«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Декретке миллионмен қалай шығады?..

Декретке миллионмен қалай шығады?..
Ашық дереккөз
Наурыз айының басынан бастап декретке миллионмен шыққан қазақстандық 113 әйелге қылмыстық іс қозғалған болатын. Өйткені, бұлардың кейбірі жалған жеке кәсіпкерлік ашып, арты дауға ұласқан еді. 30 шақты әйелдің ісі дәлелденіп, қомақты жәрдемақы алу үшін ресми табыстарын көбейтіп көрсеткен. Тергеп тексеру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Жүктілік – бұл әйел өміріндегі ең әдемі, ең маңызды кезеңдердің бірі. Жүктілігіне жеті ай толғанда әйел декреттік демалысқа шығады. Ал декреттік демалыс ата-ананың бірі бала күтіміне бар уақытын арнайтын кезең. Осыған байланысты қызметтен кеткендіктен, жұмыс орны жалақы төлемейді. Мемлекет декреттік демалыста жүргендерге арнайы әлеуметтік жәрдемақы түрінде көмек көрсетеді. Осы орайда материалдық әл-ауқат туралы сұрақтар туындайды. Соңғы жылдары декретке шығатын жүкті аналарға арналған «Декретке – миллионмен» деген курстар, түрлі бағдарламалар, тренингтер көбейіп кетті. Шын мәнінде миллионмен декретке шығуға бола ма? Болашақ анаға қандай төлемдер төленеді? Бірнеше жұмыс орнынан декреттік демалыс алуға бола ма? Бұл заңды ма?

Иә, келіншектер қуана берсін, декретке миллионмен шығуға болады. Кәсіпкерлікпен айналысатын аналар ай сайын табысын көрсетіп отырса, шын мәнінде кәсіпкер екенін айғақтай алса ол миллионмен декретке шыға алады.

Ең алғашқылардың бірі болып «Декретке – миллионмен» курсын Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев жүргізді. Оның «Dauletten kz» ақпараттық-танымдық порталында осыған қатысты мәліметтер бар. Тіпті арнайы онлайн курс өткізіп, қазақ әйелдерінің көбін қаржылық жағынан сауаттандырып, біразын миллионер етті. Одан соң мұндай онлайн сабақтар қаптап кетті. Қай қалада болсаңыз да онлайн, офлайн кеңес алып, айтқан тәсілдерін қолдансаңыз сіздің де декретке миллионмен шығуыңыз әбден мүмкін.

Декреттік демалыс – отбасы үшін қаржылық қиын кезең. Өйткені, бюджеттің негізгі ауыртпалықтары жұмыс істейтін ата-ананың біреуінің мойнына түседі. Жағдайды жеңілдету үшін мемлекет ата-аналарға және асырап алушыларға әлеуметтік көмек көрсету жүйесін құруда. Бұл жағдайды жақсарту мақсатында елімізде мемлекет таратынан жоғарыда айтып өткендей берілетін бір реттік және ай сайынғы төлемдер бар. Тек декреттік демалысқа шығар алдында декретке миллионмен шығу үшін әрекет етсеңіз болды.

Елімізде барлық жүкті әйелге бірдей төленетін жәрдемақылардан бөлек әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша жәрдемақы алуға мүмкіндік бар. Олар соны пайдаланады. Декреттік демалысқа миллионмен шығу үшін сіздің әлеуметтік аударымдарыңыз кемінде 7 айлық есептік көрсеткіш болу керек. Декреттік демалысқа шыққан кезде айлық есептік көрсеткішіңіз 7-ден асса 1 миллион 200 мың теңге шығады. Оның он пайызы зейнетақы қорына аударылады. Бүгінгі күні әйел аналардың көбісі жұмыс істегенімен қатар, қосымша тәтті-пәтті пісіріп, тігін тігіп, қолөнермен айналысып, саудамен айналысып, түрлі онлайн сабақ жүргізіп тыным таппай әрекет етіп жүр. Осыған орай, олар жүкті екенін біле сала жеке кәсіпкерлігін ашқаны жөн. Солай өз атыңыздан салық төлеп, өзіңізге әлеуметтік төлем мен зейнетақы аударасыз. Декреттік демалысқа шыққан кезде босануға дейінгі жәрдемақы арқылы кеткен шығынды өзіңізге қайтарып ала аласыз. Ал енді жеке кәсіпкерлік ашқысы келмейтіндер басқа адамның дара кәсіпкерлігі арқылы жұмысшы ретінде тіркеліп, зейнетақы қорына табысының 10 пайызын, әлеуметтік сақтандыру қорына 3,5 пайыз және табыс салығы, медициналық сақтандыру бойынша төлем жүргізіп отырса болады.

– Жұмыс істеп жүрген кезде әлеуметтік сақтандыру қорына ақша төлеп отырсаңыз жұмысқа қабілетсіз болған кезде, яғни, сіз декретке үйде баламен отырған кезде сақтандыру қоры сізге ақша бөледі. Босануға дейінгі жәрдемақы зейнетақыдан емес, әлеуметтік сақтандыру қорынан есептеледі. Осыны шатастырмау керек. Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік төлемді жұмыс істемейтін адам төлей алмайды. Сол үшін үйде отырған жұмыс істемейтін ата-аналар декретке жақсы ақшамен шығу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелесіз не басқа бір кәсіпкерге жұмысшы ретінде тіркеліп, төлем жасайсыз. Баса айтамын, әлеуметтік төлем болғанда ғана сіз миллион ала аласыз. Ол үшін ертерек әрекет ету керек. Аяғыңыз ауырлағаннан бастап қимылдасаңыз, өте жақсы. Бес ай салсаңыз 460 мың теңге аласыз. Кешіксеңіз де салсаңыз ұтарыңыз анық, – дейді экономист маман Айсана Тымбаева.

Бүгінде жеке кәсіпкерлікті үйден шықпай-ақ «Kaspi Bank» қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтер бөлімінде аша аласыз. Немесе онлайн түрде Халыққа қызмет көрсету орталығынан ЭЦҚ алып egov.kz сайты арқылы тіркей аласыз. Екінші жолы Мемлекеттік кірістер департаментіне барып, өтініш жазсаңыз жеке кәсіпкерлікті бір күнде тіркейсіз. Тіркей салысымен салық режимін таңдайсыз. Олар: жалпыға бірдей салық режимі, оңайлатылған салық режимі, патент. Егер жеке кәсіпкерлік өз атыңызда болса бұған дейін жүкті әйелдер жалпы ай сайынғы шығын 45000 теңге көлемінде аударып келді. Алайда 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап бәрі өзгерді. Енді декретке миллионмен шығу қиындайды. 49000 теңге зейнетақы қорына, 17 150 теңге әлеуметтік сақтандыруға аударасыз. Осыған дейін 7000 теңге зейнетақыға, 17150 әлеуметтік сақтандыруға аударатын. Енді жалпы сомма шілдеден бастап 67 мыңнан асады. Өйткені, 1 шілдеден бастап әлеуметтік кодекс күшіне енді. Иә, салатын ақшаңыз көбейді, дегенмен тууға дейінгі алатын ақшаңыз артығымен болмақ. Бұл дегеніміз бір миллионнан да жоғары алуға болады деген сөз.

– Жай декреттен бай декретке шығу үшін жаңа енгізілген заңнан қорықпау керек. Салықтан қашпай, төлемдерді уақытылы төлеп отыру керек. Кейбір қыз-келіншектер алаяқтың арбауына түсіп қалып жатыр. Біреуге сал деп бермей-ақ ақшаны «Kaspi Bank» қосымшасы арқылы «Төлемдер» бөліміне өтіп төлеуге мүмкіндік бар. «Instagram» әлеуметтік парақшасында мұндай оқуды үйрететін шеберлердің марафон оқулары тым көп. Тек адалын таңдаған жөн. Халықтың сауатты болуы – ол өте жақсы жағдай, – дейді қаржыгер Гүлмира Қарасайқызы.

2023 жылдан бастап максималды декреттік төлем көлемі 1 852 200 теңге. Декреттік демалыс пен әлеуметтік төлемді алу үшін жүктіліктің 30 аптасында, ядролық сынақ жүргізілген аумақтарда немесе егіз, үшем, төртемдерде 27 аптадан бастап шығады. Декреттік демалыс 126 күнге созылады. Жүкті әйел босануға дейінгі әлеуметтік көмекті, босанғаннан кейінгі баланың 1,5 жасқа дейінгі төлем және бала санына байланысты бір жолғы жәрдемақыны алуға құқылы. Бастапқыда айтқандай, жеке кәсіпкерлігі жоқ, жұмыс істемейтін аналар босануға дейінгі ақшаны алмайды. Одан кейінгі бір жолғы жәрдемақы ол мемлекеттің баланы тууыңызға байланысты беретін «көрімдігі». 2023 жылдан бастап бала күтімінде отырған аналардың жәрдемақысы бала бір жарым жасқа толғанша созылды. Және айта кетерлігі 4 немесе одан да көп балалары бар аналарға ай сайын мемлекет тарапынан төленеді. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты жәрдемақы өсіп отырады. Нақты айтсақ, 4 балалы анаға – 63 029 теңге, 5 балалы анаға – 78 797 теңге деген секілді. 2023 жылы «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталған аналар деген жаңа статус енгізілді. Соның аясында марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке жетті.

Жүкті әйелдердің барлығы негізсіз кәсіпкерлік ашуға болмайды. Тек шын мәнінде қолынан іс келетін аналар ғана өз кәсібін ашып, декретке табысты шығуы үшін төлем жасаса болады. Үйде бос отырып, ештеңемен айналыспайтын аналарға біріңғай жиынтық төлеудің мүлде қажеті жоқ. Бұл жөнінде Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында жұмыс істейтін Меруерт Сәлменова былай дейді.

– Төлем тағайындау кезінде мұның бәрі тексеріледі. Кімнің қай салада, қалай ақша тауып отырғаны зерделенеді. Сондықтан кез келген кәсіпті белгілеп, жеке кәсіпкерлікті аша салып, төлем жасай беруге болмайды. Дұрыс төленбеген жағдайда қайта қайтарамыз. Тек іскер әйелдер, жасап отырған жұмысымен қатар жеке кәсібін де дөңгелетіп отырғандар міндетті түрде қомақты сома алады, дейді – Меруерт Ошқанқызы.

Қарапайым есеп-қисапқа жүгіну арқылы сіз миллионер бола аласыз. Әрине, бұл тақырыпты ой елегінен өткізбей тұрып «Жеке кәсіпкерлікті ашқан соң кейінгі жұмысы көп» дейтіндер үшін бұл әсте мүмкін емес. Өйткені олардан: «Жеке кәсіпкерлік ашып, жұмыс жасадыңыз ба?» – деп сұрасаң: «Жоқ, солай естігенмін», – деп қысқа қайырады. Сырттан тон пішпей, ішкі атмосфераға кіріп, барлығын ой-елегінен өткізген абзал. Жеке кәсіпкерлік ашарда түсінбегеніңізді сала мамандарынан сұрап, ақыл-кеңеске жүгінген дұрыс. Қысқасы, тегін миллионды сізге ешкім бермейді. Ал, дәл осы соманы алғыңыз келсе қаржы мамандарынан кеңес алып, айтылған ақыл-кеңесті бұлжытпай орындасаңыз болды! Миллион сіздікі.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

Ұқсас жаңалықтар