
Ол Сарысу ауданы, Түгіскен ауылында туып- өскен. Такси жүргізушісі боламын деген ой әуелі Дариғаның ойына келмеген. Көңілін басқа түрлі арман, мақсаттар әлдилегені анық. Түгіскен орта мектебін және Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжін орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беруші мұғалім мамандығы бойынша бітіріп шығады. Дипломын алған соң ауылына оралып, Түгіскен орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істегенде ата-ананың да, шәкірттердің де құрметіне бөлене бастаған кез. Қызыққа толы екі жыл. Кейіннен Жаңатас қаласына тұрмысқа шығып, ұстаздық қызметін аталған шаһарда жалғастыруы өз мамандығына деген адалдығы болса керек. Мұнан соң отбасылық жағдайымен, туған ауылы Түгіскенге қайтадан көшіп барып, мектепте жұмыс істеп жүреді. Сол білім ошағында жүріп, жеңіл көлік сатып алып, жүргізіп үйрене бастағанда да ауыл тұрғындары таңғалыпты. Қандай іске де бар ынтасымен бейім тұратын зейінді келіншекке автокөлік жүргізу аса қиынға соқпаған сияқты. Арада бірер жыл өткенде мектептегі істеп жүрген жұмысынан қысқарып қалады. Сол кезде Дариға Айтмаханбетқызы еш дағдарып қалмай, такси жүргізушісі болуға тәуекел еткен көрінеді. Көлікті ауыл арасында жүргізу бір бөлек те, күн сайын 160 шақырым әрі, 160 шақырым бері қатынап, жолаушыларды тасымалдау мүлдем басқа іс. Теңгесін төлеп мінетін жолаушылардың талабына шыдау үшін де темірдей төзім керек. Мұнан бөлек, ұзақ жолда түрлі жағдайлар болуы мүмкін.
– Сондықтан, такси жүргізушісі болу жұрт ойлағандай оңай шаруа емес. Мойынымызда төрт адамның тағдыры тұрады. Көршілес Талас ауданы, Үшарал ауылының азаматтарымен біргеміз. Ұялы байланыс арқылы бір-бірімізден хабар-ошар біліп тұрамыз. Түгіскен ауылынан Жаратушы жол берсе таңертеңмен Тараз қаласына шығамын да, кешке ауылыма қайтадан жетемін. Ауылға қайтатын адам болмаған күні екі-ақ жолаушы алсам да, қайтамын. Себебі, үйде ұл- қыздарым күтіп отыр. Олардың көпшілігі мектеп жасында. Күнделікті тамақтарын әзірлеп, сабақ үлгерімін қадағалауым керек. Айтпақшы, екі ауылдан автокөлік тізгіндеген жалғыз мен емес. Гүлфайруз Ғазизқызы деген Үшарал ауылының қызы да Тараз қаласына жолаушылар тасиды. Қазір жолға үйреніп те қалды. Тек қыс мезгілінде қиындау. Дегенмен, такси жүргізуші ауылдас ағалардың жүрген ізімен жүріп, Таразға жетеміз. Олар да қыстың боран, ызғарында хабарласып, жанашырлық танытып отырады. Бір жағынан жолаушылар тасымалдау маған ұнайды. Әр күні әр жолаушы. Олардың ішінде әртүрлі мамандық иелері болады. Жол бойы түрлі әңгімелер естіп, әр саладан хабардар болып та отырамыз. Ең бастысы – маңдай тер, адал кәсіп, – дейді такси жүргізуші Дариға Айтмаханбетқызы.
Бұл күнде Дариғаның таң қараңғысынан оянып, Түгіскен ауылының әр көшесінен жолаушылар жинайтынына тұрғындардың көзі үйренген. Шаруасына ерте тұрған ауылдың үлкендері де көңілді.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- 20 наурыз, 2025
Күн мен түн теңелгенде...
- 20 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді