
Ал, осы жерде туындайтын өзекті мәселе – оқушылардың ораза ұстауына бола ма? Жалпы, ауыз бекіту оларға міндетті ме, әлде сабақ оқу маңызды ма? Жоғары сынып оқушысы сабағына, күнделікті міндеттеріне, ата-ананың тапсырмасына бейжай қарамай және денсаулығына салмақ түсірмей, ауыз бекітуге дайын ба?
Ауыз бекіткен әрбір кісі өзі үшін амал жасайды. Ол амалы үшін басқа біреуге міндет артуына болмайды. Ал, кейбір мектептің оқушылары арасында ауыз бекітіп алып сабақтан жиі сұрану орын алады екен.
Осы орайда, «Ораза ұстаудың балалар денсаулығына зияны, кері әсері бар ма?» деген сауал төңірегінде медицина мамандары, оның ішінде балалар дәрігерлерін сөзге тартқан едік. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының балалар дәрігері-инфекционисті Лиза Тұрғанова өз сөзінде:
«Балалар дәрігері болып еңбек етіп келе жатқаныма 36 жыл болды. Осы уақыт ішінде ораза ұстауға қатысты бірде-бір бала ауруханаға түскен еме с. Бір жағдай ғана тіркелген. Онда да бала мерзімі өтіп кеткен тамақтан жеп қойған жағдай бойынша. Түйіндеп айтқанда, ораза ұстаудың бала денсаулығына кері әсері жоқ. Бірақ, жеткіншектердің тез шаршауы, сабақта әлсіздік танытуы әр балада әрқалай. Ол балалардың ағзасына, көңіл-күйіне, бұрыннан қалыпт асқан денсаулығына, дұрыс және құнарлы аспен тамақтануына байланысты. Сәресіде талқан, жент, ет тағамдары секілді құнарлы асты пайдаланса, баланың мектепте әлсіз болмауына әсер етеді. Сондықтан, мектептің жоғары сыныбындағы балаларға ауыз бекітпе деп айта алмаймыз. Ол баланың ата-анасымен ақылдасып, өзінің ниетімен шешілетін іс. Бірақ, ораза ұстаған баланың мектепке міндеті болмауы қажет. Сабағына да, қоғамдық жұмысына да еркін үлгеріп, барлық талапты орындауға міндетті. Оған мүмкіндіктері де бар», – десе, Талас аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, балалар дәрігері-педиатр Мұратқали Отыншиевтің жауабы да алдыңғы әріптесінен алшақ кете қоймады.
«Баланың денсаулығына ораза ұстаудың тікелей зияндығы жоқ. Дегенмен, мидың қоректенуі сол мезеттерде төмендейді. Бала ашығып, ұйқышыл болады. Сәресіге ерте оянып, ұйқысы қанбайды. Сондай сәтте сабақ үлгерімі төмендеп, мектептегі «мәселелерін» қиындатып алуы мүмкін. Басқа жағынан кері әсерін көрмедім», – деді.
Осы жағдай туралы дін өкілдеріне де хабарластық. Жамбыл аудандық мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев та өз пікірімен бөлісті. «Бұл бір жалқаулық. Оқушының жалқаулығы. Оқушы ораза тұтып жүріп сабағын кілең «беске» оқуы тиіс. Ал, ораза ұстау керек немесе сабақ оқу керек деген таңдаудың қажеті жоқ. Ораза парыз ба, парыз», десе, Жуалы ауданы, «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбеков те әріптестерінің сөздеріне сәйкес пікірлер айтты.
Біз бірқатар мектептің ұстаздарын да сөзге тартып, Рамазан айы кезіндегі жағдайдың барысын білдік. Талас ауданы, Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектеп директорының орынбасары Олжас Несіпбаев
«Біздің мектебімізде де 9-11-сыныптар арасында ораза ұстап жүрген балалар бар. Олар бірақ сабаққа да, қоғамдық жұмысқа да өте белсенді. Тіпті, Бекнұр Қарашай деген баламыз ауыз бекітіп жүріп, облыстық мәнерлеп оқу байқауынан жүлделі орын алып қайтты», – дейді. Ал, тараздық мұғалім Айнұр Қасаболатова: «Менің алдымда он жастағы балалар отыр. Оларға ораза ұстауға ерте деп ойлаймын. Ал, өзім он бес жастағы қызыма да ұрсып, ауыз бекіттірмедім. Ертерек деп ойлаймын», – деді.
Ал, облыс орталығындағы мектептердің бірінде тарих пәнінен дәріс беріп жүрген Шайза Баймұратова «Ораза ұстау – бес парыздың бірі екенін білеміз. Қазіргі уақытта оқушылар арасында ораза ұстау белең алып, кеңінен жайылып кетті. Бұл жерде әркімнің өз түсінігі бар. Дегенмен, өз басым оқушының ораза ұстауын құптай қоймаймын, оған қарсымын. Неге десеңіз, ораза ұстау жаппай сәнге айналған секілді. Оразаны бес уақыт намазын оқып, таза жүріп, таза тұрғандар, аузынан Алласы түспейтін кісілер ұстағаны дұрыс деп ойлаймын. Біздің мектепте де бірен-саран ауыз бекіткен оқушылар бар. Бірақ, олар сабақтан ерте жіберу туралы дәл менен сұранған емес. Негізі, қазіргі қоғам білімді қажет етеді. Жүректері таза болса, көңілдерінде имандылықтың дәні болса, мәдениеті болса, ораза ұстаудың да уақыты келер», – деді.
Тараз қаласының тұрғыны, ардақты әже Үрбағила Нақыпованың да айтары бар. «Жасым жетпістен асты. Ауыз бекітемін. Студент немерелерімнің ораза ұстағанына қарсы емеспін. Олар оң мен солын таныды. Ал, оқушы немерелеріме алдымен денсаулық керектігін, сабақ оқу үшін уақтылы т амақт ану қажеттігін е скертіп отырамын. Мектеп оқушылары ораза ұстауды қаншалықты парыз с анайтынын қайдам, негізінен қызығушылықпен ұстайтын секілді. Бұл менің өз пікірім», – дейді. Ал, ақын Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр да оқушының ораза ұстағанын құптамайтынын айтты. «Қазір ауызашар деп кейбір оқушылар мейрамханаға жиналатын болыпты. Бұл енді ауызашар ма, «вечер» ма? Сынып жетекші қайда, тәртіп қайда? Ондайға кім рұқсат етті. Мұны тіпті бірқатар ата-аналар мақұлдап, құптап отырады. Өз басым бұл тәрбиеге де дұрыс емес деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, оқушы сабақ оқуы керек, ораза ұстап үлгереді», – дейді ол.
Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғыны, ата-ана Гүлзира Бештаева:
«Ораза – мұсылманға парыз ғой. Біз жолдасым Сейітханмен, оқушы қыздарыммен бірге ауыз бекітіп жүрміз. Таңертең бірге сәресі ішеміз. Сәресінің дұрыс болуын назарда ұстаймыз. Перзенттеріміз еш шаршамайды, бұрынғы қалыптағыдай жүреді. Сабаққа да, қоғамдық істе де белсенді. Оқушы балалардың ниеті болса, ауыз бекітпеңдер деген дұрыс емес деп ойлаймын. Оларды қадағалауға, ораза ұстаймын десе жағдайын жасауға ата- ана міндетті деп білемін. Жылына бір келетін, айлардың сұлтаны Рамазанға қалайда құрметпен қарағанымыз жөн», – деді.
Қалай болғанда да жылына бір келетін Рамазан айын құрметтеген абзал. Оның артықтығы жоқ. Ал, оқушы балалардың денсаулығы, сабаққа еркін үлгеруі – бәрінен маңызды. Оразаға шамасы келсе ұстағаны жөн. Бірақ, сапалы білім алу мен тәртіпке бағыну, ата-ана мен ұстаздарды тыңдау – ең маңызды іс екенін ұмытпағанымыз дұрыс.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді