«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Герефорд, ангус және лимузин...

Герефорд,  ангус және лимузин...
ашық дереккөз
Герефорд, ангус және лимузин...

Облыс шаруашылықтарында 800 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара бар. Аймақтың мал шаруашылық иелері элиталы асыл тұқымды мүйізді ірі қара санын өсірмек үшін репродуктивті шаруашылықты қолға алуда.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, бүгінгі таңда «Сыбаға» бағдарламасы аясында үш шаруашылықта 800-ге жуық мүйізді ірі қара малынан жоғары өнімді ет алу мақсатында «герефорд», «ангус» және «лимузин» тұқымдары өсірілуде. Бұл элиталы мал тұқымдары көнбіс, қазақстандық ауыспалы климаттық ауа райына тез үйренеді. «Лимузин» етті тұқым бойынша екінші, ет сапасы бойынша бірінші орынды иеленеді және бордақылау кезінде 15 айда таза салмағы 450-500 килограмм болады. Ал «ангус» тұқымы мал шаруашылығының өрісті жайылым жағдайы дамыған әлем елдерінде кенінен танымал әрі 15 айлық бордақылауда бұқашықтарының салмақтары 500 килограмға дейін артады. Асырау мен жемдеуде жағдай талғамайды, ауа райына төзімді келеді. Бұл тұқым түрлерінің таза салмақ көрсеткіші Қазақстанда өсірілетін өзге мүйізді ірі қара малына қарағанда анағұрлым жоғары. «2012 жылдан бері Қордай ауданында элиталы мүйізді ірі қара малымен Ирландиядан әкелінген «ангус» тұқымын өсіретін «Қақпатас-Қордай» ЖШС, (Канада елінен әкелінген «ангус» тұқымы) «Бай-Нұр» ШҚ және (Солтүстік Америкадан әкелінген «ангус» тұқымы) «Афион-Қордай» ЖШС шұғылдануда. Одан бөлек, Мойынқұм ауданында «Мойынқұм-Агро» компаниясы құны 5 миллиард теңге болатын ірі жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Жоба аясында 26,6 гектар жер телімі бөлініп, 20 мыңға жуық асыл тұқымды сиыр мен бұқа сатып алынбақ», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев. Облыста «Сыбаға» бағдарламасы бойынша малайзиялық «СмартАгроКаркара» компаниясымен бірлескен жобаны іске асыру үшін жер учаскелері бөлініп, бизнес-жоспар даярланды әрі қаржыландыру көзі де қарастырылды. Бұл жобаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырады. «Сыбаға» бағдарламасы шаруашылықтарға құны 6-7 мың доллар тұратын элиталы көбейтуші бұқаларды сатып алуға мүмкіндік береді, әрине кейбір шаруа қожалықтарының мұндай мал түрлерін сатып алуға қаражаты жеткіліксіз. Мүйізді ірі қараның элиталы тұқымы күн сайын екі килограмм салмақ жинауға мүмкіндігі бар. Осы тәсілмен мал сойысқа жөнелтіледі де 600 килограмм таза ет алынатынын да еске салды А.Нұралиев. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, соңғы үш жылда өңірдің мал шаруашылық саласы қалыпты өзгеріске ұшырап, үш тұқым асылдандыру шаруашылығы ашылып, облыс шаруа қожалықтарындағы мүйізді ірі қара саны 14,4-тен 20,6 пайызға дейін ұлғайды. «Сыбаға» бағдарламасы – «ҚазАгро» холдингінің бастамасы. Аталмыш бағдарлама шаруашылықтарға мүйізді ірі қара малын алу үшін несие алу мүмкіндігін қарастырады. Несиелеудегі жылдық пайыздық мөлшер 6 пайызды құрайды.

Абдалы НҰРАЛИЕВ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар