«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бөліп төлеудің бейнеті көп

Бөліп төлеудің бейнеті көп
Ашық дереккөз
Бүгінде бүкілхалықтық сатып алу науқаны еліміздегі маңызды оқиғаға айналды. Бұл кезде өмірімізді жақсартатын заттарды тиімді сатып аламыз және қазақстандық кәсіпкерлер сату көлемін арттырады. Осының арқасында елімізде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Ендеше елдің айтып жүрген бүкілхалықтық тиімді саудасы шыныменен тиімді ме? Әлде бұл бір маркетингтік тактика ма? Былай қарасаңыз сатып алушы да риза. Сатушы да дән риза.

100 мыңнан астам дүкен осы тиімді сауда басталғанда әжептәуір жетістікке жетіп, сауда көлемін арттырды. Жақында ғана елімізде 14 және 16 ақпан аралығында дәстүрлі оныншы «Kaspi Жұма» бүкілхалықтық тиімді сауда-саттық науқаны өтті. Күзде әдетте қазақстандықтар қыстық киім-кешек, көліктің доңғалағын, жылыту пештерін, қысқы спорт тауарларын, үйге қажетті тұрмыстық техниканы сатып алады екен. Ал осы науқанда көпшілік көктемгі киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық техникаларға көп шығындалыпты. Үш күнге жалғасқан жеңілдік мерекесінде әркім қалағанын алып, сауданың көркін қыздырып, екі-үш жылдап банктерге қарызға кірді. Kaspi Жұмаға: Adidas, Euromebel, Glasman, Kimex, Lucente, Marwin, Mon Amie, Sulpak, Zeta, «12 месяцев», Қазақювелир, Комфорт, «Мечта» сияқты белгілі брендтер және басқа да еліміздегі барша дүкен қатысты.

– Біз клиенттерімізді тиімді зат сатып алу кезеңі – Kaspi Жұмаға маусым, қараша, ақпан айларында бар-жоғы үш мәрте өтеді. Жазда өткізген науқанымыз біз ойлағаннан асып түсті. Күзгі Kaspi Жұмаға одан да жақсы дайындалдық. Kaspi.kz-тегі интернет-дүкенде қазірдің өзінде 2,5 миллион тауар тегін жеткізу қызметімен ұсынылған. Бүкіл еліміз бойынша 100 мың үздік дүкен сатып алушыларды күтеді. Тұрақты клиенттеріміздің тиімді сатып алуына, ал серіктестеріміздің керемет сауда жасауына тілектеспіз, – деді «Kaspi.kz»-тің басшысы әрі негізін қалаушы Михаил Ломтадзе.

Айтса айтқандай-ақ, жаз айында өткен сегізінші Kaspi Жұма рекорд жасаған болатын. Сол жолы 1 миллионнан астам қазақстандық 2 миллионға жуық түрлі тауар сатып алды. Сөйтіп қазақстандық компаниялардың сатылым көлемі – рекордтық 302 миллиард теңге болған еді. Бұл жолғы қорытынды әлі шықпады.

– «Ақ отау», «Несібелі» жиһаз дүкендері – бұл отандық өндіріс. Яғни, өзіміздің өнім. Бізде жұмсақ жиһаздар яғни матрастар, төсектер және дивандар бар. Kaspi Жұмаға біздің қатысуымыз бірінші рет емес. Kaspi Жұма күндері біздің саудамыз 2-3 есеге көбейеді. Kaspi Жұма өзімізді бренд ретінде ұсыну үшін, отандық өнім ретінде ары қарай өсу үшін тиімді, – дейді «Несібелі» бренді сатып алу бөлімінің аға менеджері Ләззат Қоңырова. Басқа да сатушылар да осы ойды қуаттайды.

– Қазақстан бойынша 29 дүкеніміз, оған қоса тағы да бір интернет магазиніміз бар. Дүкендерімізде үлкен ассортимент ұсынылған. Парфюмериялық, косметикалық брендтер қамтылған. Биыл біздің ассортиментке 60-тан аса жаңа брендтер енгіздік. Kaspi Жұманы біз өте қатты бағалаймыз. Бізге өте ұнайды, бұл – үлкен мейрам. Содан кейін біз оған алдын ала, нақты дайындаламыз, – деп жеткізді «Monаmie.kz» бөлшек желісін дамыту жөніндегі менеджері Нұрғали Абдуллаев.

Иә, сатушыларға тиімді екені екі есе түсінікті. Олардың саудасы әдеттегіден үш есе жүрді. Бір жылға жетер қорын жасап алды десек те болады. Енді сатып алушылар не ойлайды екен?

– Мен үшін өте тиімді. Қарызға алып тұрғанымды, үстіне үстеме баға қосылып тұрғанын да бәрін біліп тұрмын. Есептеп те көрдім. Жеңілдік күндері басталмай тұрып менің алайын деген үстелім 170 мыңнан, орындық 16 мыңнан тұрған. Жеңілдік бастала салысымен үстел 200 мыңға, орындық 20 мыңға шықты. Қазақ болған соң қонақ көп күтеміз. Үлкен үстел мен 20 шақты орындық сатып алдым. Тегін алғандай болдым. Несие тарихымды бұзып алмас үшін ай сайын екі жыл бойы өтеймін. Бұндай мүмкіндік берілгеніне де шүкір деймін. Бір жағы маған – мотивация. Үйім де жайнап қалды. Балаларым да мәре-сәре, – дейді қала тұрғыны Рано Күзенбаева.

Адамдардың пікірі сан алуан. Біреу жеңілдікке қуанып тұрса, екінші біреу халықты есепсіз қарызға кірмеуге шақырады.

Аталған үш күнде курер қызметіндегілердің де жұмысы тәуір жүреді. Нақты айтсақ, жеткізу қызметтерінің де жұмысы көбейеді. Тапсырысты сатып алушының үйіне немесе жақын маңдағы Kaspi Postamatқа жеткізеді. «Kaspi Postamat»-тар бүкіл ел аумағына орнатылған және курьерді күтпестен, сатып алған затты ыңғайлы уақытта алып кетуге болады.

Десек те, қаржы мамандарының пайымдауынша, шынтуайтында, бұл жеңілдіктердің артында үлкен қулық жатады. Халықтың басым бөлігі сол жеңілдіктерден ұтпайды, керісінше, ұтылады. «Жеңілдік» деген сөз адамға айрықша әсер ететінін біздің сауда орталықтары жақсы білетіндіктен, олар ең алдымен заттың бағасын қолдан екі есе көтеріп, артынан бастапқы бағасына төмендетеді.

Жалпы жеңілдік деген не? Акцияның қандай түрлері бар? Барлық дүкендердегі жаңа жыл, наурыз мерекесі қарсаңындағы айтулы жеңілдіктер шынымен адамға жеңілдік сыйлай ма? Бағамдап көрейік. Экономикалық тілде жеңілдік – сатып алу және сату келісімінің жағдайлары, оларда тауардың келісімде көрсетілген бастапқы немесе базистік бағасын кеміту мөлшері белгіленеді деп көрсетілген. Сауда айналымында бұл жеңілдік жәй, күрделі және сериялы жеңілдіктерге бөлінеді. Жәй жеңілдік кезінде сатып алушы төлейтін іс жүзіндегі баға бастапқы бағаның тұтастай белгілі бір пайызға немесе белгілі бір сомаға бір жолғы кемітілуі арқылы белгіленеді. Күрделі жеңілдік бағаның бірнеше рет кемітілуі арқылы жүзеге асырылады. Бізде халықтың құлағын елең еткізетін жеңілдіктің ең дамыған бір түрі – бір зат алсаң, екінші затты тегін сыйға ұсыну. Мұны маркетологтер «1+1» акциясы деп атайды. Ал мамандар тегін затты «тарту» ететіндер туралы оң көзқараста емес. Мұндай «жомарттықты» экономистер жақтырмайды. Сондай жанның бірі – Айсана Тымбаева. Ол – қаржы маманы.

– Мұндай жеңілдік айтулы мерекелер жақындағанда, әсіресе, жылдың соңы Жаңа жыл, Наурыз мерекелеріне орай өте көп болады. Өтпей тұрған тауарды қыстырып, «бір аяқ киім алсаң белдік, не басқа да аксессуарлар тегін» деп өткізіп жібереді. Кейбір дүкендерде жыл он екі ай 70 пайыз жеңілдік жүреді. Қарап бағамдап көрсеңіз, ол не қылған батпан құйрық? Үстіне артық шығынды бағасы қосылғандықтан, екі заттың бағасы шығып тұрғандықтан солай сатады. Сосын жыл соңында шығынмен, қарызбен, қалған тауармен отырғысы келмейді. Сондықтан осындай тактика ұсынады. Бұл әлемдік тәжирибеде бар. Әуелден-ақ адам баласына тегін берілетін заттың бәрі қуаныш сыйлайды. Айталық, кейін қолдану-қолданбауыңыз белгісіз сим-карта берсе де сыйлық деп мәз болуыңыз мүмкін. Осылайша жанында қосымша сыйы бар екен деп аса қажет емес тауарды алып қоюыңыз мүмкін. Маркетологтар адам психологиясын өте жақсы біледі, – дейді ол.

Нарықта бәсеке дамып келе жатқалы маркетингтік тактиканың түр-түрі шықты. Жоғарыдағыдай «1+1» секілді жұмсақ жарнама көрсеңіз «Consumer Promotion» деп біліңіз. Яғни, тұтынушылық маркетингтің бір түрі. Бұл дегеніміз жарнаманың ішіндегі жеке бір бағыт. «Консьюмер промоушн» арқылы клиенттің әлдебір тауар не қызметті ешқандай қысымсыз, көңіл қалауымен алады. Яғни, тұтынушыға түрлі тиімді ұсыныс айтып, соның есебінен әлгіндей эффект туындайды. Онда заманауи әрі тиімді тәсілдің негізінде адам психологиясы жатыр. Осы жерде мынадай салыстырма жасап көрейік. Сізге шаңсорғыш сататын компания күніне бірнеше рет қоңырау шалып, өнімін сатып алуға шақырады. Әр кезде әр түрлі нөмірмен хабарласатын компанияның мазаңызды алатынына ашуланасыз. Өнімін мақтап уақытыңызды алатынын, «енді хабарласпаңыз, алмаймын» десеңіз де тыңдамай қайта хабарласатыны тіпті ұнамайды. Жақсы өнім болса да, әлгіндей жарнамадан соң ол компания туралы ойыңыз жақсы болмауы мүмкін. Ал енді мынадай болса қалай: дүкен аралап жүрсіз. «2 зат алсаң, үшіншісі тегін» деген жазу көріп қалдыңыз. Ешкім сізді «мынаны қалайда ал» деп қинап жатқан жоқ. Бірақ ұсыныстары тиімді секілді көрінді. Онсыз да бір зат алдыңыз, үйге не өзіңізге керек бір затты қоса алайын деуіңіз мүмкін. Бұл жағдайда қысым жоқ. Егер қажет болмаса, онда ұсынысты қабыл алмай, керек затты аласыз да, шығып кете бересіз. Яғни, клиентте таңдау құқығы бар. Бүкілхалықтық тиімді сауда да тура сондай. Ешкімді ал деп қинамайды. Өз қалауыңызбен керегіңізді аласыз. Таңдау еркі бар. Алсаңыз да, алмасаңыз да өзіңіз білесіз.

Елімізде әлі де әр жұма сайын үлкен дүкендерде «Жомарт жұма», «Жасыл жұма», «Қара жұма» деген атпен жеңілдіктер өтіп тұрады. Кейде түнгі жеңілдіктер де қарастырылған. Не десе де қазақ үшін қасиетті жұманың өзіндік орны бар. Маркетологтар осы тұста ұтты десек те болады. Бұл күні шелпегін пісіріп, ата-баба аруағына Құран бағыштап, жұма намазын оқитын игі мұсылман үшін «Жұма қабыл болсын» деуші ек. Енді жұмадағы жеңілдік құтты болсын дейтін болдық...

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА.

Ұқсас жаңалықтар