«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Он құрсақ көтеріп, отыз жыл қызылшада тер төккен

Он құрсақ көтеріп, отыз жыл қызылшада тер төккен
Ашық дереккөз
Жаңақоғам ауылдық округіндегі Көктөбе ауылына сыйлы әженің бірі – Жеміс Әміралиева. Ол ұжымшарда ұзақ жыл қарапайым жұмыстар істеген «Алтын алқа» иегері. Қазіргі таңда 84 жасқа келген кейуананың еңбекпен өткен жылдар туралы айтары көп. «Ауылдың ажары – Жеміс әже. Қай кезде де құрметтеп, сәлем беріп, жағдайын біліп тұрамыз», – дейді Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Марлен Махамадиев.

Жеміс Әлиасқарқызы 1960 жылы 19 жасында осы Көктөбе ауылына келін болып түскен екен. Сол босаға аттаған уақыттан бастап, ұжымшарға қызылшашы болып қабылданған. 50 жасына дейін табаны күректей 31 жыл қызылшашы, звено жетекшісі болып еңбек етті. Еңбекке араласа жүріп, 7 ұл, 3 қызды өмірге әкелді. «Алтын алқа» иегері атанды. Қызылша жұмысы – жауапкершілікті қажет ететін өте ауыр бейнет. Оның мәнісін егістік алқабына барып, қолына кетпен ұстағандар жақсы түсінетіні анық. Әр атызға суды уақтылы жеткізу, әр жүйекті жекелеу, арам шөптен тазарту жұмыстары нәзік жандылар түгілі атпалдай ер азаматқа да оңай соқпайды. Сол жұмыстардың қиындығына төзіп, ауырлығына көнген Жеміс Әлиасқарқызының да жемісті жылдары аз болған жоқ. Отағасы Фермабай Әміралиев ұзақ жыл ұжымшарда көлік жүргізушісі болып еңбек еткен.

Жеміс әже атқарған еңбегіне қарай аудандық партия комитетінің, ұжымшар төрағасының Құрмет грамоталарын алып тұрды. Он перзентті өмірге әкеліп, батыр ана атану да – үлкен бақыт. Қазір ұлы ұяда, қызы қияда. Олар Шымкент, Теміртау, Көкшетау қалаларына қоныстанып, еңбек етуде. Ай сайын немерелерін ертіп, ұл-қыздары кезек-кезек келіп тұрады. Қолында кіші баласы Біржан мен келіні Жания бірге тұрады. Олар да әженің барлық жағдайын жасаудан жалыққан емес. Себебі, ананың алғысын алған адам көгеретінін түсінеді. «Балаларым есейіп, оқуларын бітірген соң, әр жаққа кетті. Сырт қалада жүрсе де жылына 2-3 рет келіп-кетіп тұрады. Немере-шөберелерімді бауырыма басып, мейірімімді төгемін. Қызылшаның ауыр бейнетін кешіп жүріп, осы он баланы жеткіздім. Енді жастар аман болсын», – дейді батыр әже.

Қазір адам қолымен атқарылатын көп шаруаға техника араласқан. Қызылша өсіру ісіне де техниканың тиімді тәсілдері енгізіліп жатыр. Қазіргі тәтті түбір өсірушілерге еңбек ету бұрынғыдан жеңіл. Ал, техниканың дамыған мүмкіндіктері жоқ кезде қолынан кетпен, күрегін тастамай жүріп, қант қызылшасын өсірген Жеміс Әміралиева – нағыз құрметке лайық жан. Ол ұрпағым қиналмай өссін, ештеңеден тарықпасын деп белшеден бейнет кешкен жылдарын есінен шығармайды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар