
Жоба аясында тұрғындар өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін уақытты құрайды. Сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету міндетті саналады. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Өйткені, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті пайдаланып, кәсіп ашқандардың бірі – Мария Қапалбаева.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие алған кәсіпкер Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында жаңа цех ашқан. Шағын цехта тұшпара, шұжық, жайма және манты секілді жартылай дайын тағамдар шығарылады. Кәсіпкер қолға алған жұмысын жүргізу үшін екі адамды жұмыспен қамтып, күніне 20-25 келі өнім дайындауды жолға қойған. Сұраныстың күнделікті артуына сәйкес, өнім көлемі еселене түскендігін атап өткен кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың аясында жұмыс күшін көбейтіп, өнімді сақтау үшін тоңазытқыш пен арнайы техникалар алған.
– Менің кәсіп ашуыма ең басты себеп, бала күнімнен анама қолғабыс етуді, қонақ күтуді жақсы көрдім. Дәмді тағамдарды жасауды ұнатамын. Осы қызығушылығымның арқасында міне, кәсіп аштым. Жеңілдетілген несие алдым. Негізгі жұмысым ұстаздықты ұмыт қалдырмадым. Қасыма көмекші қыздарды алып, жұмысымды жеңілдеттім. Оның үстіне арнайы техникалар әкеліп, орналастырдым. Техникалармен еңбегіміз жеңілдене түсті. Өзім қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысамын. Іс-шараларға барып жүріп, мемлекеттік бағдарламаларды жиі еститінмін. Кейін өзім неге кәсіп бастамасқа деген ойкелді. Көп ойланбай жұмысқа кірісіп, бастап кеттім. Туыстардан, ауылдастардан алғашқы тапсырыстарды ала бастадым. Кейін дайын өнімдер өтетініне көз жеткізіп, бастаған ісімді ары қарай да ілгерілетуді ойластырдым, – дейді іскер әйел.
Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 25 азамат жеңілдетілген несие алса, биылғы жоспар бойынша 15 адамға қаражат бөлінген. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбайдың сөзінше, биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық берілген. Бұл бағытта бірінші кезде ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, агроөнеркәсіп өнімдерін өңдеу және экспорт көлемін арттыру қолға алынған.
– Цехты ашпастан бұрын қалай болар екен деп қобалжығаным рас. Бірақ жақындарым қолдау көрсетті . Біздің өнімдер үй рецептісі бойынша дайындалады, өнім табиғи таза өнімдерден әзірленеді. Оған жергілікті жердегі мал – сиыр, жылқы, қой еті, отандық ұн қолданылады. Қосалқы қоспалар қолданылмайды. Бұл – біздің басты ұстанымымыз. Қандай іс бастау үшін ең бірінші ниет пен төзімділік қажет екен. Ал, кәсіп бастауға жас кедергі емес екеніне өзімнің көзім жетті. Дайындаған өнімдерді көпшілікке ұсынудың өзіндік тәсілдері де бар екен. Оны арнайы курстарға қатысу арқылы үйрендім, – дейді Мария Қапалбаева.
Қазір кәсіпкердің өнімдері тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Алдағы уақытта кәсіпкер өнімінің көлемін ұлғайтып, үй ішінен ашылған цехты кеңейтуге ниетті екендігін жеткізді.
Жалпы «Ауыл аманаты» жобасының аясында өңірде 2023-2024 жылдары 25,5 миллиард теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылған. Алдағы уақытта жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтарды, құрылыс, кондитерлік және тігін цехтарын ашуға бағытталған жобаларды қаржыландыру жоспарлануда. Осы бағытта биылғы жылы шағын несиемен 1500 адамды қамтамасыз ету көзделген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
«Asar Baspana» қаржы пирамидасының құрығына 86 мың адам ілінген
- 13 наурыз, 2025
Ақпарат
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Жамбылда жазасын өтеушілер Алғыс айту күнін атап өтті
- 1 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді