
Шынын айту керек, т аңертең оянғанда жұлдыз болып оянды деген әңгімелер тек киноларда ғана болады деп ойлайтынмын. Ол ойымды Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильміндегі Зере рөліне түскен Нұрсифат Салықова бір күнде күл-талқан қылды. Мен «Құнанбай» фильмін түсіру жұмысы қалай басталғанын ең алғашқы күнінен білетін болғандықтан әңгімені осы төңіректен бастайын.
Ұмытпасам, 2015 жылдың қаңтар айының аяғына қарай бір күні кешкісін курстас досым, қазақтың белгілі кинорежиссері Досхан Жолжақсынов телефон арқылы хабарласты. «Оу, шалдың баласы, қалайсың, жағдай жақсы ма? Сүйінші! Мен «Құнанбай» фильмін түсіретін болдым, өткендегі мәселенің бәрі шешілді. Қазір фильмде басты рөлде ойнайтын актерлерді жасақтап жатырмын. Ең қиын болып тұрғаны – Зере апамның рөліне актриса таппай қиналып отырмыз. Алматы мен Астанадан ол образға лайықты актриса көріп тұрған жоқпын. Барлығы әбден жауыр болған бейнелер. Жаңа бейне, басқаша фактурадағы актриса іздеп жатырмыз» деп барып әрең тоқтады. Қатты қуанып, әрі толқып тұрғаны даусынан аңғарылап тұр. Өз кезегімде мен де қуанышына ортақтасып, құтты болсынымды жеткіздім.
Әңгіме соңында Досхан дос бұйымтайын айтты. «Ауылыңда Зере рөлін алып шыға алатын егде жастағы актриса бар ма? Ең басты талап – атқа мініп шаба алатын болуы керек. Зере апаның образын тарта алатындай актриса болса есіңе түсіріп көрерсің. Өзіңе де бір рөлді лайықты көріп отырмын, дайындала бер. Хабарын күтемін» деп қош айтысты. Телефонды қойған соң «лайықты кім бар еді?» деп ал, кеп ойланайын. Соңғы үш жылда театрдың директоры қызметін атқарғандықтан актерлердің ұзын саны мен потенциалдарын да білемін. Егде тартқан біраз актрисаларды ойша тізіп шықтым. Гүлбаршын Өскенбаева, Әтіркүл Дүйсекенова, Мәкен Райысханова, міне, осылар алдымен ойыма түсті. Ал, Майра Әлімбетова, Мәкен Рахымжанова, Галина жастау сияқты. Бір кезде Нұрсифат апам есіме сарт ете қалды. Ол кісінің есіме кештеу түскені, соңғы жылдары отбасында қасіретті жағдай болып театрға сиректеу келіп жүрген еді. Нұр-апа есіме түскені сол екен бірден Досхан досқа қайта телефон соқтым. Қазір айтпасам басқа өңірден біреу айтып, басқа актриса өтіп кететіндей жанталаса телефонның құлағына жармастым. Доскең телефонды көтергені сол еді жерден жеті қоян тапқандай «Әй, шалдың баласы, мен сен іздеп жүрген Зере апаңа лайық адамды Тараздан таптым. Ол 76 жастағы керемет актриса Нұрсифат Салықова. Өмір бойы осы театрда еңбек етіп келеді. Атқа да шабады, кескін-келбеті де, мінезі де, сыртқы түр-тұлғасы да аумаған Зере апаның дәл өзі...» деп жатырмын кәдімгі Зере апаны көріп келген адамдай болып. Досхан да өзіне қажетті ақпараттарды сұрап, сұрақты жаудырып жатыр. Мен де білгенімді айтып жатырмын. Режиссердің көзін біраз нәрсеге жеткізген болуым керек, сөзінің аяғында «Сен уақыт оздырмай ол кісінің бірнеше фотосын түсіріп, ертеңнен қалдырмай салып жібер, ең бастысы әртүрлі ракруста алыстан- жақыннан, ірі планда түсірілген болсын» деп тапсырманы үйіп-төгіп тастады.
Досханмен әңгімені бір жаққа шығарып алған соң, Нұрсифат апаның өзіне емес, Астанадағы үлкен баласы Мақсатқа хабарласып, болған әңгімені егжей-тегжейлі түсіндіріп, тездетіп суретке түсіріп, Алматыға жіберу керек екенін айттым. Ол кезде ватсап желісі арқылы сурет жіберу жаңадан енгізіліп жатқан болатын. Мақсат жұбайы Шолпанға айтып, ұялы телефонға Нұр-апаны суретке түсіріп, Алматыдағы Досханға жібердік. Бірнеше күннен соң Досхан «Мына суреттер жарамайды, кәдімгі фотостудияға барып ұлттық киімдегі бірнеше суретін түсіріп тездетіп салыңдар» деген тапсырма берді. Бәріміз жабылып жүріп ол тапсырманы да орындадық. Бір аптаның көлемінде Досекең «Апаңды ертіп, Алматыға жет» деді. Сәуір айының аяғына таман пойызбен Алматыға бардық. Кастингке қатыстық. «Қазақфильмнің» іші толған актер. Көбісі таныс. Алматы мен облыстық театрлардың актерлері. Кастинг біткен соң, хабар өзімізден болады деп қайтарды. Бірақ қолымызға киносценарийді ұстатып жіберді. Көңіл күпті, күтіп жүрміз. Бір жарым ай өткенде көптен күткен хабар да жетті-ау. Нұрсифат апа Зере рөліне бекітіліпті, мен Керейдің биі Сарыбай рөлін еншілеппін. Шілденің 10-жұлдызында Қарауылда болуымыз керек екен.
Содан артынып-тартынып, алып-ұшып Семейге жеттік. Түсіру алаңындағы қарбалас тірліктер туралы ақпарат құралдарында көп айтылғандықтан оған тоқталмаймыз. Фильм шыққан соң шын мәнінде «Қазақфильм» тарихындағы «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі үлкен экранды дүр сілкіндірген айтулы оқиға болды. Шынында бүкіл қазақстандықтардың экранға деген, киноға деген құштарлығын оятқан фильм «Құнанбай» еді. Қандай ортада болмасын, үлкен жиындарда, дастархан басында болсын, ақпарат құралдарының басты тақырыптары бір жыл бойына «Құнанбай» фильмі мен ондағы басты кейіпкерлер рөліндегі Досхан Жолжақсынов пен Зере роліндегі актриса Нұрсифат Салықованың айналасында өрбіп жатты. Көрермендердің бәрінің қоятын сауалы – Зере рөліндегі актриса қайдан шыға келді, бұрын неге көрінбеген, қай өңірден, жасы ұлғайғанына қарамастан атқа қалай отырды?.. Ең бастысы олар Зере рөлін керемет шыққанына тәнті болып жатты. Нұр-апаның еңбек етіп жатқан жері Таразда екі күннің бірінде кездесулер мен сұхбаттар, тіпті Астанаға шақырып «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналары арнайы хабарлар жасады. Тіпті, Шығыстың Жарма ауданындағы «Қалбатау » ауылында Зере анаға орнатылған ескерткіштегі ана бейнесін фильмдегі Нұрсифат Салықова сомдаған Зере бейнесінен көшіріп жасапты. Ашылу салтанатына Нұр-апаны арнайы шақыртып, ескерткіштің лентасын қидырып, сондағы жиналған бүлдіршін Зерелерге батасын беріп қайтты. Жасы сексеннен асқан анаға бұл сапар ептеп ауыр болғанымен өзіне үлкен абырой әкеліп, күш-қуат бергені ақиқат. Ал енді осыдан кейін көрермендердің «бұл актриса қайдан келген, осы уақытқа дейін неге көрінбей жүрген?» деген сауалдарына жауап берейік.
Әңгімені әріден бастасақ, әлқисасы былай боп шығар еді. Нұр-апаның туған жері Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданы. Оқуды бітірген кездегі арманы дәрігер болу екен, бірақ жолы болмай оқудан құлайды. Мектепті үздік бағамен тәмамдаған шәкірттен айырылғысы келмеген оқу бөліміндегілер пысық қызға келер жылға дейін білімін шыңдау үшін, төменгі сынып оқушыларына тарих пен жағрафиядан сабақ беруге мүмкіндік жасап, уақытша мұғалімдікке қабылдайды. Сөйтіп, бір жыл дипломсыз мұғалім болады. Тағдырдың жазуымен сол дипломсыз мұғалім болып жүргенде Семейдің Абай атындағы облыстық театрының актері Мақсұт Салықовпен танысып, сөз байласып екі жас үйленеді. Сол жылдан бастап Шығыстың шырайлы қызының тағдыры театрмен тоғысады. Бұл тағдыр дегенді қойсаңызшы, сол жылдары Семей театры Жамбыл, бүгінгі Тараз қаласына гастролдік сапармен келе қалмай ма? Бой десе бойы бар, түр десе түрі бар, келісті керім жігітке Жамбыл театрының басшыларының көзі түсіп, (сол кездегі театр директоры Тұрар Дүйсебаев) Мақсұт Салықовқа Жамбыл облыстық қазақ театрына жұмысқа келуге ұсыныс жасайды. Махаң да ұсыныспен келісіп, Жамбыл театрына ауысып келеді. Міне, сол кезеңнен бастап Нұрсифат Салықованың тағдыры театрға тіптен байланады. Бір жолы театрдың спектаклі басталар шақта басты рөлдегі актриса аяқ астынан ауырып, жедел жәрдеммен ауруханаға түсіп қалады. Осы кезде ғой, аяқ астынан сахнаға шығатын актриса таба алмай абдырап тұрған театр басшыларына «Егер сенсеңіздер, қарсы болмасаңыздар, осы рөлді мен ойнап берейін» дейтіні Нұрсифат келіннің. Билет сатылып, көрермен кіріп қойғандықтан театр басшыларына шегінер жер қалмай келісім береді. Ал, Нұрсифат спектакльді басқа актерлармен қосылып тәп-тәуір ойнап шығады. Сөйтсе жұбайының қасында күнделікті театрға келіп, спектакльдерді көріп жүрген Нұр-апа әлгі актрисаның рөліне қызығып, сөздерін есіне сақтап, жаттап алыпты. Қызығушылықтың соңы құштарлыққа ұласып, осылайша сахнадан бір-ақ шығарды. Арнайы театральдық білімі болмаса да талантты бағалаған сол кездегі Тұрар Дүйсебаев, Тілек Ерғалиев сияқты театр басшылары Нұрсифатты осы жағдайдан кейін театрға актриса етіп қабылдайды. Бұл 1959 жылдың 13 сәуірі болатын. Сол күні театрға артист болып жұмысқа қабылданды. Еңбек кітапшасындағы жазылған бір ғана бұйрық, осы.
Содан Асқар Тоқпанов театрының сахнасындағы 60 жылдан астам уақыттан бергі ғұмырында көптеген рөлдерді сомдады. Осыншама уақыттан бергі кезеңде сахнадағы жасаған кейіпкерлерінің бәріне жарты өмірін беріп, тынымсыз еңбек етіп, өнерімен өшпес өмір сыйлады. Ол образдар галереясы театрдың мұрағаты мен музейінде сақтаулы. Көзіқарақты театрсүйер қауым әріге бармай-ақ соңғы он шақты жылдарда Нұрсифат Рахымбайқызының Б.Әбілдаевтың «Айша – Бибісіндегі» Бабаджа қатын, Ш.Мұртазаның «Сталинге хатындағы» Арифаны, М. Байджиевтің «Тіл табысқандардағы» Болдухан, Б. Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай..» драмасындағы Соқыр кемпір образдары көпшіліктің көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленгенін жақсы біледі. Осы еңбегі еленіп, 2011 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.
Өнер атты додада атақ деген біреуге ерте, біреуге кеш беріліп жатады. Шерхан Мұртаза «Адамдардың бәрі бақытты болғысы келеді. Ал бақыт құсы тек адал еңбек адамының басына қонатын көрінеді. Адам құны арзандамасын» дейді емес пе досы Камал Смайыловқа жазған хатында. Шынында Нұрсифат Рахымбайқызына Зере ана рөлі бақ құсы боп келіп, алпыс жылғы адал еңбегінің өтеуіндей болып, тағдыр 2015 жылы Мемлекеттік сыйлықты сыйлады емес пе?! Біз Нұрсифат апамыз туралы бұл мақалада ойнаған спектаклдері мен рөлдері жайлы емес, негізінен талайлы тағдыры туралы айтуды мақсат еттік. Өйткені шығармашылық жолы, әсіресе «Құнанбай» фильміндегі Зере рөлі жайлы әбден жазылып, зерттеліп зерделенгендіктен ол жағын шиырламай, апамыздың тағдырлы жолы кейінгі жастарға көбірек ой салады-ау деген мақсатта қаламды солай бұрғанды жөн көрдік.
Нұрсифат Са лықованың өмірі тақтайдай түзу, айнадай жалтырап, тек сәттіліктен ғана тұрған жоқ. Тағдырдың ащы дәмін, қасіретке толы қайғылы күндерді де бастан кешті. Өмір тек тәттісін сақтамапты. Көз жасын көл қылып, 39 жасында жесірліктің қамытын мойнына салды. Әйел адамға 39 жас деген ең бақыттың құшағында, өмірдің шаттығында, бақыттан басы айналып жүретін шағы емес пе?! Мақсұт марқұм бар кезінде Нұрсифатқа жерден шыбық көтертпей отбасының бар ауыртпалығын да, қызығын да, шыжығын да бір өзі көтеріп, еш нәрсеге алаң қылмай, барлығын өзі реттеп отырған екен. Тіпті, үйдің коммуналдық кіріс-шығысы қанша, қалай төлейтінін де білмепті. Есін әрең жинап, шиеттей жетім қалған перзенттерді жеткізу үшін қандай қиындыққа бармады. Күндіз сахнаның саңлағы болса, түнге қарай есік алдындағы сауда орталығының әрі қарауылы, әрі еден жуушысы. Ел танып қоймасын деп бетті гримдеп алып, көше сыпырушының халатымен жүрген кезді айтсаңызшы. Сынбай-ақ одан да өтіп, енді жеттім-ау дегенде екінші ұл Фархаттың қазасы қабырғасын қақыратып, омыртқасын опырып түскендей күйге түсірді. Екі ай төсек тартып жатқанда Фархаттың кіші баласы «Апа, бізді қайда тастайсың?» – деген жалғыз ауыз сөзінен соң, құр сүлдерін сүйретіп, немерелері үшін қайта басын көтереді. Міне, өмір болашақ Зереге осындай сынақтарын бірінен соң бірін әзірлеп отырыпты. Қасірет пе, қасірет. Драма ма, драма. Трагедия ма, трагедия. Құдай-ау, өстіп жүргенде «Құнанбай» фильмі түсірілетін болып, өнер жолы До схандай азаматты жолықтырып, керемет фильм жасалынып, Мемлекеттік сыйлық иегері атанып, Мемлекет басшысының қолынан марапат алып, омырауына алтын медаль тағып, бір күнде алты алашқа атағы шығып, жұлдызы жарқырап, айы оңынан, күні солынан туып, бақыттан басы айналып бірер жыл жүрді ме, жүрмеді ме - аспан айналып жерге түсіп, аспаннан Қабыл, жерден Мәді шыққандай болып, үлкен ұлы, көзінің ағы мен қарасы, өмірінің ең соңғы үміті, Мақсұтының аманаты – Мақсат баласы тура әкесінің жасынан асар-аспаста келместің кемесіне мініп, кете барды. Ұлдың алдында кетсем деген арманы тас-талқан болып, нағыз ақырзаман басына орнағанда, тағы да сол Мақсаттан қалған жалғыз тұяқ Мадиярдың «Апау, енді қайтеміз?» деген құлындағы даусы құраққа кеткенде, тағы есін жиды. Бұл жолы да есеңгіреп, жар жағалап жүріп, Мадияр құлынын жеткізсем, жетілдірсем, ертең ана дүниеге барғанда Мақсұт пен Мақсаттың, Фархадтың алдында аманаттарыңды орындадым деп айту үшін де ақырет алдында «Ей Алла, сөзімнен жаңылдыра көрме» деп белді тағы бекем бууға тура келді.
Бұл тағдырдың маңдайға жазғанынан адам баласы ешқайда қашып құтыла алмайды екен. Сонау 1936 жылы басталған қуғын-сүргін мен репрессия жылдарында әкесі Рахымбай Дүйсекеев қызғаныш пен көреалмаушылықтан әлдекімдердің көрсетуімен ұсталып кете барады. «Халық жауының» балалары деп ағасы екеуін оқудан шығарып, ауылдастар арасында көзтүрткі болып жүргенде, құдай жарылқап әкелері ақталып отбасыларына аман-есен оралады. «Халық жауының» қызы деген қара дақтан әкесі Рахымбай ақталып келген соң ғана құтылғандай болыпты. Иә, бала кезінен басталған қиындық Нұрсифат Рахымбайқызын әбден шыңдағандай. Әкесі жарықтық «Мына Нұрғалидың қызығын көрем бе, жоқ па, білмеймін. Бірақ, Нүкешіме қатты сөйлеп, бетіне келмеңдер. Оның жолы бір басқа» деп отырады екен. Айтса айтқандай, Нұрсифаттың жолы басқаша болды. Мектепті бітірісімен дипломсыз-ақ мұғалім болды. Тұрмыс құрды, бала сүйді, ойламаған жерден талайлардың түсіне кірмеген сахнаға шығып, рөл сомдап, актриса атанды. Тағы да ғайыптан тайып мыңның ішінен таңдау өзіне түсіп, Құнанбайдай алыптың анасы Зере рөлін фильмде сомдап, бәрінің арманы болған Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Бұның бәрі бір адамға аз бақыт емес. Ал бақпен қатар жүретін қасіретті де бір адамдай шекті. Сексеннен асқан шағында жол апатына түсіп, омыртқа мен жамбасы, бұғана мен қолы сынып, бір жыл бойына арбаға таңылып жатты. Осындай қиямет- қайым қасіреттен қандай құдіретті күш тұрғызғаны алдымен Аллаға, одан соң Нұрсифат Рахымбайқызының өзіне ғана аян тылсым дүние.
Пендеміз ғой, «басына түскен қасіреттен соң апамыздың жағдайы қалай болар екен, жағдайы оңалмайтын жаққа бет алды-ау» деген күпір ой келгенін де несіне жасырайық. Енді мына кереметті қараңыз, сол жол апатына түсіп, бір апта ессіз жатқан Нұр-апа есін жия салысымен «Ертең спектакльдің репетициясы еді, қалай болар екен?» деген ғой. Міне, өмірге деген құштарлық, өнерге деген махаббат. Апамыздың құштарлығы мен махаббаты емей не дерсіз, сол жол апатынан соң тура бір жыл екі айдан соң сахнаға оралып спектакльдегі кемпір рөлін Тоқпанов театрының 87 маусымының жабылу салтанатында керемет ойнап шықты. Ғабит Мүсірепов айтпақшы, әлгі отқа жанып, қайта ұшып кететін самұрық ше, сол «Феноменальный Феникс» дегеніміз бәлкім, осы шығар.
Асқарбек АҚЫЛШАҰЛЫ,
ҚР Еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Құрметті журналисі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- Бүгін, 18:52
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді