
Ұзындығы 964 метрді құрайтын құрылыс нысаны Тараз қаласы үшін стратегиялық маңызға ие. Ол қала орталығын теміржол желісінің арғы бетінде орналасқан тұрғын үй массивтерімен байланыстырып, логистиканы жақсарта түспек. Сонымен қатар, жоба көліктердің транзиттік ағынын түсіру арқылы орталық көшелерге жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жол өткелінің өткізу қабілеті тәулігіне 80 мың автокөлікті құрайды. Қала аумағының қарқынды кеңеюін ескерсек, бұл өте маңызды бастама. «Қазақдорстрой» ЖШС құрылысын жүргізетін нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін екі лифт орнатылып, жарықтандыру және іргелес аумақты абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Нысанның капсула салу рәсімінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев көлік инфрақұрылымын дамыту азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
– Екі мың жылдық тарихы бар көне шаһар – Тараз күн санап көркейіп келеді. Айталық, қала аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен мен 2 саяжай қосылып, қала халқының саны 480 мыңға жуықтады. Осыған орай шаһарда «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары құрылды. Қаланың екі ауданға бөлінуі — тұрғындар үшін маңызды, тарихи оқиға. Бұл қала халқына мемлекеттік қызметтерді тиімді көрсету үшін қабылданған шешім. Айрықша тоқталып өтетіні, қалада 2 көпір құрылысын салу көзделген. Оның бірі – тұрғындар жылдар бойы көтеріп келе жатқан Абай даңғылы бойында темір жол арқылы көлік және жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы болатын. Бұл қала тұрғындары үшін көптен күткен маңызды оқиға екені сөзсіз. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылатын стратегиялық маңызды жоба «Жібек жолы» және «Әулиеата» аудандарын байланыстырып, жолаушы мен жүк тасымалын жеңілдетеді, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Айта кету қажет, бұл көпір құрылысы Таразда жоспарланған жалғыз ауқымды жоба емес. Жақын арада тағы бір маңызды көлік объектісін – Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы жалғайтын эстакаданы іске асыру жоспарлануда. Бұл жоба тиімді көлік желісін және ыңғайлы қозғалыс маршруттарын қамтамасыз ете отырып, қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Капсула салу рәсімінде Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев және «BI GROUP» Директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев жобаны іске асыру өңірдің экономикалық өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, шаһардың дәл осы бөлігінде темір жол арқылы көлік қозғалысы мәселесі ұзақ жылдар бойы орын алып келген еді. 2023 жылы Мемлекет басшысы өңірге сапарында Абай даңғылы бойында темір жол арқылы көлік және жаяу жүргіншілер өтетін өтпелі жолдың құрылысын жүргізуді тапсырған болатын. Президент қолдауымен іске асқан жоба шығыстарының 70 пайызы республикалық бюджеттен қарастырылса, ал қалған 30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінетін болады. Жаңа көпір 2027 жылдың басында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
1 мамырдан бастап жедел жәрдем шақырту қиындай ма?
- 24 сәуір, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді