«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жалған ақпарат тарату жарға жығады

Жалған ақпарат тарату жарға жығады
Ашық дереккөз
Қауіп қайдан демеңіз...

«Телефон террористері» жазасыз қалмайды

Қазіргі таңда кез келген ақпараттың бүкіл әлемге таралуына санаулы секундтың өзі-ақ жеткілікті. Өйткені, интернеттің көмегімен айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып отырмыз. Иә, мұның өзі техниканың жетістігі. Десе де, дәл осының зияны да жоқ емес. Әсіресе, бұл мүмкіндікті ел-жұртты әбігерге салуды көздеген арамниеттілер қалт жібермей келеді. Олар жалған ақпаратты қасақана тарату арқылы азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды іс-әрекеттеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруді көздейді. Шын мәнінде, мұндай әрекет ел тұрғындарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, қоғам мен ұйымның мүдделеріне елеулі нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Бұдан адамдардың өмірлік жағдайларын қиындататын, оларға елеулі залал келтіретін, зардап шектіретін жайлар туындауы өз алдына бөлек әңгіме. Жасыратын несі бар, бұл күнде ойнап жүріп от басқан талай жанды көріп жүрміз. Өкініштісі сол, жалған ақпарат тарататындар бұл қылықтарының қаншалықты ауыр екенін саралап жатпайды. Олар мұндай ісі үшін жауапкершілікке тартылатындарын да біле бермейді.

Бүтіндей елдің үрейін ұшырғысы келетіндер көп

Атап өтейік, соңғы 10 жылда осы санаттағы қылмыстардың саны едәуір азайған. Ішкі істер министрлігі экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бірінші басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Талқанбаевтың министрлік өкілдері фейк ақпараттардың қандай мақсатта жарияланғанын тексеру үшін интернет-ресурстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отыратынын мәлімдеді. Мониторинг барысында құқыққа қайшы ақпараттар немесе жарнамалар сынды хабарламалар таратқан сайттарды анықтап, олардың қызметін тоқтату яғни, бұғаттау үшін мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі тек өз құзыретіне жататын салалар бойынша мониторинг жүргізеді. Мәселен, таратылған ақпарат мәдениет, әлеуметтік салаға қатысты болса, осы саладағы құзырлы министрліктер, мемлекеттік органдар, ақпараттың рас-өтірігіне қатысты түсініктеме беріп, таратушы тұлғаға қатысты тексеру жүргізуді сұрап, құзырлы органдарға шағым түсіреді. Сол бойынша тексеру-анықтау шаралары қолға алынады. Дегенмен, жалған ақпарат таратушылар жазадан құтылып кете алмайды. Түрлі мақсатта осындай қадамға барғандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте бірнеше бап қарастырылған. Жалған ақпарат таратушылар «Жала жабу», «Жалған ақпарат орналастыру, тарату» сынды арнайы баптарда көзделген шаралар аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

– Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық Кодекстің 274-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Көрсетілген әрекет үшін ең жоғары жаза 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Қылмыстық істер қоғамдық тәртіпті бұзу азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын қасақана жалған ақпарат таратудың барлық фактілері бойынша тіркеледі, – делінген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жалпы, кез келген адам айтқан сөзіне, әрбір ісіне және әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болу қажет-ақ. Егер айтқан сөзі мен жариялаған мақаласы жала немесе өтірік болса, оның ақыры өкініш болары анық. Одан кейін қанша бармақ тістесең де, ештеңені өзгерте алмайсың. Өйткені, еліміздегі қолданыстағы заңға сәйкес, жалған хабар таратып, қаннен қаперсіз отырған ағайынның мазасын қашырғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Алайда, бүгінгі күні бүтіндей елдің үрейін ұшыратындардың қатары азаймай тұр. Айталық, бұған дейін тараздық полицейлер жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген күдіктіні құрықтады. 42 жастағы азамат облыс орталығындағы ұялы байланыс операторының ғимаратына жарылғыш құрылғыны қойып кеткенін айтқан. Осылайша, шұғыл түрде облыстық полиция департаментінің арнайы саперлері, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, жедел-тергеу тобы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен аталған орталық ғимараты тексеріліп, ешқандай жарылғыш зат анықталмаған. Осыдан соң, полицейлердің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жамбыл ауданының таулы алқабындағы шаруа қожалықтардың бірінен күдікті азамат анықталып, қамауға алынды. Ал, одан айғақ зат ретінде ұялы телефоны тәркіленген.

Олардың көздегені не?

Шүкір, құқық қорғау құрылымдарының дәл осылай тиімді жұмыс жүргізуі арқасында ел іші жарылыстар мен атыс-шабыстан аман. Оның үстіне, бүгінгі таңда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қарсы күресу үшін заманауи техникалық құралдармен толыққанды жабдықталған. Тіпті, қоңырау шалған адам өз даусын өзгертіп сөйлесе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, қазіргі құрал-жабдықтар қылмыскерді анықтап ұстауға толық мүмкіндік береді. Оған бұзақылардың 90 пайыздан астамы бір тәуліктің ішінде «ізі суымай» табылып жатқандығы нақты дәлел бола алады. Бұрын таксофон арқылы қоңырау шалған адамды іздеп табу қиындық туғызатын болса, қазіргі ақпараттық технологиялармен жасалған кез келген әрекеттің ізін жасыру мүмкін емес. Осы орайда, «бәлен жерге бомба қойылды» деп жалған хабарлама беріп, бүкіл елді дүрліктіру әзіл де, ермек те, батырлық та емес екенін еске саламыз. Керісінше, бұл әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке алып келетін ойсыз әрекет.

Өкінішке қарай, жалған хабарлама жасайтын бұзақылар мұндай оқиғаның салдары қаншалықты ауыр болатынын әсте біле бермейді. Тіпті, білген күннің өзінде оған салғырт қарайды. Мысалы, көпшілік орында тез арада сыртқа шығу туралы дабыл берілгенде адамдар қорқыныштан бір-бірін итеріп, мертіктіріп алуы ғажап емес. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедектер, қарттар мен кішкентай балалар да болуы әбден мүмкін. Ал, бұл жағдай олардың денсаулығына ғана емес, психологиясына да кері әсерін тигізері белгілі. Тәртіп сақшылары мұндай қылмыстарды көбіне еріккен жастар мен жасөспірімдер және өз әрекетіне есеп бере алмайтын мас адамдар жасайтынын алға тартады. Бұған дейінгі жағдайларға көз жүгіртсек, белгілі бір мекеменің басшылығынан кек алу, мектептегі сабаққа қатыспау секілді себептермен, тіпті жай ғана ерігіп отырып осындай қадамдарға барғандар көп. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер көбінесе достарының алдында өзінің «батыр» екенін көрсету, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу немесе үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін жалған қоңырау шалады екен. Ал, террористік акт туралы көрінеу хабарлама жасайтын ересектер көбіне алкогольді ішімдікке мас немесе психикасы бұзылған адамдар болып келеді. Олар мұндай қылмыстарды бұзақылық және пайдакүнем ниетпен істейді.

Көпшілік орындар әдейі таңдалады

Мұндай қылмыстардың ел ішінде қорқыныш пен үрей туғызатыны өз алдына, одан бөлек мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына кедергі келтіріп, орасан зор шығынға батыратыны бесенеден белгілі. «Жарылғыш зат қойылды» деп хабарланған ұйымның, әуежайлар мен сауда орындарының жұмыс кестесін бұзып, ұшақтардың ұшу уақытының кешігуіне немесе сауда-саттықтың тоқтауына түрткі болады.

Ал, полицейлердің осындай жалған шақыртуға бір рет шығуының өзіне 200-300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. Бұдан бөлек ірі сауда орталықтарының жұмысы тоқтаса, әр сағат сайын миллиондаған теңге көлемінде шығынға бататыны тағы бар. Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалдың өзі жыл сайын 500 мыңнан бастап 2 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенде оның рас не жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес.

Қысқасы, мұндай «жарылғыш заттарды» қоюға қоғамдық дүмпу тудыру үшін адам көп жүретін орындар мен мекемелер әдейі таңдалады. Мәселен, сауда орындары, университеттер, мектептер, базарлар, мемлекеттік мекемелер. Сондықтан, орын алуы ықтимал апаттың және адам шығынының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарына барынша жедел әрекет етуге тура келеді. Ең алдымен, тәртіп сақшылары адамдардың бәрін қауіпті аймақтан эвакуациялайды. Сосын ғимаратты бірнеше сағатқа жауып, арнайы мамандар хабарламаның рас-өтірігін анықтау үшін ғимараттың ішін түгелдей тексереді. Ол жерге полициядан бөлек, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдемнің күш-құралдары жұмылдырылады. Осылайша, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады. Айта кету керек, бүгінге дейін елімізде телефон арқылы түскен жалған хабарламалардың барлығы да расталған жоқ. Яғни, өтірік болып шықты. Алайда, «құмыра да мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген бар. Мамандар әрбір келіп түскен ақпаратқа селқос қарамай, жіті тексеруге міндетті. Өйткені, оның артында, ең біріншіден, адам өмірі мен денсаулығы тұр.

Мұндай қадамға көбіне жұмыссыздар барады

Нақты деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда жалған хабарлама бергендердің 48-55 пайызы бұл қылықты мас күйінде жасаған. «Жалған террористің» әлеуметтік портретіне мұқият назар аударсаңыз, барлық қылмыстың 88 пайызын жұмыссыздар жасағанын анық аңғарасыз. Кейінгі 10 жылда жалпы саны 592 адам ұсталған болса, солардың 450-і, яғни 76 пайызы еш жерде тұрақты жұмыс істемейтіндер болып шыққан. Сондай-ақ, олардың арасында 55 мектеп оқушысы да бар. Айта кетейік, бұрын террористік акт туралы жалған хабарламалар көбіне көшедегі таксофондар арқылы түсетін болса, қазір басым көпшілігі, яғни, 85 пайызы ұялы телефон арқылы хабарланады. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет арқылы келіп түскен хабарламар да бар. Олардың үлес салмағы – 8 пайыз шамасында. Тағы бір тоқталар мәселе, көбіне мұндай қоңыраулар жарылғыш затпен байланысты болғанымен, арасында басқа да қауіпті жағдайлар жайында телефон шалатындар бар.

Әрбір арандатушы қылмыскер саналады

Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық Кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде қарастырыла бастады. Десе де, жалған ақпарат таратуға қатысты жауап-кершілік тек мұнымен шектелмейді. Заңды бұзған адам Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланады. Мәселен, 174-бап бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғандар ісі қаралады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Сонымен қатар, 273-бапта «терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» жайлы айтылған. Мұндай жағдайда 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Көбіне фейк таратқандар ісі 274-баппен қаралады. «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дейтін бөлімінде қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін дерек үшін түзеу жұмыстарына жегіліп, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылыпты. Кей кезде бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Ал, әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте жалған ақпарат тарату екі түрлі баппен қаралып, көбіне айыппұл салынады. Заңгер Болатбек Ержан жалған ақпараттар қоғамды елеңдетіп, дүмпу тудырмаса, қылмыстық істі болжау аса қиын екенін айтады. Ал, жалған ақпарат тарату әрекетін психологтар қалай түсіндіреді? Бұл да бір адам ішіндегі арандатушылыққа құмар дерт емес пе? Психолог Ержан Мырзабай мемлекеттік деңгейдегі жалған ақпаратты таратуда батылдық қажет екенін жеткізді.

– Көп жағдайда психотип бойынша жалған ақпаратты жеке тұлғалар немесе белгілі бір мүдделі топтар ұйымдастырып, таратады. Ал, мемлекет деңгейіндегі жалған ақпараттарға келсек, бұған тереңірек үңілу керек. Менің ойымша, мұндай жағдайда ішкі және сыртқы күштердің қатысы бар. Олардың өзге жалған ақпарат таратушыларға қарағанда ерекшелігі көп. Ең бастысы, батылдыққа ие. Ақпаратты қалай жеткізіп, қалай өңдеу жолдарын, жалпы, техника мен тәсілдерді біледі, – дейді маман.

Сонымен, сіз бен біз ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі дәуірде бәрі де замана озығының игілігін көргені дұрыс-ақ. Бастысы, кез келген адам айтқан сөзіне, әрбір ісіне және әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болуы тиіс. Барша ел азаматтары өзгелердің ойын сан-саққа жүгіртіп, сарсаңға салатын жалғанға жақын, ақиқаттан алыс ақпараттардан бойын аулақ ұстағаны жөн. Өйткені, бүгінгідей технологиялар дәуірінде әлеуметтік желілерде отыратын жас та, жасамыс та елде не болып жатқанын күндіз-түні аса қырағылықпен бақылап отырады. Қорыта айтқанда, ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін азаматтардың қоғам тыныштығын қасақана бұзу ниетіне қашан да тосқауыл қойылады. Демек, осы санаттағы азаматтар жазасыз қалмайды.

 

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар