«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбыл облысы - аймақтар арасында алдыңғы орында

Жамбыл облысы - аймақтар арасында алдыңғы орында
Ашық дереккөз
Жасыратыны жоқ, бүгінде бюджеттің қаржысын тиімді пайдалану, дұрыс жоспарлау өте маңызды іс. Қаржыны тиімді пайдалану үшін алдымен оны дұрыс жоспарлау керек. Ал, бұл істің көрсеткіштері халық үшін жасалған игіліктермен бағаланады.

Иә, бюджетті дұрыс жоспарлау мен тиімді пайдалану жылда өңірлік стандарттар жүйесімен бағалануда. Өңірлік стандарттар жүйесі бюджеттік жоспарлауды реттеп, өңірлердің даму деңгейін теңестіруге мүмкіндік береді. Бұл бағытта халықтың өмір сүру игіліктерімен қамтылу деңгейі әр ауыл, әр қала бойынша бекітілген 56 бағытта жүргізілген талдау нәтижесімен анықталады.

Енді 2023 жылы Қазақстан Республикасы экономикалық зерттеулер институты жасаған талдауының нәтижесінде өңірлік стандарттармен, яғни өмір сүруге қажетті игіліктермен облыс тұрғындарын қамту деңгейі 69,3 пайыз құрап, республика өңірлері арасында Жамбыл облысы 7 орынға табан тіреген.

Бұл бағытта бірлесіп атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде бұл көрсеткіш 2024 жылдың қорытындысымен 74,1 пайыз құрап, 4 орынға шықты. Алғашқы үштікте Астана, Шымкент, Алматы сияқты ірі мегаполистер тұрғанын ескерсек, Жамбыл облысы аймақтар ішінде алдыңғы орында тұрғанын қуанышпен айтуға болады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың айтуына қарағанда, өткен жылы облыстың бюджет кірістері 701,4 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 53,8 миллиард теңгеге артқан. Оның ішінде, өзіндік кірістер 179,6 миллиард теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 28,9 миллиард теңгеге артық орындалды. Нәтижесінде, жалпы кірістердегі өзіндік кірістердің үлесі 2023 жылы 23,2 пайыздан 2024 жылы 25,6 пайызға ұлғайды. Бұл жыл ішінде мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп атқарылған жұмыстар және алдағы жылдары іске қосылған өндірістердің қуатын арттыру нәтижесінде орын алды.

Әрине, бюджет туралы әңгіме болған жерде салық түсімдері де айтылмай қалмайтыны бесенеден белгілі. Өткен жылы облыста 349 салық төлеуші қайта тіркеліп, ірі 78 салық төлеушілерден 5,6 миллиард теңге жергілікті бюджетке кіріс түскен. Енді кәсіпорындардан биылғы жылы 6,2 миллиард теңге түсім күтілуде. Оның тең жартысы, яғни, 3,1 миллиарды жергілікті бюджетке түседі деп жоспарланған.

Тағы бір айтары, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын артттыру мақсатында 2024 жылы бюжджет шығындарының басым көпшілігі әлеуметтік салаға жұмсалды.

– 2025-2027 жылдарға арналған облыс бюджетінің шығындарын жоспарлау кезінде халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру басты назарда болды. Сол себепті бірінші кезекте шығындар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту, сапалы денсаулық сақтауды қамтамасыз ету және салауатты өмір салтын ынталандыру, жұмыспен қамтуды қолдау және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру секілді мақсаттарға бағытталды. Осылайша әлеуметтік сала шығындары 434,2 миллиард теңгеге жетіп, жалпы шығындардың 59,6 пайызын құрады, – дейді бұл жөнінде Нұржан Календеров.

Сондай-ақ, өткен жылы облыс бюджетінің шығындары 727,9 миллиард теңге болса, әлеуметтік саладан бөлек, оның 281 миллиард теңгесі еңбекақы қорына, 271 миллиард теңгесі ағымдағы шығындарға, 41 миллиард теңгесі күрделі шығындарға, 135,6 миллиард теңгесі даму бюджетіне жоспарланған.

Нәтижесінде білім саласында 16 мектеп пайдалануға беріліп, 8 оқушы орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, 2 апатты мектептер мәселесі шешілді. 10 мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жүргізілді.

Ал, денсаулық сақтау саласында 22 нысан, оның 18-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. 2 қалалық медициналық мекеме күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Сондай-ақ, 10 спорт кешені мен 103 спорт алаңшасы, 9 мәдениет нысаны пайдалануға берілді.

Қалай айтсақ та мемлекет тарапынан тұрақты экономикалық өсім, халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету мақсатында бюджет қаражатын тиімді басқаруға және пайдалануға күн өткен сайын ерекше көңіл бөлініп келеді. Алдағы уақытта, жергілікті атқарушы органдардың жұмысы осы көрсеткіштің деңгейін ары қарай арттыру бағытында жүргізіліп, халықтың өмір сүру игіліктерімен қамтылу деңгейі жоғарылай беретіні анық.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар