«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Студенттер арасында дін мәселесі сараланды

Студенттер арасында дін мәселесі сараланды
Ашық дереккөз
Дін адамның ішкі нанымына байланысты дамиды. Әрине, жалғыз Жаратушы бары рас, хақ дін – Ислам дейміз. Алайда, әлемде 10 мыңнан аса дін бар делінеді деректерде. Ал, жер шары тұрғындарының 84 пайызы ең үлкен саналатын 5 дінді ұстанады, олар – Ислам, Христиан, Индуизм, Буддизм және Халықтық діндер. Әрине, бұл әр халықтың сеніміне байланысты.

Кейінгі уақытта адамның ішкі сенімін пайдаланып, діннің атын жамылып, астыртын саясатын жүргізетіндер де жиі көрініс берді. Әсіресе, олар оң-солын танып үлгермеген, алаңғасар жастардың сенімін жаулап, жетегіне ертуге күш салды. Сондайлардың жетегіне еріп, өзінің шыққан тегін ұмытып, шекара асып, өз еркімен қанды қырғынға араласқандар да жоқ емес. Сол себепті де ел арасында адаспас жолды нұсқап, діни тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынды.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы» да халықтар мен елдер арасындағы бейбітшілік пен келісімді қолдаудың маңызды құралдарының бірі ретінде дінаралық диалогты нығайтуды және дамытуды көздеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізудің бастамашысы – біздің ел. 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі бұрын-соңды болмаған террористік шабуылдардан кейін, адамзат өркениетаралық және дінаралық алауыздықтың алдында тұрғанда Қазақстан бір үстел басында әлемдік рухани лидерлерді біріктіретін форум өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бүкіл адамзаттың қауіпсіздігіне құрылған бұл идеяны көптеген әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері қолдады. Осылай басталған съезді дамытудың 10 жылға бағытталған тұжырымдамасы аясында жастарды діни адасушылықтан сақтандыру мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде профессор оқытушылар құрамы мен студент жастарға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Алқалы жиынға «Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров және облыс әкімдігі дін істері басқармасы дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бөлімінің бас маманы Асылхан Қалмырзаев қатысып, баяндама жасады.

Жиынды жүргізген университеттің басқарма мүшесі, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек бұл оқу орнында еліміздегі конфессияаралық келісімді сақтау мақсатында профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастарға дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұратынын айтты.

–Конфессияаралық келісімнің басты мақсаты – Қазақстан еліндегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара келісімге негізделген қарым-қатынастардың сақталуы маңызды. Әртүрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адами құндылық болып табылады. Мағыналы конфессияаралық орталық болып қалыптасқан «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі» төңірегінде діни қауымдастықтар өзара түсіністік пен сыйластық табады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады және заманымыздың күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарын еңсеруге ықпал ететін болады. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бойынша үлкен тәжірибеге ие және осы салада әрдайым тиімді ынтымақтастыққа дайын. Дін ізгілікті, адамдар арасындағы сыйластық пен бауырмалдылықты көздейтінін жас студенттерге кеңінен түсіндіре жеткізу үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, көпшіліктің назарына ұсынылатын бейнероликтер әзірлеп, жариялаймыз, – деді проректор Аслан Еділханұлы.

Жастар жиналған дөңгелек үстелде университеттің зиянды әрекеттерден сақтануға шақыратын бейнеролигі көрсетілді. Басқосу қорытындысында студенттер діни нанымға қатысты көкейлеріндегі сауалдарын қойып, жауаптарын тыңдады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар