«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жақсылыққа жетелеген фильм

Жақсылыққа жетелеген фильм
Ашық дереккөз
Елімізге танымал «Өнер қырандары» театрының бастамасымен әзірленген «Молда» фильмі қазіргі таңда облыс орталықтарында да көпшілікке көрсетіліп жатыр. Қасиетті Рамазан айында көрерменге жол тартқан жаңа туындының жұртшылыққа берер тәрбиесі мен тағылымы аз емес. Фильмнің режиссері – Абдусаид Төлегенов.

Режиссер Абдусаид Шайхисламұлының идеясымен түсірілген бұл фильм негізі комедия жанрын қамтиды. Дегенмен, күлкіден гөрі адамды терең ойға жетелейтін тұстары көп. Фильм адамдық пен имандылықты, ата-ана алдындағы парызды қамти отырып, діннің әлеуметтік маңызын ашуға тырысқан. Дінді дұрыс түсіну мен оны өмірлік бағыт ретінде қабылдау мәселелерін қозғайды. Біреуге жасаған қастығың да, істеген көмегің де текке кетпейтінін, түбі бір айналып алдыңнан шығатынын да қамсыз жұрттың ойына салады.

Фильмде бұзақылық топқа қосылып кеткен «Аға» деп аталатын бас кейіпкердің рөлін белгілі актер Жанболат Найзабек ойнайды. Ол бұзық болғанымен, оны да жоғарыдан басқарып отырған қарақшылық топтың жетекшісі бар. «Аға» деп аталатын бұзақы адамның да жүрегі бар, сезімі де жоқ емес. Бірақ, топтың құрып қойған торынан шыға алмайды. Ал, алыс ауылдағы анасы мұны сарыла күтіп, сағынумен болады. «Балам, сенікі қандай жұмыс. Бұрынғыдай емеспін, сырқаттанып жүрмін. Келіп кетсеңші. Дидарыңды бір көрейін», – деген ананың жалынышты үні ұялы телефонның аудиосы арқылы естілгенде кез келген адамның толқитыны рас. Бас кейіпкердің де толқығаны өтірік емес. Бірақ, бара алмайды, жүйеден шыға алмайды. Осылайша, қарақшылық топтың ықпалында жүріп, анасының жаназасына да бара алмайды.

Сөйтіп жүргенде қарақшының бастығы мұны үлкен зауыт директорын өлтіруге жұмсайды. Негізінен, бұл қарақшыларға біреуді ауыр жазалау, өлтіру деген аса қиын шаруа емес. Көз алдарында ақшалар елестегенде бәріне де бара алады. «Аға» деп аталатын бас кейіпкер де зауыт директорының бірнеше қабатты зәулім үйіне жолын тауып кіреді. Директордың тынығып жатқан бөлмесін табу барысында да жаңылыспайды. Діттеген адамының маңдайына тапанша тіреп, өлтіргелі тұрғанда «Балам, қайдасың?» деген ананың дауысы естіледі. Ананың ықыласы үшін «Аға» директорды өлтірмей кетеді. Қарақшылық топқа да қайта қосылмай, қаладан алыс бір ауылға кетіп қалады.

Бұл шешім қарақшының бастығына ұнамай, «Ағаның» артынан адам жіберіп, «Алдыма тірідей алып келіңдер» деп тапсырады. Ал, бас кейіпкердің аталған ауылда барып түн ішінде тоқтаған жері мешіт болып шығады. Бірақ, бұзақы топтан шыққан жігіт құлшылықтан хабарсыз. Сол ауылдық мешіттің имамы бұны сыртқа теппей, жылы сөйлейді. Бас кейіпкер екі күнге мешітті паналап, аялдай тұруға рұқсат сұрайды. Дәл осы тұста ешнәрсе Жаратушының қалауынсыз болмайтынын байқауға болады. Яғни, бір азаматты өлтірмеген жақсылығы үшін Жаратушы оның мешітке қарай жолын ашып, білімі терең имамға жолықтырып тұр. Бірақ, бас кейіпкер екі күннің ішінде құжаттарын әзірлеп, астындағы машинасын сатып, Өзбекстанға өтіп кетуді ойлайды. Сол мақсат жолында мешіт ғимаратының құжатын ұрлап алып, қалталы азаматқа апарып береді. Ол азаматтың ойы мешіт ғимаратын жекешелеп, сол жерден мейрамхана ашу. Осылай жүріп, құжаты мен ақшасын әзірлеп жолға шыққанымен, бас кейіпкер уақыттан кешігеді. Өзбекстан шекарасына өтіп кете алмай қалады. Мешітке қайта барып, сырт киімін шешіп, аз ғана минутқа далаға шығып кетеді. Осы кезде имам мұның сырт киімін қайырымдылыққа берілген киім екен деп ойлап, жағдайы төмен отбасыға өткізіп жібереді. Ал, сол сырт киімнің қалтасында 10 мың доллар ақша бар. Қайырымдылыққа зәру әлгі үйдің отағасы ішіп кеткен. Айналаға түгел қарыз, үйі кепілге алынып, баспанасынан айырылып қалғалы тұрған. Ол қайырымдылық пен шатасып келген 10 мың долларға үйін де құтқарып қалды, қарыздарынан да құтылды. Мұндай мүмкіндіктің туғанына отбасымен бірге ерекше қуанды. Дәл сол сәттен бастап арағын қойып, мешітке келді. Отағасының түзелгеніне отанасы да, перзенттері де риза. Осы жағдайдан кейін бас кейіпкер де мешітте Жаратқанға жалынып, бүкіл қателіктері үшін кешірім сұрап, имандылық жолына қарай бұрылады. Оның бұл ниеті ауыл молдасына ұнайды.

Фильмде ауыл молдасын емдеп жүретін мейірбике қыздың рөлін Дана Тұрарбек сәтті ойнап шыққан. Мейірбике бас кейіпкерді ұнатып та қалады. Оны байқаған ауыл молдасы Дананың анасының алдынан өтіп, құда түседі.

Фильмде тағы бір эпизод бар. Ол ұзақ жылдар бойы сырт жаққа кеткен баласын күтіп, сағыныштан сарғайған ана образы. Мешіт молдасы қиын жағдайдағы сол анаға қарасып тұрады. Бір жолы сол ананың үйіне барған бас кейіпкерді кейуана өз баласы деп ойлайды. «Балам, келдің бе, жеттің бе?», – деп құшақтай алады. Бұған амал жоқ әлгі зарлы ананың баласы болуға тура келеді. Ана баламды таптым деп қуанып, гаражда тұрған жаңа автокөлікті көрсетіп, кілтін қолына ұстатады. Осындай нәзік тұстарда көрермен көңілі елжіреп кететіні анық.

Осы тұстарда қарақшы топтың бастығы ұсталып, полицияның қолына түседі. Оның бүкіл сыбайлас серіктері іздестіріледі. Алыс ауылда молданың көмекшісі болып жүрген бас кейіпкер де тұтқындалып, қолына кісен салынады. Алайда, Жаратқан сәтін салса, шешілмейтін түйін бар ма? Қарақшы топтың бастығы және сыбайластары тұтқындалған бөлмеге полиция баяғы зауыт директорын шақырып, «қылмыскерлерді танисың ба?» деп сұрайды. Сонда директор бүкіл барлық тұтқынның ауыр қылмыстарын айта келіп, ең шетінде тұрған бас кейіпкерді мүлдем танымайтынын, оның бұл топта жоқ екенін айтады. Яғни, бас кейіпкердің жақсылығы осы тұста алдынан шығады. Бас кейіпкер «Аға» қылмысқа қатысы жоқ деп танылып, бостандыққа шығады. Молданың қасына қайта барады.

Ақыры бас кейіпкердің қателігінен мешіт ғимараты басқа адамның қолына өтіп, құжаттар рәсімделіп жатады. Осы кезде ұзақ жыл бір ауылға қызмет еткен молда жүрек талмасына ұшырап, аяғы да сырқаттанып арбаға таңылады. Молда жағдайды байқап: «Бұл мешіт біздікі емес енді, кеттік», – дейді. Бас кейіпкер ол уақытта имандылық жолына шын ықыласымен түсе бастаған. Ауыл мешітінің саудаға түсіп жатқаны жанына батып, имандылық үйін қайтарып алуды ойлайды. Мұны балам деп бауырына басқан ананың гаражындағы судай жаңа машинаны қожайынға беріп, мешітті сатылудан сақтап қалады. Қолына мешіттің құжатын алып, қуанып келе жатқанда алдынан мейірбике қыз шығады. Сол қыздан молданың бақилық болып кеткенін естиді. Бас кейіпкер қайғыдан қан жұтады. Өзін сарғая күткен анасы да есіне түседі. Бір ойланарлығы, марқұм болған молда сол ауылдың барлық жаназасын шығарса да, оның жаназасын шығаратын діни сауатты кісі жоқ. Жұрттың бәрі бас кейіпкерге: «Сен молданың көмекшісісің. Сен шығарасың жаназаны», – деп қинайды. Осындай ауыр сәт туады. Ал, бас кейіпкер мешітке келіп, бұл тығырықтан шығара көр деп Аллаға жалынады. Көп өтпей тілегі қабыл болып, сол күні ауылға жаңа имам тағайындалады. Жаназаның шаруасын да сауатты имам атқарады.

Бұл фильмнен нені ұғынамыз? Қандай шектен шыққан бұзақы, дүниені уысыңда ұстап тұрған адам болсаң да, Жаратушы алдында дәрменсізсің. Қандай ауыр іс жасасаң да, шын өкініп, шын кешірім сұрасаң, Жаратқанның кешірімі мол. Қандай қиын сәтте де Алла қаласа, істің оңға қарай басуы – мүмкін жағдай. Имандылық деген – жақсы жолмен жүру, адамдарға жақсылық жасау, өмірдің мәнін түсіну. Фильм барша көпшілікке үлкен ой салады.

БАҚ өкілдеріне қысқаша сұхбат берген «Өнер қырандары» театрының актері Жанболат Найзабектің айтуынша, туындыны түсіруге 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Фильм кинотеатрларда қойылу арқылы 1 миллиард 100 миллион теңге табысқа қол жеткізген. Енді фильм авторлары бұл қаржыға аннимациялық мультфильм түсіріп жатыр деген ақпараттар бар.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар