдастыруымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы аясында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын Есет Досалының «Өлең деп өмір сүремін» атты кітабының аудио үнтаспасымен қатар нүктелі-бедерлі Брайль қарпіндегі жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Әдеби кеште ақынның өлеңдерінен үзік сыр шертетін поэзиялық композиция көрермендер назарына ұсынылды. Сөз арасында кеш иесі өзінің өнер мен өмірдегі аға буын өкілдерімен қатар, қазіргі таңда өзіне ізбасар болып жүрген шәкірттері жайлы ой-пікірін ортаға салып, өнерге алғаш қадам басқан сәтінен бастап өткен күнге көз жүгіртіп, өз естеліктерімен бөлісті. Шығармашылық кеште кіші қызы Айшаға арналған «Көке, менімен ойнашы» атты өлеңі оқылып, арнайы көрініс қойылды. Ұстазы Сейсекүл Исматова, ардагер журналист Баймаханбет Ахмет, ақын Ғайни Әлімбекқызы арнайы қатысып, ақынға жылы лебіздерін білдірді. «Aulieata-media» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы мен орынбасары Алпамыс Шәменұлы да қатысып, ақынның азаматтық, адамгершілік қырларын сөз етіп, жылы пікір білдірді.

– Есет ақынның суырып салып айтқан айтыстары да, арнау өлеңдері де халықтың жадында сақталған. Ешбір жанға зияны тимейтін адал адам. Журналистиканың шыңына шығып, жазып жүргендері республикаға танымал. Оның сыни мақалалары, ғажап жырлары көпшілікке таныс. Елі еркелеткен Есет ағамыз әлі де талай жырларымен қуанта берсін, – деп Данияр Асқарұлы тілектестік білдірді.

Содан соң әдеби шара барысында зиялы қауым, жергілікті қаламгерлер, әріптестері мен оқырмандар «Ақынға – 100 сұрақ» форматымен түрлі көкейкесті сауалдар қойды. Ұлттық ұстаным, өлең құдіреті жайлы айтылған рухани кездесу еркін форматта өтті. Досы әрі әріптесі, аудандық «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы Марат Құлибаев, шәкірті, айтыскер Дидар Апбасов, бауыры Нұрбала қатысып, Есет Досалының бала күніне, айтыскерлігіне, журналистік шеберлігіне тоқталып, сыр шертісті. Халық қалың жиналған кеште ақынның жырлары оқылып, тамаша әндер орындалды. Шығармашылық иесінің әріптестері, қаламдастары, зиялы қауым ақын жайлы толғамды ойларын ортаға салып, сүбелі әңгімелерін айтты. Әсерлі де қазыналы сөзге толы әдеби кеш қалам иесінің туындыларынан құрастырылған композициялар мен театрландырылған қойылымға ұласты. Сазды ән мен күмбірлеген күйге толы жиыннан үлкен әсер алған көрермен әсем көңіл-күймен тарқасты.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар