
Жастықтың қызығын бірге кешіп, шырайлы күндерді естен шығармаған, махаббаттың жылуын сезініп, мың белестен бірге асып, айтар әңгімесі таусылмаған жұп – меркілік Қапановтар отбасы. Отағасы Сейтжан Жабықпаев пен отанасы Жанна Нарымбетованың наурызда шаңырақ көтергендеріне 26 жыл. Алты ұл-қыз бен екі немере тәрбиелеп отыр. Сейтжан Қапанұлы – басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері. Ал жан жары Жанна Серікбайқызы – Меркі ауданы, Ақермен ауылындағы «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі. Наурыз мерекесін олар ерекше атап өтеді.
– Наурыз айын барша халық айрықша ықыласпен күтеді. Біздің отбасы үшін Наурыз – тату шаңырақтың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні көптің батасын алғандықтан ба, жанұямыздың ауызбіршілігі жарасқан. 26 жыл бір-біріміздің мінезімізді көтере білдік. Біріміз ашулансақ, екіншіміз үндемей құтылдық. Жұбайым Сейтжан жалпы сөзге жоқ адам. Ер адам деген сырттың, түздің адамы. Бала жылап жатыр ма, не ішіп, не жеп жатыр, тәрбиесі қалай болып жатыр, ол іс көбіне аналардың мойнында. Бізде де солай болды. Көбіне бала тәрбиесімен өзім айналыстым. Аллаға шүкір, айтар әніміз де, әңгімеміз де бір, – дейді отанасы Жанна Нарымбетова.
Отбасы – ауызбіршілік пен өзара қолдау мекені. Сау, сауатты отбасында «Кім биік, кім төмен?» деген сұрақ туындамайды. Кім-кімге бағынуы керек деген әңгіме айтылмайды. Ешкім ешкімге табынбайды. Бәрі тең. Отбасының әр мүшесінің өз арманы, үлкенді-кішілі жоспары бар. Осындай сыйластық пен махаббатқа құрылған жанұяның бірі – Нұрболат Әлдибек пен Гауһар Сүйімбайдың отбасы. 2014 жылы 21 наурызда шаңырақ көтерген жұптың отағасы Нұрболат – республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі. Ал жан жары Гауһар – кондитер. Өзінің шағын кондитерлік дүкені бар. Гауһардың мамандығы – филолог. Бірақ тәтті жасауға деген ықыласының арқасында нағыз кондитерге айналған.
– 27 жасқа қараған шағымда отау құрдым. Жер-ананың бусанып, күн мен түннің теңелетін кезі, тал-дарақтардың көгерген шағы, өміріміздің бастауы болсын деп наурыздың 21-і күні той жасадық. Оның үстіне өзім жұмыс істейтін «Жас Алаш» газетінің туған күні де 21 наурыз күні болғандықтан, жақсы ырымға баладым. Ол кезде «агент» деген әлеуметтік желі сәнде еді. Гауһармен «агент» арқылы танысқанмын. Кездестік. Бір көргеннен ұнаттым. Шүкір, шай дескен кезіміз жоқ. Сіз, біз десіп өмір сүріп жатырмыз. Мемлекеттік бағдарламамен «Арай 2» шағынауданынан пәтер берілген. Сонда тұрып жатырмыз. Үлкен ұлым Алдияр 4-сыныпта оқиды. Екіншіміз Әлдихан 2-сынып оқушысы әрі шахматтан жеңімпаз. Үшінші ұлымыздың есімі – Әл-Фараби. Сосын Ақжүрек, бесіншіміз Інжу. Тату-тәтті отбасымыз. Үйде әйел бақытты болса, ер адам да ұрпағымен бақытты. Ерімен сүйікті екенін, айналасы үшін маңызды екенін естіген әр қыз-келіншектің көңілі көкке ұшады. Менің жұбайым бәрін билеп жүріп, әндетіп іске асырады. Саусағы тигеннің бәрі әдеміге, аузынан шыққан сөздің бәрі батаға айналады. Пісіріп дастарқанға қойғаны шипалы, айқара ашқан құшағы қуат болады. Біле білгенге бақытты әйелдің әр ісі – махаббат, болмысы – қасиет, – дейді журналист Нұрболат Әлдибек.
Наурызда отау тіккен жандардың тағы бірі – Елдар Боранбек пен Балжан Оңласынбектің жанұясы. Олар 2021 жылы шаңырақ көтерген. Отау құрған 4 жылда олар үш балалы болды. Бүгінде Көзайым, Хақназар, Бекназар есімді ұл-қыздарды тәрбиелеуде. Елдар Ханжанұлы 1997 жылы 29 наурызда Талас ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Ол Қордай аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары.
– Наурыз айы берекелі, ризықты ай. Жақында ғана үшінші перзентім Бекназар дүниеге келді. Өзім де, атам да, апам да наурызда дүниеге келген. Үйленерде де ырымдап наурыз айында шаңырақ құрдық. Адамдар ғашық кезде әлем ғажап көрініп, көңіл-күйіміз екі есе көтеріліп, айналаға жақсылық жасағың кеп, мейірленіп кетеміз ғой. Үйде махаббат орын алса, бітпейтін ғажайып жоқ, – дейді Елдар Ханжанұлы.
Өнегелі отбасы, өрелі ұрпағы бар ел бақытты. Ел ішінде «Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған тағылымы мол отбасы» деген сөз бар. Лайым бұл үш жанұя да шаңырақтарынан шаттық есіп, көпке үлгі болып отырсын деп тілейміз. Ауызбіршілік пен сыйластық бар жерде отбасы ды мығым. Соған көзіміз жетті.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Жаны нәзік, ары биік арулар
- 13 сәуір, 2025
Әкемнің «Арманым жоқ» деген сөзі құлағымнан кетпейді...
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді