
Жиында биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында бас-аяғы 257 жамбылдық азамат қаңғыбас иттерден зардап шеккені сөз болды. Өкінішке қарай, олардың ішінде 14 жасқа дейінгі 80 жасөспірім бар. Жыл басталғалы өңірімізде ит талаған 2 жағдай орын алған. Есепті кезеңде «Жамбыл 109» диспетчерлік орталығына түскен өтініштерге байланысты облыс аумағында 5 972 бас қаңғыбас ит ауланып, тиісті бағдарламалар бойынша «IT-COR» ақпараттық жүйесіне 2 622 жануар тіркелген. Бұл туралы облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, облыс көлемінде барлығы 160 ветеринариялық пункт бар. Биыл типтік үлгідегі 40 ветеринариялық пункттердің құрылысын жүргізу көзделуде.
– Өткен жылы облыс аумағында 4 ауру түрінен 17 ошақ анықталып, ошақтарды жою және сауықтыру жұмыстары толық жүргізілді. 2023 жылмен салыстырғанда ауру ошағы 25 пайызға азайды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жоспарға сәйкес, былтыр облыс аумағында 506 мың бас ауыл шаруашылығы жануарларына үш кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары толығымен жүргізілді. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 160 ветеринариялық пункт бар. Ал, Меркі, Мойынқұм және Қордай аудандары әкімдіктері тарапынан қажетті жер телімдері бойынша нақты шешім қабылданбаған, – деді Бақыт Аязұлы.
Атап өтейік, бүгінгі таңда облыс аумағында иесіз қалған қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша ұстауға арналған 11 панажай бар. Оның ішінде, 3 панажай Т.Рысқұлов, Шу және Қордай аудандарындағы жалдамалы ғимараттарда орналасқан. Биыл қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жансыздандыруға жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге бөлінсе, тиісті бағдарламалар бойынша «IT-COR» ақпараттық жүйесіне барлығы 2 622 жануар тіркелген. Ал, жоспар бойынша жалпы 1 542 751 төл бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілген. Бұдан бөлек, былтыр вакцинация бойынша барлығы 26,2 миллион манипуляция және қан сынамасын алу бойынша 5,9 миллион манипуляция жүргізілген. Диагностикалық тексерулер нәтижесінде сарып ауруы анықталған 88 мүйізді ірі қара мен 264 ұсақ мал ветеринариялық-санитариялық талаптармен сойылып, қайта өңдеуге жіберілген.
Басқосуда облыс әкімі өткен жылы анықталған ауру ошақтары тұрғындарға зардабын тигізуі әбден мүмкін екеніне айрықша тоқталып, жауаптыларға қауіпсіздікке баса мән беру қажеттігін ескертті. Аймақ басшысы бірқатар аудан әкімдеріне ветеринариялық пункт салуды жеделдетуді тапсырып, мал етін сататын сауда орындары мен өңірімізге сырттан келетін ет өнімдеріне жіті тексеріс жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ, Ербол Шырақпайұлы ветеринар мамандарға еңбекақысы уақтылы берілуі бақылауға алынғанын айтып, мамандарды даярлау ісіне айрықша көңіл бөлу керектігін атап өтті.
– Бүгінгі жиында көтерілген мәселелерге бейжай қарауға болмайды. Облыс тұрғындары қаңғыбас иттердің көбеюіне байланысты өз алаңдаушылықтарын білдіруде. Қоғам қаңғыбас иттерден зардап шегіп жатыр. Ал, кейбір ауданда қыруар қаражатқа салынған панажайлар пайдаланылмай бос тұр. Дәл сол секілді бірқатар елді мекендердегі ветеринариялық пункттердің бүгінгі жағдайы аянышты халде. Сондай-ақ, бірнеше ауданда биотермиялық шұңқырлар қараусыз жатыр, – деген облыс әкімі туындаған мәселелерді шешу бойынша жауаптыларға нақты тапсырма берді.
Жиын соңында облыс әкімінің осы жылдың ақпан айында Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесуінде және азаматтарды жеке қабылдауында берген бірқатар тапсырмаларының орындалу барысы сараланды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Таразда ыстық су уақытша өшіріледі
- 12 сәуір, 2025
Мегажобалар жүзеге асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді