«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекеттік тілге жүйрік, ісіне ұқыпты Карина

Мемлекеттік тілге жүйрік, ісіне ұқыпты Карина
Ашық дереккөз
Біз осынау әскери қалыпта киінген орыс қызын облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен жиындарда көріп жүрміз. Түрлі жиындарда сөз сөйлейді. Қазақшаға жетік. Тіпті, кейбір өз тілін менсінбей жүрген қазақтарды жаңылдырады десек, қателесе қоймаспыз. Біз бүгін мемлекеттік тілге деген құрметі жоғары, Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қауіпсіздік инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Карина Карташова жайлы сөз қозғамақпыз.

Карина Карташова 1998 жылы Байзақ ауданы, Мырзатай ауылында туып, аталған елді мекенде бақытты балалық шағын өткізген. Ұлты орыс болғанымен, үнемі жергілікті ұлттың балаларымен сөйлесе жүріп, қазақ тілін кішкентайынан үйреніп өсіпті. Мектептің жоғары сыныбында оқып жүрген кезінде өзге ұлт өкілдері арасында аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлде алған. Қолына аттестатын алған соң, М.Х.Дулати атындағы университеттің студенті атанып, қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі мамандығы бойынша бітіріп шыққаны – таудай талабының жемісі. Жоғары білім алған Каринаның еңбек жолы азаматтық қорғау саласында басталып кетті. 2018 жылы қаңтар айында аталған салада бағын сынаған жас маман өзінің төтенше жағдайлар саласында еңбек етуге бейімділігі бар екенін дәлелдей білді. Жалпы еңбек өтілі 7 жыл, оның соңғы екі жылында қалалық төтенше жағдайлар басқармасында инженер. Оған қоса азаматтық қорғау лейтенанты деген шені бар. Әрине, 26 жастағы Каринаны лейтенант шені біраз ынталандыратыны белгілі. Жұмыста еңбекқорлығымен, табандылығымен, ұқыптылығымен, жауапкершілігімен көзге түсуде.

Карина Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық бөлімшесінің, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің қоғамдық жұмыстарына жиі қатысып, өзінің белсенділігін көрсетіп жүр. Ол тұрмысқа шығып, екі перзент тәрбиелеп отырған ана.

– Ұлтым – орыс, тілім мен жүрегім – қазақ, Отаным – Қазақстан. Қазақ достарымның жақсылығын, көмегін көп көрдім. Олар әлі де мені қолдап, жетістігіме қуанып жүреді. Сыныптас достарыммен де байланысымды үзген емеспін. Мемлекеттік тілде өзіміз ғана емес, балаларымыз да сөйлеуі керек. Келешекте баламды қазақ мектебіне беріп, университетте де қазақ тілінде білім аламын десе, қарсы емеспін. Себебі, мен қазақ елінің қонақжай пейілін бағалап, кеңдігі мен жомарттығына құрметпен қараймын, – дейді Карина Карташова.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар