«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тенор Амангелді Сембин

Тенор Амангелді Сембин
Ашық дереккөз
«Aq jol» газетінің №19 нөміріне (18 ақпан 2025 жыл) елге әйгілі медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабековтің «Талант тағдыры немесе осы жұрт әнші Амангелді Сембинді біле ме екен?» деген тақырыппен ауқымды мақаласы шықты. Мақаланы оқығаннан кейін қолыма қалам алып, мына жазбаны ұсынып отырмын. Амангелді Сембин туралы осыдан он жыл бұрын «Aq jol» газетінің 2015 жылы 25 шілдеде шыққан нөміріне онымен қалай кездескенім туралы жазған едім. Сол мақаладан үзінді келтіргенді жөн көрдім.

1978 жылы қараша айының жиырмасына таман мені күзгі семестрге Алматыға шақырды. Ол кезде мен Алматы технология институтында сырттай оқитынмын. Алматы қаласындағы «Қазақстан» (қазіргі «Жетісу») қонақүйіне орналастым. Менімен бір бөлмеде Шымкент қаласынан келген Мақсат атты азамат, ол да сырттай оқитын. Біз орналасқан бөлмеге Алматы қаласында тұратын жерлестері келіп-кетіп жүрді. Олармен таныстым, оның біреуі Бақытжан есімді ақын еді, ал екінші жігіттің аты Тұрар. Мен Жамбыл облысы Шу ауданынан келгенімді айттым. Бақытжан: «Ой, аға, сіз жамбылдық екенсіз, ендеше сізге сол облыстың тумасы, аты елге кең таныла бастаған Амангелді Сембин деген әнші жігітті таныстырайық», деді. Мен оларға сіздерді қонаққа шақырамын, кездесетін күнді айтсаңыздар болды дедім. Сонымен 1978 жылы 30 қараша күні «Ыссық» мейрамханасында сағат 7:30-да кездестік. Мейрамхана ішіне кіріп орналасқаннан кейін бір-бірімізбен танысып, даяшыға тапсырыс бердік. Амангелді Сембин Сарысу ауданы «Жайылма» совхозында 1945 жылы қарапайым жылқышы отбасында дүниеге келген. Оныншы класты бітірген соң, Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде оқуын бастап, одан Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияға түскен. Одан ары оқуын Москва консерваториясының вокалдық факультетінде жалғастырған. Тәжірибе жинақтауды Италия еліндегі Милан қаласындағы дүниежүзіне аты шыққан «Ла Скала» опера театрында өткізген. Әңгімелесіп отырғанымызда Амангелді: «Мен өзімді Миландағы театр ұжымына таныстырғанымда «ұлтым – қазақ, елім – Қазақстан Республикасы» десем түсінбеді. Ол елде Қазақстан туралы ештеңе білмейді екен. Олардың білетіні Совет одағы екен», деп күрсінді. Амангелді әңгімесін жалғап, «Мен өзімді жолы болған азамат санаймын». Себебі «Ла Скала» опера театрында тәжірибе жинақтау есте қаларлық оқиға, мен театрда ән айтудың үлкен мектебінен өттім және қазақ баласының арасында «Ла Скала» опера театрында ән шырқаған тұңғыш қазақ баласымын. Мен Амангелді Сембиннің арқасында Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, атақты сазгер, дирижер Нұрғиса Тілендиев ағамен танысып дәмдес болғаныма ризамын.

Сағындық Ордабековтің мақаласын оқығаннан кейін, есіме біздің көшенің бас жағына Сарысу ауданы «Жайылма» совхозынан көшіп келген отбасы түсті, олармен ораза, наурыз айттарында дәмдес болып жүрміз. Көшіп келген азамат Аманқұл Абилдаұлы Амангелді туралы сұрағанымда, ол «Бұрын төрт кіші колхоз болған. Мен Жон ауылында 1945 жылы дүниеге келдім, ал Жақып ақсақалдың баласы Амангелді Ментас ауылында 1945 жылы дүниеге келген, яғни, біз екеуіміз бір жылғымыз. Төрт ауыл бірігіп Жайылма совхозы құрылды. Біздің отбасымыз 1955 жылы Жайылма совхозының орталығына көшіп келдік. Мен оқуды бітіргеннен армия қатарына шақырылдым. Әскерден келген соң совхозда 37 жыл тракторшы болдым. Малшыларға жем-шөп тасыдым. Одан малшылар жаздық жайлауға көшеді. Мен олардың дүние-мүлкін тасып беремін. Ал, Жақып ақсақал совхозда көп жыл жылқышы болды. Ол кісінің үйінен талай тамақтанып, кейде сол үйге қонатынмын. Жақып ақсақал домбыра тартатын, әсіресе күй тартқанды жақсы көретін. Өнер адамдарының Жақып ақсақалға күй тартқызып, оны үнтаспаға түсіргенін естідім. Бірақ өзім көрген жоқпын». Осы уақытта Аманқұлдың жұбайы Құралай Қалиқызы сөзге араласып былай деді. «Белгілі ақын, сазгер Тынышбай Рахымовтың Алтайдың ар жағынан келген ару туралы әнін білетін шығарсыз. Ол әнді әнші Сәкен Калымов орындайды. Тынышбай маған нағашы, менің шешем оның үлкен әпкелері болады. Тынышбай мен Амангелді бір ата. Амангелдінің анасы Үмсүмды апай. Менің анам төркіндеп барғанда Үмсүмды апай «қыз- ау» деп құшақтап, маңдайымнан сүюші еді жарықтық. Ауылды жерге телефон керек жоқ, яғни бір адам жаңалықты естісе сол күні бүкіл ауыл адамдары хабардар болады.

Осыдан он жыл бұрын мақаламды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен Сарысу ауданының әкімі Бейбітбек Жайлыбаевтан мүмкін болса Амангелді Сембиннің 70 жылдығын атап өтуді сұраған едім. Бірақ одан ешқандай нәтиже болмады. Жақында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өткен жиында мәдениет, жастар мен әлеуметтік сала бойынша мәселелер талқыланды. Осы жиында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай өткен жылы облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтты.

Айта кету қажет, биыл Ш.Уәлихановтың 190, А.Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Н.Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойлары белгіленген. Бұдан өзге өңірде жергілікті қаламгер Елен Әлімжан, Қайырбек Асанов пен Шырын Мамасеріковалардың 80 жылдық мерейтойларын атап өту міндеті тұр.

Осы ретте Жамбыл қаласындағы мәдениет- ағарту училищесінде бірге оқыған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артисі, Италия елінің Милан қаласында әйгілі «Ла Скала» опера театрында ән салған тұңғыш қазақ жерлесіміз Амангелді Сембиннің 80 жылдығы да жоғары деңгейде аталып өтілсе дейміз.

 

Амангелді КЕРІМБАЕВ,

зейнеткер.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар