
«Erma fish taraz» бір жылдан бері төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Түскен табыс екі отбасыға бөлінеді. Адал достардың бірі осы қуырылған балықтармен айналысса, екіншісі көліктерді техникалық жөндеуден өткізумен айналысады. Екі жақтан түскен табыс та теңдей бөлінеді. Достардың арасында кәсіпке қатысты ұрыс та, реніш те жоқ. Отағалары Нұрғали мен Жұмағали бала күннен бірге өскен достар. Ең алғаш қандай бизнес ашамыз деп ойланғанда Жұмағали Астанадан ауыздан қанша жесең де дәмі кетпейтін балық жегенін айтады. Өзара осы ойға тоқтап Елордамызда орналасқан «Erma fish kz» франшизасын сатып алуға бекінеді. Әрі десе «Erma fish kz»-тің нағыз егесі Қазақстанға танымал композитор Ғалия Өзбекбайқызы екен. Жерлесіміз Ғалия Шаудырбаева Жамбыл ауданы, Сеңгірбай ауылының қызы.Тараздағы бизнестің егесі Таңшолпан екеуі бір ауылда көрші болған екен. Осылайша олар үш жарым миллионға франшизаны сатып алып, тірлікті бастап кетеді.
– Ғалия Өзбекбайқызы бұрыннан кәсіпке жақын адам. Өзінің рецептісімен жасалған қуырылған балықтардың франшизасын екі жанұя ортадан бірігіп, ақша шығарып сатып алдық. Дос адамдар бірігіп бизнес ашса, ұрыс болады, арты жаман болады дегенге сенбейміз. Тату-тәттіміз. Ақшаға, кәсіпке таласқан ешқайсымыз жоқ. Кім неге жақын, соны бөліп алдық. Жұмағали мен Әйгерім көліктерді техникалық бақылаудан өткізеді. Ал күйеуім балықтарды әкеледі. Мен тазалаймын, маринадтаймын, пісіремін. Аспаз – өзім. Жақында тағы бр аспаз алдық. Бас аспазбын. Балықтың маринадталу жолын ешкім білмейді. Құпиясы да осында. Бізден балық сатып алған адамдар міндетті түрде қайта қайырылып соғады. Тапсырыспен әкетеді. Мәзірде сазан, карась, минтай бар. Балықтарымыз көптің сұранысында, – дейді Таңшолпан Жалалқызы.
Шындығында ыстықтай әзірленіп жеткізілетін сүйікті ас тараздықтарға ерекше дәмімен ұнайды. Осылайша бұл бизнес бастапқыда Ғалия Өзбекбайқызының танымал бренді болған. Енді оның құпия рецептісі сатылып, жан-жақтан ашылуда. Осы орайда кәсіптің негізін қалаушы Ғалия Шаудырбаевамен сөйлестік.
– Әрбір жеп отырған тағамымыздың не киген киіміміздің өзіндік шығу тарихы бар. Адамзаттың ақыл-ойының ұшқырлығының арқасында біздер пайдаланып жүрген тұрмыстық бұйымдар, киімдер, азық-түліктер, тағамдар пайда болған. Тоңазытқыш, көлік, бәрі-бәрінің басталу тарихы бар. Кезінде «Gucci», «Versace» сынды алып дүкендер де өз ісін шағын жерден бастаған. Мәселен, жылдам дайындалатын Кентуккилік қуырылған тауық етін әлемде білмейтін адам жоқ. Kentucky Fried Chicken (KFC) атауы айтып тұрғандай бұл тағамның шыққан жері АҚШ-тың Кентукки штаты, Луисвил қаласы. Гарланд Сандерстің ашқан кәсібі бүгінде бүткіл әлем бойынша жұмыс істеп тұр. Мен де өз қолыммен тағам жасағанды жақсы көремін. Содан не керек, жан-тәніммен беріліп істейтін өз ісімді аштым. Бизнесті бастау ешқашан кеш емес екенін түсіндім. Бизнес бірден жүріп кетпейді. Сіз жоқ болсаңыз, ол орынға басқа адам келеді. Ол жайнатып, сол жұмысты дөңгелетіп әкеткенде, «мен де сөйтер ем» деп іштей мүжілесіз. Сол себепті, бизнес бастаймын деп жүрсеңіз, қорықпаңыз. Ұлымның аты Ермахан. Бұрыннан баламның атынан бизнес ашсам деп армандайтынмын. Бүгінде нақты осы өз рецептіммен жасалған франшизаны Орал, Тараз, Алматы қалалары сатып алған. Орал мен Таразда жұмыс қарқыны тамаша. Астанадағы бизнесіміз құлпырып жүріп жатыр, – дейді ол.
Нарықта үлкен сұранысқа ие кәсіптің бірі – балық шаруашылығы. Өйткені, қазір екінің бірі балық өнімін тұтынады. Әсіресе, жиын-той дастарханы балық етінсіз жұтаңдау көрінеді. Сұраныс артқан сайын балықтың бағасы да шарықтап барады. Бірақ осы шаруашылықты қолға алып, кәсіби тұрғыда айналысуға әлі де қауқарсызбыз. Бұл жайында кәсіпкер Нұрғали Абитаев былай дейді.
– Баяғыда Ақкөлде балық көп болатын. Жасыратыны жоқ, бүгінде өңірде балық шаруашылығының кенжелеп тұрғаны рас. Шетелді айтпағанда өзіміздің елдегі Арал, Балқаш, Алакөл бассейндері мен Бұқтырма, Шардара, Көксарай, Қапшағай су қоймалары арқылы шаш етектен пайда тауып отырған шаруашылықтар секілді біздің де балық аулап, байлыққа белшеден батуымызға не кедергі? Облыста 115 су айдыны бар болса, соның 96-сы шаруашылық жүргізу үшін заңды тұлғаларға бекітіліп беріліпті. Шыны керек біздің шикізат – ол балық. Амал жоқ сырттан әкелеміз. Өз облысымыздан емес. Кейде сазанды Ақкөлден әкелеміз. Минтай балығы Ресейден жеткізіледі. Отандық өз өніміміз болса, әрине қуанар едік. Біреуге бағынышты болып жұмыс істегеннен гөрі өзіңе жұмыс істеген жақсы. Айына 1 миллионнан, кейде 500 мыңдай табамыз. Бір күнде 50 кило қуырылған сазан сатылады. Алдын ала маринадтап қоямыз. Кәсіптің қызығы мен шыжығы бар. Ісіміз берекелі, – дейді ол.
Адам – адамнан амалымен артық. Амалды мен амалсыз бірдей ме? Білетіндер мен білмейтіндер де тең емес. Табысты мен табыссыз да бірдей емес. Ризығын адалынан тауып отырған отбасыға сәттілік тіледік.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Таразда ыстық су уақытша өшіріледі
- 12 сәуір, 2025
Мегажобалар жүзеге асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді